- Біз Қытайдың Шығыс-Қытай теңізінен шығысқа қарай тағы бір құрылғы орнату ниетін білеміз және олардың ерекше экономикалық аумақтары мен құрлықтық бөлігі нақты бөлінбей тұрып, біржақты әрекеттерге барып жатқанына қынжылып отырмыз, - деді ол. Осы ретте ол Қытайға дипломатиялық арналар арқылы қарсылық білдірілгенін атап өтті.
Токио Қытайдың әрекеттеріне байланысты осындай наразылықтарды ұдай білдіріп отырады.
Жапондықтардың пікірінше, Қытай екі елдің ерекше экономикалық аймақтарын бөлетін сызықтың бойында бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жапон үкіметі мұны Қытайдың теңіз түбіндегі кен орындарынан табиғи газды өндіру әрекеті деп санайды. Аталған кен орындарын иеленуге Жапонияның да құқы болуы мүмкін.
Жапон тарапының мәліметінше, Қытай бұл ауданда 20 тұрақты бұрғылау қондырғысын пайдаланып отыр.
Қытай Жапония ұсынған екі елдің экономикалық аймақтарын шектеу сызығын мойындамайды және бұл сызық әлдеқайда шығысқа — Жапонияның оңтүстігіндегі Окинава аралына дейін өтуі керек деп есептейді. Халықаралық құқыққа сәйкес, мұндай даулы мәселелер екі ел арасындағы келісім арқылы шешілуі керек.
Айта кетейік, 2008 жылы Токио мен Бейжің Шығыс Қытай теңізіндегі газ кен орындарын бірлесіп игеру туралы келісімге қол қойған болатын. Алайда бұл мәселе бойынша келіссөздер 2010 жылғы оқиғадан кейін тоқтатылды. Сол кезде Жапонияның жағалау күзеті Сенкаку (қытайша атауы — Дяоюйдао) аралдары маңында Қытайдың балық аулау кемесін ұстаған. Бұл аралдар Жапония мен Қытай арасында аумақтық дауға себеп болып отыр.
Осыған дейін Қытайдың сирек кездесетін металдарға бақылауды күшейтетіні туралы жаздық.