Жас мамандарға қажетті жағдайларды жасауға тиіспіз - А. Баталов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Райымбек ауданы Нарынқол ауылында аймақ кәсіпорындарының инвестициялық жобаларының көрмесімен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Көрмеде «МаруарЖарГолд», «Жадейт», «Қарқара сода», «Казмясо» ЖШС-лары және «Өркен» фермерлік шаруашылығы өз жұмыстарын ұсынды. Кәсіпорындар жұмыстары туралы хабарлап, алтын, көмір өндіру, минералды тұздар мен сода шығару, көкөністің элиталық сорттарын өсіру, сол сияқты асыл тұқымды ірі қара өсіру бағытындағы жоспарлары жайлы әңгімеледі.

Бұл жобалар көрмесі облыс әкімінің өткен жылдың қараша айында ауданға жасаған сапарында берген тапсырмаларының негізінде жасалған болатын. Ол кезде өңір басшысы ауданға инвестиция тарту жұмысының ақсап жатқанын сынға алған болатын. Ұсынылған жобалармен және атқарылған істермен танысқан облыс басшысы ауданның инвестициялық мүмкіндіктерін дамытуға қатысты алға жылжу бар екенін атап өтті.

Мұнан соң Райымбек ауданындағы жұмыс сапары Нарынқол ауылы тұрғындармен кездесу түрінде жалғасып, облыс әкімі кездесу барысында ауданның болашақтағы даму жоспары туралы баяндады.

«Шекаралық аймақтарды дамыту - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдымызға қойған басты міндеттерінің бірі. Өздеріңіз білесіздер, Алматы облысында мұндай шекаралық елді мекендер көп. Сондықтан біз олардың дамуына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Осы мақсатта мен Нарынқол аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуын бағамдау үшін бүгін сіздерге арнайы келіп отырмын. Қазіргі кезде облыстық құрылымдар бұл аймақты дамытудың арнайы жопсраны әзірлеп жатыр. Біз мұнда түрлі әлеуметтік нысандар салып, өнеркәсіп орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл іске халықты қызықтырып, тарту қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашып, жас мамандарға қажетті жағдайларды жасауға тиіспіз. Бұл шаралар аймақтың дамуына тың серпін беретін болады. Әлеуметтік нысандарға да ерекше назар аударылады. Ауруханаға, спорт мектебіне, бас су бөгетіне және басқа да нысандарға күрделі жөндеу жүргізу - бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Алдағы жұмыс ауқымды. Бірақ біз істі сапалы нәтижеге, қолайлы өмір сүруге жағдай жасауға бағыттап отырмыз. Ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар, тек белсенді түрде, жауапкершілікпен, түпкілікті мақсатқа жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана жетістікке жете аламыз», - деді облыс әкімі А.Баталов.