Лицензиялау нарықты тазарта ма?
Заң жобасы аясында автомектептерге лицензиялау талабын қайта енгізу көзделіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, мәселе салада ұзақ жылдан бері қордаланып келген.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің сөзінше, соңғы он жылда автомектептер хабарлама тәртібімен жұмыс істеп келді, яғни мекеме ашу үшін уәкілетті органға тек хабарлама жолдау жеткілікті болған.
– Елімізде қазір 727 автомектеп жұмыс істейді. Олар лицензиясыз, хабарламалық тәртіп бойынша қызмет көрсетеді, яғни автомектеп ашу үшін арнайы рұқсат алудың қажеті жоқ, eGov порталы арқылы қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберу жеткілікті. Мұндай жағдайда мемлекет оқу орнының материалдық-техникалық базасын, оқытушылар құрамын немесе оқу сапасын алдын ала тексермейді. Бақылаудың әлсіздігі кейбір автомектептердегі оқыту сапасының төмендеуіне себеп болып отыр, – деді сарапшы.
Осы тұрғыдан алғанда, лицензиялау талаптарын қайта енгізу нарықты жүйелеп, талапқа сай келмейтін ұйымдарды сүзгіден өткізуге мүмкіндік береді. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіби бірлестіктің өкілі Әділ Әлібековтің пікірінше, жаңа талаптар күшіне енсе, автомектептердің едәуір бөлігі жұмысын тоқтатуы ықтимал.
– Меніңше, жартысынан астамы жабылады. Себебі материалдық-техникалық базасы жоқ, оқытушылары мен автокөліктері жоқ ұйымдар кездеседі. Олар тек сертификат сатумен айналысады, – деді Әділ Әлібеков.
Оның айтуынша, қазір автомектеп ашу үшін ІІМ ақпараттық жүйесіне небәрі бес құжат енгізу жеткілікті. Ең бастысы – бұл мәліметтер алдын ала тексерілмейді. Соның салдарынан кейбір ұйымдар арзан бағаға жалған сертификат ұсынып, адал жұмыс істейтін автомектептердің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етіп отыр.
Биометрия мен геолокация: курсанттардың қатысуы қалай тексеріледі?
Өзгерістер лицензиялау талабымен шектелмейді. Құжатта жүргізушілерді даярлау процесін толық цифрлық бақылауға көшіру қарастырылған. Соның аясында курсанттардың сабаққа нақты қатысуын бақылау үшін биометриялық сәйкестендіру мен геолокация жүйесін енгізу ұсынылып отыр.
Әділ Әлібековтің айтуынша, ол автомектептердегі формалды оқыту тәжірибесін тоқтатады.
– Оқушы топқа тіркелгенімен, сабаққа келмей, тек тест жауаптарын жаттап алады. Осыны тоқтату үшін геолокация мен бет-әлпетті тану жүйесі ұсынылып отыр. Курсант телефон арқылы жүйеге кірген кезде оның нақты автомектепте отырғаны тексеріледі, – деді спикер.
Заң жобасы жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде анықтайтын техникалық құралдарды кеңінен қолдануды көздейді. Сонымен қатар медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтардың көлік айдауына жол бермеу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің деректері ІІМ ақпараттық жүйелерімен біріктірілмек. Ал төленбеген айыппұлдары бар жүргізушілерге бірқатар мемлекеттік қызметті алу кезінде шектеу енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Мұндай бастамалардың қажеттілігі саланы тексеру барысында анықталған кемшіліктерден байқалады. Биыл сәуір айында ІІМ аумақтық бөлімшелері автомектептердің қызметіне бақылау жүргізіп, бірқатар заң бұзу дерегін анықтаған. Тексеру нәтижесінде кейбір автодромдарда жол белгілері мен жарықтандыру талапқа сай келмейтіні белгілі болды. Сондай-ақ техникалық ақауы бар көліктердің пайдаланылғаны анықталған.
Бұдан бөлек, міндетті техникалық тексеруден өтпеген және сақтандыру полисі жоқ көліктерді қолданған 59 автомектеп әшкере болды. Соның нәтижесінде 701 оқу тобының қызметі тоқтатылған.
Практикалық дайындық – басты мәселе
Жүргізушілерді даярлау жүйесіндегі түйткілдерді тек бақылауды күшейту арқылы шешу мүмкін емес. Себебі басты мәселе автомектептердің жұмысына емес, оқыту тәсіліне қатысты.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінде теориялық сабақтардың басым бөлігі емтихан билеттерін жаттауға негізделген. Алайда мұндай тәсіл жол қозғалысының нақты жағдайларында дұрыс шешім қабылдауға көмектесе бермейді.
– Жүргізушілерді даярлау тәсілін жаңарту қажет. Дәрісте жол-көлік оқиғаларын талдау, күрделі жол учаскелерін түсіндіру және жиі кездесетін қателіктерді көрсетуге басымдық берілуі керек.
Сондай-ақ Қазақстанда балдық жүйені енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Жүйеде ереже бұзған жүргізушінің балы азайып отырады. Мұндай тәжірибе көптеген елде тиімді құрал ретінде қолданылады, – деді Алексей Алексеев.
Мамандардың пікірінше, автомектептердің тағы бір әлсіз тұсы – практикалық сабақтардың жеткіліксіздігі. Соның салдарынан жүргізуші куәлігін алған азаматтардың бір бөлігі қиындыққа тап болады. Әсіресе қала ішінде қозғалу, көлікті тұраққа қою, жолақ ауыстыру секілді күнделікті әрекеттерде тәжірибенің аздығы байқалады.
