Жарылқап Бейсенбайұлы: Тәржімелік тәжірибе тәлімдері ( Глазурь - шыңылтыр, шефство - мияткерлік, клоун-мәздем)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ана тілі» газетінің алғашқы жылдарындағы мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған терминологиялық тәжірибелері хақында.

1990 жылдың 22 наурызында тұңғыш саны жарық көрген «Ана тілі» газетінің мемлекеттік тілді дамыту, насихаттау және оның қолданыс аясын арттыру бағытында алғашқы кезекте қолға алған бастамаларының бірі - салалық терминдерді қазақшаға бейімдеу болғаны байырғы оқырмандарға жақсы таныс. Кезінде апталықтың бұл бағытын көзі қарақты ғылыми орта мен аудармаға жаны жақын қауым кеңінен қолдап кетті. Олар өздеріне қатысты салалар бойынша ғылыми, ұстаздық жұмыстары барысында пайдаланып жүрген тәржімелік нұсқаларын газетке ұсынып, тәжірибелерімен бөлісе бастады. Ол ұсыныстар редакция тарапынан арнайы ашылған «Тәржімелік тәжірибелер» атты айдар аясына топтастырылып, ауық-ауық жарық көріп тұрды. Сол жылдары газет беттеріндегі терминдерді жүйелеу мәселесі қалың жұртшылық кеңінен араласқан ашық пікірлесулерге ұласты. Бұл әсіресе газет таралымы 111 мың тиражға жеткен 1991 жылдан бастап оқырманға түрткі салған қалаулы тақырыптардың біріне айналды.

«Тәржімелік тәжірибелер» айдарымен берілген сол материалдарды жақында қайтадан бір шолып шыққан кезімізде, авторлар ортаға тартқан көптеген ұсыныстардың арасында әлі де терминком мамандарының назарына ілугуге лайық көптеген жатық атаулардың бар екеніне көз жеткізгендей болдық. Сол себепті де біз «Ана тілі» газетінің алғашқы жылдарында (1990-1993 жж.) газет бетінде ұсыныс ретінде жарияланғанымен, әлі қолданысқа еркін ене қоймай, көзден таса қалып жүрген термин болуға әбден жарайтын сөздер туралы, олардың жарық көрген жылдары мен айларының мерзімдік реті бойынша қайта пысықтап өткенді жөн көрген едік.

 Мәселен, 1990 жылдың 24 мамырында жазушы Смағұл Елубайдың «Тәржімелік тәжірибелер» атты тізбесінде көп терминдер арасында гуманизм сөзіне адампаздық деген аударма ұсынылыпты. Оны қалыптасып кеткен адамгершілік сөзімен қатар қолданса да болар еді деген ой келеді. Канистра сөзіне автор дүңгір сөзін қолай көріпті. Жатық сияқты. Плод - миуа. Біз әдетте оны жеміс сөзімен көбірек атап кеттік, миуаны көп айта бермейміз. Эмоциональный - әсершең. Пайдалануға әбден болады. Вертихвостка сөзінің тұштақай деп аударылғаны да қазақы. 2005 жылы шыққан 70 000 сөзді қамтыған үлкен «Орысша-қазақша сөздікте» (А: Дайк-пресс, 2005. 1148 б. Бұдан былай - сөздік) оның жылмаңдаған деген мағынасы ғана берілген. Сондай-ақ Бақытжан Тобаяқов ұсынған (Ана тілі. 1990. 12 шілде) біраз аударма нұсқалардың арасында насосты - сорап, фонтанды - бұрқақ деп алған тәржімелер де бар екен. Олар қазір осылай бекіді. Дренаж сөзіне қашыртқы деген балама ұсынылған. Ол оңтүстік өңірлерде кеңінен қолданылатын термин. Алайда ол сөздікте ол сорғытқы деп аударылыпты. Дұрысы, ел арасында бар қашыртқы болса керек.

