***
Сонымен, елiмiздiң бас газетi « Егемен Қазақстан » басылымы бүгiнгi жарияланымда қазақ мультфильмдерiнiң мәселесiне арналған « Ұрпағымыз қазақ ертегілеріне зәру » атты мақаланы жариялады.
«Өзгенің «өрмекші адамы» мен «тасбақа батырларын», «Маша мен аюды» пір тұтып өсіп келе жатқан қара көз құлыншақтарымыз қазақтың қаһармандарымен қауышар күн болар ма екен деп жүр едік. Қалауымыз табылып, орындалатын секілді. Қазақ аңыздарының белді кейіпкері, күлкі мен тапқырлықтың түп атасы Алдар-Көсе жайлы отыз сериялы алғашқы қазақ мультфильмі дүниеге келді. Және де бұл - жалғыз жаңалық емес!», - делiнген аталған материалда.
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды « Егемен Қазақстан » газетi « Оңтүстік білім мен ғылымның орталығы болуы тиіс » атты мақалада.
«Жалпы, мегаполис орталығы ретінде Шымкент қаласының еліміз бойынша маңызы жылдан жылға арта түсуде. Шымкенттің маңайындағы ауылдардың есебінен қала халқын көбейту жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Оны миллион тұрғыны бар қалаға айналдыруға, қала орталығын бұрынғыдан да көркейтуге мемлекеттен тиісті қаржы бөлінуде. «Облыс орталығы миллионер қала болғаннан кейін ол білімнің де, ғылымның да орталығы болуы тиіс», - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ол оңтүстікқазақстандықтардың басты жетістігінің бірі облыс тұрғындарының орташа өмір сүру жасының 71 жасқа дейін ұзарғанын және медициналық қызмет көрсетуді жақсарту нәтижесінде ана мен баланың өлімі азайғанын атап көрсетті», - делiнедi материалда.
***
« Айқын » басылымы өзiнiң бүгiнгi санында жарияланған « Жаппай диктант жазсақ қайтедi? » атты мақала арқылы кейiнгi кезде сауатсыз жазатын жастардың көбейiп кеткендiгiне қоғам назарын аударуға тырысқан.
«Жастарымыздың арасында жазу мәдениетінің төмендігі байқалып қалады. Мұны әлеуметтік желілерде немесе хат жазысу барысында аңғарып жүрміз.
Тыныс белгілерді былай қойғанда, кейбір қарапайым сөздер құлаққа қалай естілсе солай жазылып, түсініксіз «жаңа сөздер» пайда болған. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу міндетіміз деп білеміз» деді «Ақжол» фракциясының депутаттары Үкімет басшысына жолдаған сауалында. Депутаттардың бұлайша үн қатуына соңғы кезде Ресейде көтерілген тың бастамалар ықпал еткен секілді. Өйткені адамдардың қаншалықты сауатты екендіктерін байқап, білімін одан әрі жетілдіруге ынтасын күшейтуге бағытталған халықаралық «Жаппай диктант» шарасы бір уақытта әлемнің 45 елінде нәтижелі өткізіліп келеді екен», - деп жазады « Айқын » .
Газеттiң атап көрсеткенiндей, жаппай диктант жазу 2010 жылы ең үздік ресейлік қоғамдық жоба ретінде танылып, қоғамдық байланыстарды дамыту саласындағы ұлттық сыйлықты иеленген. Сондай-ақ, Ресейде әртүрлі ұлттардың тілдерінде жалпыұлттық диктанттар өтіп тұрады. Белоруссия 2007 жылдың 21 ақпанынан бастап Халықаралық ана тілі күнінде жалпыұлттық диктант жазуды мемлекеттік тілінде жүргізіп келеді. Сондай-ақ мұндай акциялар Польшада, Францияда, Украинада, Қытайда, АҚШ-та кең тараған.
« Айқынның » осы күнгi бетiнде « Оралмандар қоныстанатын аймақтарда оларды тұрақтандыру ҮШІН не ескерілгені жөн? » деген сұрақтың төңiрегiнде бiрнеше қоғам және мәдениет қайраткерлерiнiң пiкiрлерi ұсынылды.
Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмадiлдiң ойы "»оралман мәселесі - үлкен саясат» дегенге сайса, мәдениет қайраткері Құтмағамбет Қонысбай: «Cырттан келетін ағайынды, негізінен, мемлекет құраушы ұлт өкілдерінің үлесі аз аймақтарда тұрақтандыру қажет», - деп отыр. Олардың сөзiне қоғам қайраткерi Әкiм Ысқақ та қосылуда. «Сонау көш қозғалған алғашқы кездерден-ақ, осылай ойластыру қажет еді. Бірақ «ештен кеш жақсы» деп жатады ғой. Рас, аталмыш облыстарда ұлтымыздың саны кем. Соны осы оралмандар арқылы толтырған жөн болар еді. Мұның терең саяси да астары бар», - дейдi ол.
***
« Түркiстан » басылымы « Е уразия одағы: бұл интеграциядан кім ұтады ? » деген тақырыпта мақала жариялады.
Бұл материалға негiзiнен халықаралық және отандық сарапшылардың ұсыныстары мен пiкiрлерi енген.
«Қазақстандағы шекаралық әріптестік қауымдастығының өкілі Марат Шибұтовтың пікірінше, қазіргі қазақстандық қоғамда осынау интеграция турасындағы пікір әрқилы. Себебі, осынау одақтың оң тұстары, болашақ перспективалары жайында аз айтылып жүр. Айталық, «Стратегия-2050» бағдарламасының бағыт-бағдарына халық қанықты. Болашағы бар жоба екеніне көз жеткізді. Еуразиялық одаққа да осындай бағдарлар, осындай бағыт қажет», - делiнген мақалада.
***
Кедендiк одақтың арқасында СҚО-ның Ресеймен өзара сауда айналымы 1,5 есеге артты, деп хабарлайды « Литер » газетi.
«2013 жылы СҚО-нык Кедендiк одақ елдерiмен сауда айналымы 793 млн. долларды құрады, 2009 жылы бұл көрсеткiш 520 млн. теңге шамасында тiркелген», - делiнген хабарламада.
Айта кетейiк, Солтүстiк Қазақстан облысы Ресейдiң Түмен, Омбы және Қорған облыстарымен шектеседi. 2010 жылдан бастап сауда айналымы 15 пайызға артты, экспорт 2,5 есеге өсiп, 76 млн. долларға жеттi. Импорт 8,5 пайызға жоғарылап, 701 млн. доллар болды.