Жапонияның бизнес өкілдері ЭКСПО көрмесіне келеді

БЕЙЖІҢ-ТОКИО. ҚазАқпарат - Жапанияның астанасы Токиода «Қазақстан: бизнес және инвестиция» тақырыбында бизнес-семинар болып өтті. Шараны Жапон сауда палатасы Қазақстанның Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

Семинар жұмысына 100-ге жуық жапон компаниялары, шағын және орта бизнес өкілдері мен құрамында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілдері, Қостанай және Атырау облыстары әкімдерінің орынбасары бар қазақстандық делегация қатысты.

Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев жиынға қатысушыларға қазақ-жапон ынтымақтастығын дамыту болашағы, Қазақстан экономикасын жаңғырту басымдылықтары мен міндеттері, сондай-ақ ҚР-дағы инвестициялық хал-ахуалы туралы айтып берді.

Ол кезегінде Елші жапон іскер топтарды ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында Қазақстанға барып, әлеуетті серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға шақырды.

Шара барысында жапондық қатысушылар Қазақстанмен бірлескен жобалардың болашағына жоғары баға берді. Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жапондық агенттіктің сарапшысы Қазақстандағы инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларды ілгерлетуге жапон компаниялары түрлі деңгейде қолдаулар көрсетуге дайын екендігін жеткізді.

Сондай-ақ Жапон сауда палатасының өкілі осы жылдың тамыз айында ЭКСПО-2017 көрмесі аясында жапондық компания өкілдерінің Қазақстанға сапарлап баруы және қазақстандық серіктестермен кездесулері жоспарланып отырғандығын хабарлады.