Жәнібек-Орал бағытында автобус қатынай бастады

ОРАЛ. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес Жәнібек-Орал бағытында «Хундай» автобусы қатынай бастады.

Облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы бастығының орынбасары Қазбек Меңеевтің айтуынша, «Қазақстан Елім» ЖШС директоры Қуан Таушанбаев оңтүстіккореялық, 38 жолаушыға лайықталған, бағасы 140 мың доллар тұратын «Хундай» автобусын жеке қаржысына сатып алып, шалғай аудандар тұрғындарының облыс орталығымен қатынауына жағдай жасап отыр. Жәнібектен Оралға дейін жол құны - 2500 теңге.

Қ.Таушанбаевтың сөзіне қарағанда, автобус жүргізушісі күн сайын таңертең медициналық тексеруден өтсе, көлік техникалық байқаудан өтеді. Механик қол қояды. Автобусқа мінген адам сақтандырылады. Тұрғындарға алыс жолға жүруге өте ыңғайлы, қыста іші жылы, жазда терезесінен күн өтпейтін, ішінде кондиционері, теледидары бар шетелдік бұл көлік аудан орталығынан аптаның жұп, Оралдан тақ күндері жүреді. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, бірінші топтағы мүгедектерге және 7 жасқа дейінгі балаларға жол ақысы тегін. Серіктестік Жәнібектен автобус жүргізушісі мен кондуктор сияқты 2 адамды жұмыспен қамтиды.

Аталмыш автобустар облыстың басқа аудандарына да қатынауда.