«Облыста ҚР Әкімшілік кодексін бұзу фактілерін анықтау және тоқтату бойынша белсенді науқан жүргізілуде. Саябақтар, базарлар, ойын-сауық орындары тексерілуде. Ағымдағы жылдың 16 маусымына дейін облыс аумағында ұсақ бұзақылықтың 1 523 фактісі анықталды, олар бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 330-бабына сәйкес үштен онға дейін айлық есептік көрсеткіш түрінде айыппұл салынады, немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Қоғамдық пайдалану орындарын ластау бойынша анықталған 1 523 фактінің ішінде 584 адам шекілдеуік шақты, 760 адам темекі шегуге салынған тыйымды бұзды, 663 адамды абаттандыру ережелерін бұзу, соның ішінде аумақтарды ластау үшін жауапкершілікке тарту туралы ескерту жасалды.
Бұл ретте ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексін бұзған 1 218 адамның істері сотқа жіберілді. Сот шешімімен 842 адамға жалпы сомасы 4,23 млн. теңгені құрайтын айыппұлдар салынды, 262 жамбылдыққа қамауға алу жазасы берілді.
Бұдан басқа, жол полицейлері қоршаған ортаны және атмосфералық ауаны ластауға байланысты (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 247 бабы) 222 бұзушылықты және қоқысты жолға тастаудың 156 фактісін анықтады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.