- Нұрданат Беркінғалиұлы, алдымен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы өңірде қалай жүзеге асырылуда? Осыған тоқталсаңыз?
- «Денсаулық» бағдарламасының негізгі міндеті аты айтып тұрғанындай халықтың денсаулығын нығайту, осы саладағы қызмет көрсету сапасын жақсартуды қарастырады. Бұндағы басты көрсеткіштің бірі ретінде 2019 жылға қарай тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа жеткізу болып табылады.
2017 жылы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыруға 5506,8 млн. теңге, соның ішінде республикалық бюджет тарапынан 5192,3 млн. теңге бөлінді. Осы бағытта миокарданың жіті инфарктісі мен инсульт, жарақаттар, онкологиялық аурулар, әйелді босандыруға жәрдемдесу және балалар денсаулығын қорғау қызметін басқару бойынша денсаулық сақтаудың ықпалдастырылған үлгілерін енгізу жөніндегі өңірлік жол карталары жүзеге асырылуда. Негізгі аурулар бойынша басымдықты қамтамасыз ету және медициналық-санитарлық көмекті жақсарту мақсатында қалалық емханаларда ауруларды басқару бағдарламалары енгізілді.
Жалпы тәжірибе дәрігерлері мен мультидисциплинарлық топтар оқытылып, 500 пациент қамтылды. Бұл бағдарлама созылмалы жүрек ауруы бар науқастарды шұғыл жатқызу санын 19-дан 8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Артериальдық қан қысымы деңгейі көрсеткішінің 12-ден 42 пайызға тұрақтануы, қант диабетімен сырқаттанатындардың 25 пайызында жақсы клиникалық бақылау бар екендігі байқалады.
Облысқа келсек, өңірде ауруларды ерте анықтау скринингтері бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 71951 адам (жылдық жоспардың 56,1 пайызы), онкоскринингке 42895 адам (45 пайыз) тексерілді. Салааралық және ведомствоаралық өзара іс-әрекеттік аясында 76 жалпы білім беру мекемесінде нашақорлық пен мінез-құлықтық аурулардың алдын алу бағдарламасы енгізілген болатын. Бұл бағытта да тиісті жұмыстар атқарылуда. Балалар мен жасөспірімдердің суицидалдық мінез-құлықтарының алдын алу бойынша жол картасын жүзеге асыру бағытында 14 дәрігер-психиатр және 233 жалпы тәжірибе дәрігері оқытылды.
Денсаулық сақтауды ақпараттандыру бағытында облыстың 36 медицина ұйымында онлайн режимінде жұмыс жасайтын медициналық ақпараттық жүйе енгізілді. Бұл қағаз құжат айналымын азайтып, арнайы мамандарға кірушілердің кезегін қысқартуға, денсаулық сақтаудың электронды құжатын одан әрі қалыптастыру үшін дәрілік заттар айналымын, зертханалық және диагностикалық зерттеулерді бақылап отыруға мүмкіндік берді. 2016 жылдан бастап бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында кезекті азайту үшін барлық қалалық емханада электронды тақта орнатылды. Сондай-ақ түрлі сұрақтарға жауап беретін, облыстың 36 медициналық ұйымы қосылған бірыңғай өңірлік Call-орталығы іске қосылды.
Облыста елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша жұмыс медиа-жоспарға сәйкес жалғасуда. МӘМС мәселелері бойынша Cаll-орталықтың барлық мамандары, 1338 дәрігер және 4713 орта медицина қызметкері оқытылды. 2017 жылы ақпараттық-түсіндіру жұмысы бойынша 223229 адамды қамтыған 1362 кездесу өткізілді.
- Биылғы бес айдың қорытындылары, өлім-жітім деңгейі қандай, жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік аурулары, туберкулез сынды кеселдер көрсеткіші, ана мен сәби денсаулығын қорғау жөнінде не айтар едіңіз?