1990 жылдың 30 тамызында Асқарбек Құсайынов ұсынған энергетика терминдеріне қатысты тәржімелік тәжірибелерде отражатель - шағылдырғыш, контакт - түйіспе, клепка - тойтарма баламалары жатықтығымен назарға ілінді. Шағылдырғыш үлкен сөздікте бар болғанымен, кейінгілері әзірше түйісу, тойтару түрінде жүр. Сол жылдың 4 қазанында марқұм Сейілбек Қышқашұлы ағамыз шеф сөзін - мияткер, шефство - мияткерлік, подшефный - дәметкер деп қолданайық деген ой тастапты. Бұл атаулар жоғарыда аталған сөздікте шеф, шефке алушылық, қамқоршылық, қамқорлыққа алынған деп шұбалаңқылау түрде алынған.

Сайрамдық ауыл мұғалімі Кемелбек Құмғанбаев ұсынған терминдер (Ана тілі. 1990. 8 қараша) арасында: крест - айшық (сөздікте аударылмаған. Оны кейде шармық деп те қолданады), рак - бейдауа (сөздікте - қылтамақ, рак, қатерлі ісік деп берілген), массаж - үзу (сөздікте сылау, уқалау ғана бар), рецепт - ішірткі, дәріқағаз (сөздікте - рецепт күйінде жүр), процент - пайыз (өзбектер «файз» дейді екен. Терминком тарапынан кейіннен «пайыз» деп қабылданғаны белгілі), мавзолей - сағана (ол қазір «кесене» деп бекіді. Сағананы да ұмытуға болмайды), лаборатория - зертхана (кейіннен осылай қабылданды) сөздері назарға ілігеді.

1991 жылдың 14 ақпаны күнгі санда марқұм жазушы ағамыз Үмбетбай Уайдин гипертония - қантасу (сөздікте - гипертония күйінде жүр), гипотония - қантөмен («ел аузында бар» деп жазады. Ол да сөздікте аударылмаған), командировочная - жолпұл тәржімелерін ұсынады. Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының ұстаздары Ә. Әбдіманапов пен Б.Манақбаевтың «Гидротехникалық терминдер» (Ана тілі. 1991. 26 қыркүйек) атты ұсынысында біраз қажетті тәржімелер ортаға тартылыпты. Олардың дені тікелей мағыналық аудармалар болғанымен, ара-арасында қазақы ұғымға жақын біраз сөздер де кездеседі.

Кезінде «Ана тілі» газетінің ұжымын да риза еткен терминологиялық ұсыныстар қатарында біз сол кездердегі Қарағанды политехникалық институты Жезқазған бөлімінің доценттері Ғ. Ақпанбеков пен С. Әбеевтің 1992 жылдың 13 ақпанында жарық көрген «Төл техникалық терминдер» атты мақаласындағы қалың атауларды атар едік. Авторлар техникалық терминдердің қазақ тілінде баяғыдан кеңінен қолданылып келе жатқан төл нұсқаларын тауып, ортаға тартуымен ерекшеленген.

Терминдердің аталуы өте жатық. Мәселен, анкер - қарнақы (ол сөздікте аударылмаған, анкер күйінде), барашка - қосқұлақ (ол сөздікте «қосқұлақ бұранда» деп тұр), бугель - шен (сөздікте жоқ), буртик - буылтық (сөздікте жоқ), вентиль - шұра (сөздікте - вентиль күйінде), вилка - ашауыз (сөздікте жоқ), выемка - ойынды (сөздікте жоқ), галтель - тығырық (сөздікте жоқ), головка - қалпақша (сөздікте жоқ), грат - қылпық, қылау (сөздікте жоқ), диск - делегей (сөздікте жоқ), забивка - пінқан (сөздікте - қағып кіргізу деп аударылған). Кернер - бәдіз (сөздікте жоқ, ол бұрғыланатын нүктеге белгі соғатын слесарлық құрал екен), киянка - тоқпақ (сөздікте жоқ, мағынасы ағаш тоқпақ), коловорот - бәрбі (сөздікте - бұрғы деп аударылған, сверло да бұрғы), крестовина - шаңбақ (сөздікте аударылмаған, «теміржолда пойызды бір жолдан екінші жолға салып жіберетін тетік» деп түсіндірілген), лист - тімсем (сөздікте - табақ деп аударылған), накатка - бүр (сөздікте - білік, цилиндр деп түсіндірілген), обод - име (сөздікте - тоғын, қима, бүкпе, шеңбер), ось - шүлдік (сөздікте - білік, белдік, белағаш, кіндік), прокладка - ным (сөздікте - төсем деп аударылған). Профиль - жанап (кескін деп аударылған), ролик - тығыршық (сөздікте - аунақша, шығыршық, доңғалақша деп аударылған), рычаг - күйенте (сөздікте - иінтірек), стопор - тәтекі (аударылмаған), червяк - тегеріш (сөздікте - бұрамдық), шайба - епелек (сөздікте - тығырық), шарнир - бұлық (сөздікте - топса), штифт - мұрындық (сөздікте жоқ), шток - сояуыш (сөздікте - жоқ), штуцер - жалғауыш, тұқыл (сөздікте - жалғастық), хвостовик - зәйіл (сөздікте ілмек деп аударылған). Сондай-ақ ригель - арыс (сөздікте жоқ), схема - тәсім (сөздікте - нобай, кесте, желі), шпур - оқпан (сөздікте - теспе), шурф - оқпақ (сөздікте аударылмаған), ясный - танық (сөздіктегі - анық, айқын сөздерінің синонимі).

