Аудандық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Абзал Қаратаевтың айтуынша, биылғы жәрмеңкенің бір ерекшелігі, үш елдің арасында кеден одағының құрылуына байланысты кәсіпкерлердің белсенді жұмыс істеуіне кең мүмкіндіктер ашылды. Сөйтіп, ресейлік азаматтар өздерінде өсірілген жеміс-жидектер мен бақша өнімдерін, құрылыс материалдарын Жәнібекке әкеліп пұлдады. Олардан жәнібектік кәсіпкерлер де қалыспай, өздерінің маңдай терлерімен өсірген көкөніс дақылдарын сауда-саттыққа шығарды. Нәтижесінде аудан халқы дүкендерге қарағанда бағасы әлдеқайда арзан өнімдерді қажетінше сатып алуға қол жеткізді. Осылайша олардың жәрмеңке барысында адам ағзасына аса қажет дәрумендерге бай көкөністер мен жеміс-жидектердің қысқа қажетті қорын дайындап алғандықтары сөзсіз.
Аталған бөлімнің жәрмеңке жөніндегі қорытынды мәліметіне қарағанда, осы мерзімде 70900 келі қияр, 68495 келі қызанақ, 80620 келі пияз, 27240 келі сәбіз, 9329 келі тәтті бұрыш, 8020 келі баялды, 84675 келі картоп, 20860 келі алма, 6075 келі қызылша, 28610 келі орамжапырақ, 43950 келі қауын, 100030 келі қарбыз, 4080 дана жұмыртқа, 147 келі май, сонымен қатар 5000 тюк шөп, 136 тонна жем, 356 бас қой, 443 литр қымыз, 1885 келі қой еті сатылды. Жәрмеңке барысында сондай-ақ түрлі құрылыс материалдары да өз тұтынушыларына жол тартты.