-Жыл басынан бері мың тұрғынға шаққанда, жалпы өлім-жітім көрсеткіші 7,6 пайызға төмендеп, 2,68-ді (2016 жылы осы кезеңде - 2,9) құрады. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болған өлім-жітім 15,4 пайызға (100 мың тұрғынға) азайып, 72,7-ні (2016 жылы - 85,9) құрады. 100 мың тұрғынға шаққанда, туберкулезге шалдыққандар 7,2, өлім-жітім 11,1 пайызға кеміп, сәйкесінше 20,7-ні (2016 жылы - 22,3) және 0,8-ді (0,9) құрап отыр. Қатерлі ісіктерден көз жұмғандар 100 мың тұрғынға есептегенде, 4,7 пайызға төмендеп, 36,3-ті (2016 жылы - 38,1) құрады.
Ал дені сау нәрестені өмірге әкелу үшін алдын ала (1 жылдан кем емес) жоспарлау керек. Ұрпақ өрбітуге жауапкершілікпен қарап, ерлі-зайыптының екеуі де медициналық толық тексеруден (терапевт, окулист, кардиолог, болашақ аналар гинекологтан) өтуі тиіс. Жүктіліктен екі ай бұрын олардың екеуі де күйзеліске түспеуі керек. Жедел жұқпалармен ауыруына, ішімдік ішіп, шылым шегулеріне болмайды. Оған қоса құнарлы тамақтануы қажет. Осындай кеңестерге құлақ қойғанның еш артықтығы жоқ.
- Облыста медицина саласында қазіргі заманғы талаптарға сәйкес озық технологияларды енгізу бағытында не істелуде, кадрлар жетіспеушілігі, олардың біліктілігін көтеру мәселесі қалай шешілуде?
- Жалпы, облыста травматология, кардиохирургия, офтальмология, нейрохирургия, онкология, гинекология бойынша жоғары технологияға негізделген медициналық қызметтің 65-тен астам түрі көрсетіледі. Өңірге білікті кадрларды тарту мақсатында еліміздегі медицина университеттерімен тығыз байланыс орнатылған. Мысалы, БҚО денсаулық сақтау басқармасы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті және С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен меморандум негізінде өзара тиімді жұмыстарды жүргізуге күш сала бермекші. Жоғары білімді медицина кадрларының тапшылығын жою мақсатында медициналық ЖОО-лардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жүйелі қатысып, түлектермен келісу де нәтижесіз болмайтыны анық. Сол секілді дәрігерлердің біліктілігін ұдайы жетілдіру мәселесі ұмыт қалмақ емес.
- Соңғы сауал, биылғы денсаулық сақтау бюджеті қанша көлемде белгіленді, негізгі қаржы қандай мақсаттарға жұмсалуда? Облыста биыл қандай денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілмекші, күрделі жөндеуден өтіп жатқандары ше?
- Биылғы бюджет 15 480 279,0 мың теңгені құраса, соның ішінде республикалық бюджеттен 11 694 103,0 мың теңге, жергілікті қазынадан 3 786 176,0 мың теңге қаралды. Бұл қаржы негізінен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық қызмет көрсетуге және денсаулық сақтау нысандарын қаржыландыруға, сала қызметкерлерінің еңбекақысына, коммуналдық қызметтерді өтеуге, дәрілік заттар сатып алуға, материалдық-техникалық жарақтандыруға, ғимараттар мен бөлмелерді күрделі жөндеуге жұмсалады.
Биыл 1 003 611,0 мың теңгеге 19 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеу жоспарланған болатын. Күні бүгін 14 нысанда шатырын, есік-терезе, жылыту, электр қуатымен қамту, желдеткіш жүйелерін ауыстыру, әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Жәнібек ауданы Өнеге елді мекеніндегі медпункт, Қазталовтың Қайыңдысында дәрігерлік амбулатория, Шыңғырлаудың Алмаз және Тасмола ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттерді күрделі жөндеу жұмыстары мәреге жетті.
Бір сөзбен айтқанда, денсаулық сақтау саласының мамандары бұдан былай да өз міндеттерін заман талаптарына сай, жауапкершілікпен атқара беретін болады.