«Жас Отанның» басты мақсаты - Президент пен «Нұр Отанның» жастар арасындағы жақтастарын көбейту

АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының басты мақсаты - Президент пен «Нұр Отанның» жастар арасындағы жақтастарын көбейту.

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының XV съезі аясында өткен «Жастарға сенім арту: болашақ жеңістер стратегиясы» тақырыбындағы секциялық мәжілісте партия жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов айтты.

Оның айтуынша, жастар қанаты жаңарып, жұмыстың жаңа формасына көшу үстінде. Бүгінде жастарды тарту арқылы республикалық және аймақтық деңгейде сараптама жүргізілген. Солардың нәтижесінде «Жас Отанның» аймақтық филиалдарының жұмысы бірінші кезекте жандануда. Қазіргі деректер бойынша 100-ге жуық аудандық филиалдар бар.

«Жаңару туралы сөз қозғаған кезде, біз алдымызға жаңа мақсат қоямыз. Түрлі фокустық топтар мен алаңдардың жұмысы нәтижесінде біз мынадай пікірге келдік: «Жас Отан» бізге ең алдымен Мемлекет басшысы мен партияның жастар арасындағы жақтастарын көбейту үшін қажет», - деп баса айтты Н. Сыдықов.