1992 жылғы 4 маусымда Қазақ ауылшаруашылық институтының ұстазы И. Мұхитұлы электротехникалық терминдер сөздігіне қатысты мақаласында: помеха - кіреуке (сөздікте - бөгеуіл, бөгет, кедергі), рубильник - үзгіш (сөздікте - ажыратқыш) аудармаларын ұсынады. Жазушы, кенші ғалым ағамыз, марқұм Ш. Әбдіраманов мырза «Тау-кен саласындағы атаулар» (Ана тілі. 1992. 31 желтоқсан) атты мақаласында анкер сөзіне - қармақ(сөздікте жоқ), бадья - кеңқауға (сөздікте - қауға, қауға шелек), венец - шір (сөздікте бар, внешняя часть шестерни с зубьями), дучка - қума (қазба) - сөздікте жоқ, залежь - сілем, қыртыс (сөздікте - кен, шоғыр), копер - дің (аударылмаған, шахта үстінде көтергіш орнатуға арналған құрылғы), ляда - қақпақ (сөздікте жоқ), насос - сорап (кейіннен сорғының орнына осылай қабылданды,) ствол - оқпан (сөздікте бар) баламаларын ұсынады

Теміржол институтының доценті Е. Исаханов «Құрылыс терминдерінің сөздігі» атты мақаласында (1993. 21 қаңтар): плинтус - кенерелік (сөздікте - еденкемер, ернеулік делінген), подьезд - кіреберіс (қазір осылай қабылданды), черепица - жаппақыш (сөздікте - жабынқыш) тәржімелерін ұсынды.

Маңғыстаудың Шетпе кентінің тұрғыны, зерделі ғалым, өмірден ерте озған Серікбол Қоңдыбай «Терминология түйткілдері қайтсе шешіледі?» атты мақаласында (1993. 4 ақпан) жағырапиялық атаулар туралы сөз етеді. Ол: экватор - үйек (сөздікте аударылмаған), пропорция - балауыр (сөздікте - шамаластық, сәйкестілік, мөлшерлестілік) , разрез - жармасурет (сөздікте - тілме, тілік, қима), масштаб - ауқын (сөздікте - ауқым), гравитация - зілен (сөздікте аударылмаған, бүкіләлемдік тартылыс, деп түсіндірілген), ландшафт - жертарап (сөздікте - көрініс), вектор - сайрақ (аударылмаған), терраса речная - қашат (аударылмаған), графика - кереген (аударылмаған), азимут - бойлан (аударылмаған), складчатость - бүріш (сөздікте - қатпарлы деп аударылған), сондай-ақ әлі аудармалары жоқ: атмосфера - ауақабық, гидросфера - суқабық, литосфера - тасқабық, биосфера - биоқабық баламаларын ұсынады.

Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының доценті Е.Омарұлының техника саласындағы терминдер тізімінен (1993. 25 ақпан): башмак - төсем (сөздікте жоқ), бункер - шанақ (сөздікте жоқ), кожух - құндақ (сөздікте - қаптама), обод - құрсау, собачка - ілмек шаппа сияқты сөздерде ана тілімізге үйлесетін төл ұғымдар бар. Сондай-ақ 1993 жылдың 25 наурызы күні шыққан бір топ маман ұсынған «Баспа терминдері» атты тізбеден: авторство - туындыгерлік, аннотация - аңдатпа, гриф - ентаңба, корректор - түзеткер, оттиск - ізтаңба, редактор - сарашы, эпиграф - ойқазық баламалары оқырман назарын аударды.

Семейлік Е. Сүлейменовтың «Металтану терминдерінің сөздігі» (Ана тілі, 1993. 8 сәуір), Қ. Жарықбаев пен Ж. Наурызбаевтың «Жантану ғылымы саласындағы терминдер» (1993. 22 сәуір), академик Ж. Сыдықовтың «Гидрогеология және инженерлік геология саласы бойынша терминдер сөздігі» (1993. 27 мамыр), Шымкент химия-технология институтының профессоры Қ. Мірпайызұлының. «Көпөлшемдердің химиясы және физикасы аталымдары» (автор полимерді - көпөлшем деп аударған. 1993. 24 маусым), М. Рысбеков пен Р. Шәкенованың «Ақпартану саласындағы атаулар» (онда процессор - санашық деп тәржімеленген. 1993. 15 шілде), Ә. Нұрмағамбетов пен А. Ақыжанованың «Медицина терминдерінің сөздігі» (1993. 22-шілде), М. Әбдешов пен Н. Ахметқызының «Музейтану аталымдары» (1993. 29 шілде) атты тәржімелік ұсыныстары жарық көрді. Олардың арасында негізінен тікелей аудармалар ұшырасатыны, көбі бұрыннан белгілі терминдерді қайталау болса да, ол талпыныстардың сол жылдары салалық терминдер жасау бағытында атқарылған жұмыстарға өзіндік үлес қосқаны да анық.

Бұл жайтты көрнекті ақын, шебер аудармашы, марқұм Мұзафар Әлімбаев ағамыз да өзінің «Сөз жасау өнериеті» (Ана тілі. 1993. 5 тамыз) атты мақаласында атап өтіпті. Көрнекті қаламгер соңғы жылдар бедерінде өте сәтті, орнымен табылған орайлы атаулардың пайда болғанына сүйсінеді. Ізашар - первоткрыватель, ілеспе аударма - синхронный перевод, ауысым - смена, әнұран - гимн, елтаңба - герб, әуежай - аэропорт, әфсана - предание, тәлімгер - наставник, белгіше - значок, бұрқақ - фонтан, көкейкөз - интуиция, көземел - гипотеза... сияқты сәтті атауларды қолдай отырып, автор срочный вкладты - мерзімді салым, бессрочныйды - мерзімсіз, иллюзионисті - көз байлаушы, клоунды - мәздем (масқарампаз емес /сөздікте - майрампаз/) деп алған дұрыс екенін айтады. Витражды - әйнекей (сөздікте жоқ), глазурьді - шыңылтыр (сөздікте - әйнеке), үрмелі музыка емес, үрлемелі музыка, шампанскоені - аққайнар, деп атауды ұсынады.

Сол жылы сондай-ақ Ж. Байнатовтың «Ғимараттар беріктігін есептеуде жиі кездесетін атаулар» (1993. 12 тамыз), И. Мұсабековтың «Құрылыс саласы атауларының сөздігі» (1993. 9 қыркүйек) атты ұсыныстары жарық көрді. Соңғы автордың: втулка - тәлке (сөздікте - төлке), глазурь - шыңылтыр, әйнекей (сөздікте - әйнеке, әшекей, жылтырақ), глина битая - иі қанған балшық, известковое молоко - езілген әк, известковое тесто - жібітілген әк, известь гашеная - сөндірілген әк, колонна - ұстын, обрызг - қара сылақ (сөздікте - жоқ), форточка - желкөз (сөздікте - осылай), шлак - қож (сөздікте - қож) деп тапқан баламаларының төл мағыналарымызға жақындығын атап өтуге болады.

