Жарқайың ауданында «Сапалы су» бағдарламасына бюджеттен 263 млн. теңге қарастырылып отыр

КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Жарқайың ауданында ағымдағы жылы «Сапалы су» бағдарламасын іске асыруға бюджеттен 263 миллион теңге қаржы қарастырылып отыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жыл ішінде елді мекендердің ауыз суға деген сұранымын орындауға бағытталған 6 жоба шешімін табатын болады. Осы ретте қазірдің өзінде Далабай, Гастелло, Пятигорск ауылдарында жерасты суын пайдалану жүйесін қайта жарақтау мақсатына республикалық бюджеттен арнайы трансферт ретінде бөлінген қаржының 47 миллион теңгесі игеріліп, тиісті жұмыстар жалғастырылуда. Ал облыстық бюджеттен бөлінген 90 миллион теңге Тассуат, Тасөткел, Зерноградское ауылдарындағы су жүйелерін күрделі жөндеуге жұмсалуда. Маңызды іске жергілікті бюджеттен Тасты-талды, Отрадное ауылдарындағы жерасты су жүйелерін қайта жарақтауға қатысты құжаттар әзірлеуге 11,1 миллион теңге ескерілген. Сонымен бірге Львов ауылында сапалы ауыз сумен қамту мәселесі күн тәртібіне қойылып, құжаттарды дайындау жұмыстары қолға алынды.