– Жаңадан рөлге отырғандар эмоцияға көп беріледі. Телефон қолдану, ән тыңдау, сөйлесу сияқты әрекеттерге алаңдайды. Олар арақашықтық сақтамайды, назарын бір жерге ғана бекітіп алады. Ал көлік жүргізудің артында зор жауапкершілік тұр, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, жүргізушінің жолдағы мінез-құлқына жас ерекшелігі де әсер етеді. Жастар көбіне батыл әрекет еткенімен, қауіп-қатерді толық бағалай бермейді. Ал жасы үлкен адамдарда, керісінше, сенімсіздік пен қорқыныш басым болуы мүмкін. Сондықтан қысқа мерзімді курстарда жол ережелерін жаттатумен шектелмей, қауіпсіз жүргізу дағдыларын қалыптастыруға басымдық беру қажет.
Әлемдік тәжірибе мен құқықтық талап
Жаңа өзгерістер жауапкершілікті күшейтуді де көздейді. Мамандардың айтуынша, талаптарды қатаңдату автомектептерге ғана емес, жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға тырысатын азаматтарға әсер етуі тиіс.
Заңгер Аржан Сәдуақастың сөзінше, алдағы уақытта азаматтар автомектепке тіркелмес бұрын оның ІІМ реестрінде бар-жоғын тексере алады. Ол заңды жұмыс істейтін ұйымдарды анықтауға және күмәнді қызмет көрсететін мекемелерден сақтануға сеп.
– Егер автомектеп жалған сертификат берсе, оған қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Сол құжат арқылы алынған жүргізуші куәлігі жарамсыз деп танылып, азамат көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін, – дейді заңгер.
Оның пікірінше, жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру жүргізуші куәлігін алар сәттен емес, мектеп қабырғасынан басталуы керек. Сондықтан оны білім беру бағдарламасына енгізу мәселесі шет қалмауы тиіс.
– Менің ойымша, жол ережесін 9-сыныптан бастап оқыту керек. Көлік жүргізбесе де әр адам жаяу жүргінші ретінде сауатты болуы қажет, – деп атап өтті Аржан Сәдуақас.
Сарапшылар ұсыныстардың халықаралық тәжірибемен үндесетінін айтады. Көптеген дамыған елде жүргізуші куәлігін алу зор жауапкершілік ретінде қарастырылады және оған қойылатын талап айтарлықтай қатаң.
Мәселен, Германияда автомектептер міндетті лицензия негізінде жұмыс істейді. Арнайы жабдықталған көлік пен кәсіби нұсқаушыларсыз қызмет көрсетуге рұқсат берілмейді, теориялық және практикалық дайындық қатар жүргізіледі. Жапонияда да талап жоғары: автомектептердің жеке автодромының болуы, бекітілген оқу бағдарламасын қолдануы және сертификатталған нұсқаушылармен жұмыс істеуі міндетті. АҚШ-та ережелер әр штатта әртүрлі болғанымен, жүргізушінің практикалық машығын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Сарапшылардың пікірінше, халықаралық тәжірибеде өзін тиімді дәлелдеген мұндай тетіктер Қазақстан үшін өзекті.
QR-код дауы мен реформа
Жүргізушілерді даярлау жүйесін реформалау мәселесі Мәжілісте тек оқыту сапасы тұрғысынан ғана емес, қаржының ашықтығы тұрғысынан да көтерілді. Депутат Мақсат Толықбай автомектептердегі төлем жүйесіне қатысты сұрақ қойып, жиналатын қаражаттың қозғалысына назар аударды.
– Жылына шамамен 670 мың адам жүргізуші куәлігіне тапсырады. Егер әрқайсысы 8,5 мың теңгеден төлесе, жылына 5,6 млрд теңге жиналады. Бұл ақша кімнің қалтасына кетіп жатыр? Ол мемлекеттік бюджетке де, ІІМ жүйесіне де түспейді, – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Мәселеге қатысты Ішкі істер министрлігі қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді.
– Автомектептер мен әкімшілік полиция арасында ешқандай делдал болмауы керек. Бұл жерде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі тиіс. Қажетті шаралар қабылданады, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Осылайша, ұсынылып отырған өзгерістер тек автомектептердің жұмысын реттеуге емес, саладағы ашықтықты арттыруға да бағытталған. Алайда сарапшылардың айтуынша, мәселе бұдан әлдеқайда терең.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, реформаның қажеттілігі жол-көлік оқиғаларының статистикасынан-ақ көрінеді.
– Біз жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан шағын бір қаланың халқындай адамнан айырылып отырмыз. Өткен жылы Қазақстан жолдарында 2330 адам қаза тапты. Меніңше, түбегейлі реформа қажет. Өйткені жүргізушілерді әлі күнге дейін 50-70 жыл бұрынғы тәсілдермен оқытып келеміз. Өзім 30 жыл бұрын жүргізуші куәлігіне оқыдым, сол кездегі емтихан билеттері әлі өзгермеген, – деді сарапшы.
Дегенмен заң жобасындағы барлық бастама бірдей қолдау тауып отырған жоқ. Мәселен, Солтүстік Қазақстандағы жүргізушілерді даярлау ұйымдары қауымдастығының басшысы Виктория Гимельрайх биометриялық бақылау жүйесіне күмәнмен қарайды.
– Біріншіден, бұл адам құқығын бұзады. Екіншіден, кез келген биометрияны айналып өтуге болады. Полиция қызметкері келіп, сабақтың шын мәнінде өтіп жатқанын тексере алады. Бірақ біз жалпы мемлекеттік бақылауға қарсы емеспіз, – деді ол.
P.S. Жалпы, жүргізушілерді даярлау жүйесін жаңартуға қатысты пікірталас жоқ. Мәселе оны қалай дұрыс жүзеге асыруға қатысты болып отыр.