Сондай-ақ Жамбыл темір жол бөлімшесінен жазған Қ. Бегенов пен Ә. Данайдың «Темір жол саласында жиі қолданылатын аталымдар мен сөз тіркестері» (1993. 23 қыркүйек) атты мақаласынан да теміржол саласында әуелден орныққан қазақы атаулар сарынын байқар едік. Онда: тормозной башмак - тежегіш ұлтан (сөздікте жоқ), блокировка - матау (сөздікте жоқ), крестовина - қиылыспа, костыль - дөймық (сөздікте - үлкен /сүре/ шеге), шпал - белдемше (сөздікте - шпал күйінде), шайба - тығырық (сөздікте солай), клемма - баспақ (сөздікте - клемма) деп жатық беріліпті.

Ал академик А. Қошанов пен ф. ғ. д. А. Әбдірахмановтың «Нарықтық экономика терминдерін дұрыс қалыптастырайық» (Ана тілі.1993. 11 қараша) атты мақаласында сол жылдары кеңінен қолданысқа ене бастаған жаңа атауларға мән беріледі. Брокер - брокер, маклер - делдал, посредник - келістіруші, вознаграждение - сыйлықақы, оплата - төлемақы, плата - ақы, платеж - төлем, договор - шарт, контракт - контракт, пакт - пакт, сделка - мәміле, соглашение - келісім, долг - борыш, должник - борышқор, задаток - кепілдеме, задолженность - берешек, кредит - несие, ссуда - қарыз, выручка - түсім, затрата - шығын, издержка - шығым, приход - кіріс, расход - шығыс, прибыль - пайда, расчет - есептесу, учет - есепке алу, убыток - зиян түрінде қабылданса дұрыс болатынын ортаға тартады.

Ақтөбе медицина институтының профессоры Ә. Өтепбергеновтың. «Физиологиялық жаңа атаулар» (Ана тілі. 1993. 23 желтоқсан) атты тізбесінде де терминдерді төл мағынамызға жақындатып аударуға назар аударылады. Осы орайда: агглютиноген - желімтек (сөздікте жоқ), астазия - тәлтірек (аударылмай, көтерем ауру деп түсіндірілген), горячка - елірім (сөздікте қызба, қызу, сандырақтау деп берілген), компресс - сормақта (аударылмаған), нистагм - ойнақшу, популяция - қауымдалыс, спазм - түйілім (сөздікте - спазма, қатты жиырылу, тырысып қалу, қысылу, тарылу, құрысу деп түсіндірілген), тетанус - сіреспе (сөздікте осылай), шок - талықсу (сөздікте - есеңгіреу) тәржімелері ұсынылыпты.

Қорыта айтқанда, «Ана тілі» газетінің алғашқы жылдарындағы терминологиялық тәжірибелері туралы сөз ете отырып, ол бастаманың өз кезінде қазақша термин қалыптастыру ісіне едәуір қозғау салғанын, көптеген жаңа атаулардың орнығуына үлес қосқанын атап өтуге болады. Сонымен бірге авторлар ұсынған кей ұтымды нұсқалардың көзден таса, елеусіздеу қалып қойғанын да байқаймыз. Олардың бірсыпырасының қазақтың терминдік қорын толықтыруға әбден жарайтындығы анық. Қазақша терминдер қатарын әлі де байыта түсу қажеттігі күмәнсіз жағдай. Мұны біз әсіресе, алдағы жылдарда латын әліпбиіне толық көшкенде, ерекше сезінетін боламыз. Сондай-ақ, біздің ойымызша, ақпарат құралдары беттерінде терминжасам мәселесіне орай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Ана тілі» газеті көтергендей, «тәржімелік тәжірибелер» үлгісін жаңаша жаңғырту да қажет сияқты көрінеді. Оны сәл басқашалау түрде, мәселен, баламалары табылмай жүрген терминдерді оқырман назарына жинақтап ұсыну, оларды қалай жатық аударуға болар еді, деген сияқты сауал салу тәсілдері арқылы да жүргізуге болар еді.

Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ,

публицист, ғалым, «Ана тілі» газетінің

1990-1997 жылдар аралығындағы тұңғыш Бас сарашысы