ОРАЛ. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Биылғы қыста қатты боран кезінде Жәнібек ауданында жоғалып кеткен қос бірдей адамның мүрдесі екі айдай уақыт өткен соң табылды.
Аудандық ішкі істер бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, Тау ауылдық округіне қарасты Жұмаев елді мекенінде мұғалім болып жұмыс жасаған 1988 жылғы Мәншүк Диярова 1 ақпан күнгі боранға ұшыраған еді. Оның денесі сол елді мекеннен жеті шақырым жерде, теміржолға жақын разъезд маңынан 7 сәуір күні табылды.
Күйгенкөл ауылдық округіне қарасты Бірәлі қыстағында кәсіпкер Қанат Нығметовтің малын баққан 1957 жылғы Ғабдулманмәжит Абдуллин 2 ақпан күні қоймен бірге ығып кеткен болатын. Оның мүрдесі 30 наурыз күні сол елді мекеннен 1 шақырым жерден шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).