Бұл тақырыптың өзектілігін ресми деректер де көрсетеді. ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін өндірістік жазатайым оқиғалардан 584 адам зардап шегіп, 77 адам қаза тапқан. Ал Халықаралық еңбек ұйымы (ILO) әлемде жыл сайын еңбекке байланысты жазатайым оқиғалар мен аурулардан шамамен 3 млн адам қайтыс болатынын атап өтеді. Мұндай статистика қауіпсіздікке «шығын» ретінде емес, тәуекелді төмендетіп, бизнес тұрақтылығын сақтайтын инвестиция ретінде қараудың маңызын айқын көрсетеді.
Осы тақырыпты біз өнеркәсіптік қауіпсіздік пен комплаенс жүйелерін практикада енгізіп жүрген Жәнібек Болатпен бірге талқыладық. Ол — GS Group компаниясының негізін қалаушы: компания 2014 жылдан бері ЖҚҚ өндіру және жеткізумен айналысып, Қазақстанның бірнеше қаласында филиалдар мен өндірістік базалар желісін құрды. Жәнібектің басшылығымен GS Group 1000-нан астам корпоративтік клиентке қызмет көрсетіп, халықаралық стандарттарға сай қауіпсіздік шешімдерін енгізіп келеді.
Егер қауіпсіздікке меншік иесі немесе CFO көзімен қарасақ, логика қарапайым: сіз тәуекелді алдын ала азайтуға инвестиция жасайсыз немесе кейін оның салдарын төлейсіз. Ал салдары көбіне әлдеқайда қымбатқа түседі. Бір ғана оқиға шығындар тізбегін іске қосуы мүмкін: жұмыстың тоқтауы, тексеріс пен тергеу, процестерді қайта қарау, айыппұлдар, өтемақылар, мерзімнің бұзылуы және тапсырыс берушімен қарым-қатынастың әлсіреуі. Капитал сыйымды салаларда — мұнай-газ, құрылыс, өнеркәсіптік монтаж — қателіктің құны ерекше жоғары.
Қауіпсіздік — есеп беру ғана емес, нақты тәуекелді азайту
Кейде қауіпсіздік тек «қағаз жүзіндегі талап» деңгейінде қалып қояды: формалар толтырылады, актілер жасалады, бірақ өндірістегі нақты тәуекелге әсері мардымсыз. Ал тиімді қауіпсіздік жүйесі ең алдымен тәуекелді өлшеуден басталады: қандай қауіпті факторлар бар, ықтимал салдары қандай, қай жерде адам факторы жиі қайталанады, қандай процестерде бақылау әлсіз.
— Өнеркәсіпте «сәттілік» стратегия бола алмайды. Оқиғаның болмауы тәуекелдің жоқ екенін білдірмейді — кейде жай ғана жол болып жүреді, — дейді Жәнібек Болат.
Қауіпсіздіктің инвестицияға айналатын тұсы да осында: компания тәуекелді алдын ала азайтуға бағытталған жүйе құрса, ол өндірістің тоқтап қалу ықтималдығын төмендетеді, персоналдың тұрақтылығын арттырады, тәртіп пен мәдениетті күшейтеді. Нәтижесінде қауіпсіздік «қосымша шығын» емес, операциялық басқарудың ажырамас бөлігіне айналады.
Ең үлкен қауіп — тоқтап қалу және сенімнің жоғалуы
Көпшілік өндірістегі тоқтап қалуды тек «жоғалған уақыт» деп қана түсінеді. Бірақ ірі объектілерде тоқтап қалудың бағасы әлдеқайда жоғары: қайта жоспарлау, техниканы қайта бөлу, қосымша жұмыс сағаттары, келісімшарттық айыппұлдар, мердігерлер тізбегінің үзілуі және тапсырыс берушінің сенімінен айырылу.
B2B нарығында сенім — негізгі капитал. Қауіпсіздік жүйесі әлсіз болса, тәуекел тек жарақатпен шектелмейді: компанияның беделі мен ұзақ мерзімді келісімшарттық мүмкіндіктеріне де соққы болады. Сондықтан қауіпсіздікке салынған инвестицияны «сақтандыру» деп атауға да болады, бірақ бұл пассив сақтандыру емес — бұл өндірісті тұрақты ететін белсенді басқару құралы.
