«Жануарларға қамқорлықпен қарауды қамтамасыз ететін заңның болуы біздің зообақтардың да жұмысына оң әсері етеді. Өйткені зообақтың аумағы шектеулі. Аумағын шексіз кеңейте алмайсың. Оның үстіне әр зообақта жануарлар коллекциясын толықтырып, күтіп ұстаудың жоспары болады. Ал бізге кейде браконьерлерден азат етілген, кейде қарапайым тұрғындар басында қызығып асырап алып, кейін бас тартқан небір экзотикалық жануарларды әкеліп жатады. Бір жағынан оларды қабылдамасақ, обал. Екінші жағынан оларды қабылдасақ, өзіміздің коллекциялық жоспарымыз бұзылады. Осы тұрғыдан алғанда жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң қажет-ақ», - дейді маман.
Зообақ өкілі кейінгі жылдары әлемнің әр түкпірінен әкелінген жануарлар қараусыз қалғанда зообақтарға әкелу әдетке айналғанын айтады.
Оның пікірінше, заңда жабайы жануарлардың қай түрлерін қарапайым тұрғындар үй жағдайында ұстай алатынын нақтылап жазу қажет.
«2020 жылы ғана бізге бірнеше арыстан алып келді. Бәрінің жасы 6 айдан асқан. Яғни, агрессия танытатын жасқа жеткен. Соны байқап, оны үйінде асырап келген адамдар зообаққа өткізіп отыр. Мысалы, біз зообақтың коллекциялық жоспары бойынша шетелден жануар әкелсек, түрлі құжаттар рәсімдейміз. Бір жануарды сырттан кіргізудің машақаты көп. Арнайы маманданған ұйым болсақ та, біраз уақытымыз бен энергиямызды шығындаймыз. Ал жеке азаматтардың сол құжаттардың бәрін қалай реттеп, жануарды алып өтетініні түсініксіз. Осы жағынан да заң қатаңдатылуы керек деп ойлаймын», - дейді ол.
Сондай-ақ, Айман Егдебаева заңсыз айналымның құрбаны болған және иесіз қалған жануарлардың проблемасын зообақтардың күшімен шешу мүмкін емес екенін айтады.
Сондықтан, жануарларды оңалту орталықтарын құру қажет деп есептейді.
«Бәлкім ол үшін заңға өзгеріс енгізіп те керегі жоқ шығар. Бірақ жануарлардың биоалуандығына жауапты мемлекеттік органдардың саяси шешімі керек. Қазіргі таңда жануарларды оңалту орталығы ауадай қажет», - деді «Алматы» хайуанаттар бағы халықаралық бөлімінің жетекші маманы Айман Егдебаева.