ЖҚҚ — жай ғана «тауар» емес, комплаенс жүйесінің бөлігі
Жеке қорғаныс құралдары (ЖҚҚ) жай ғана сатып алатын тауар емес. Олар өндірістік процестің тәуекел картасына байланып, нақты ортаға сәйкес таңдалуы тиіс: жоғары температура, жалын, химиялық әсер, электростатика, кесу/соғу қаупі, шаң-тозаң және тағы басқа факторлар. Егер спецификация дұрыс болмаса, қымбат құралдың өзі қорғанысты толық қамтамасыз етпеуі мүмкін.
Ірі өнеркәсіптік тапсырыс берушілермен жұмыс істейтін компаниялар көбіне халықаралық стандарттарды «сенім тілі» ретінде пайдаланады: EN/ISO талаптары, өнімнің сәйкестігі, құжаттама, партияның қадағалануы (traceability), сапа бақылауы және жеткізу тәртібі. Бұл тәсіл кездейсоқ сатып алуды азайтып, комплаенсті жүйеге түсіреді.
— Қауіпсіздік тек сатып алумен бітпейді. Нақты нәтиже беруі үшін дұрыс таңдау, стандартқа сәйкестік, сапа бақылауы және жауапкершілік жүйесі болуы керек, — дейді Жәнібек Болат.
Стандарттар бәсекелік артықшылық қалыптастырады
Үлкен жобаларда «арзан ұсынамын» деу жеткіліксіз. Тапсырыс беруші үшін ең маңыздысы — болжамдылық: сапа тұрақтылығы, уақытында жеткізу, құжаттың дұрыстығы, стандартқа сай болуы, тәуекелдің басқарылуы. Өнеркәсіптік қауіпсіздік сегментінде бұл талаптар тіптен қатаң, өйткені бір ғана сәтсіздік өндірісті тоқтатуы мүмкін.
Сондықтан стандарттарға негізделген қауіпсіздік жүйесі компанияның нарықтағы позициясын күшейтеді. Ол қысқа мерзімде «жоғары шығын» сияқты көрінуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде сенімділікті арттырып, ірі клиенттермен тұрақты жұмыс істеуге жол ашады.
— Қауіпсіздік әрқашан тікелей пайда әкелмеуі мүмкін, бірақ ол пайданы сақтайды және бизнесті шығыннан қорғайды. Бұл — тұрақтылық пен сенімге салынған инвестиция, — дейді Жәнібек Болат.
Басшыларға арналған 5 практикалық қадам
Қауіпсіздікті шығын емес, инвестиция ретінде қарастыру үшін компанияларға күрделі реформалардың өзі емес, нақты басқарушылық қадамдар қажет.
- Қауіпсіздікті экономикалық тұрғыда есептеу: сатып алудың құнын ғана емес, тоқтап қалу мен оқиғаның ықтимал құнын бағалау.
- Спецификация арқылы жұмыс істеу: ЖҚҚ-ны «орташа чекпен» емес, тәуекел мен жұмыс жағдайына сай таңдау.
- Комплаенс-процедураларды енгізу: құжат, стандарт, қадағалау, сапа бақылауын жүйелеу.
- Жеткізушіні «жүйе» ретінде бағалау: тұрақтылық, процестер, сапаны ұстап тұру және ірі тапсырыс беруші талаптарына төтеп беру қабілеті.
- Бірінші тұлғаның жеке қатысуы: қауіпсіздік — тек техникалық маманның емес, басшылықтың тікелей жауапкершілігі.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік — бұл тұрақтылыққа салынған инвестиция. Ол «тәуекелді азайтып қана қоймай», келісімшарттардың орындалуын, өндірістік процестердің үздіксіздігін және нарықтағы сенімді қорғайды. Қателіктің құны ақшаға ғана емес, адам өміріне де өлшенетін салаларда қауіпсіздік — ең рационалды инвестициялардың бірі.