Технология қалай жұмыс істейді?
Биыл Түркістан облысында жауын-шашынды жасанды көбейтуге арналған пилоттық жоба іске қосылды. Оның мақсаты — су қоймаларын толықтырып, өңірдегі 911 мың гектардан астам егістік алқапты сумен қамтамасыз ету. Ауқымды жұмыстар 17 мамырда басталды.
Жоба БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Бұл мекеме 1980-жылдардың соңынан бері күн райын модификациялау технологияларын дамытып келеді. Қазақстан үшін бұл бастама жаңа тәсілді сынақтан өткізумен ғана шектелмейді. Ол халықаралық тәжірибені игеруге, технология трансферін жүзеге асыруға және салада маман даярлауға мүмкіндік береді.
Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жоба елімізде климаттық технологиялар бойынша жаңа инфрақұрылым қалыптастыруға негіз болады.
— Арнайы ұшақ тек табиғи түрде қалыптасқан жаңбыр бұлттарымен жұмыс істейді. Бұлттардың астына экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тұзды реагенттер шашылады. Бұл ылғалдың кристалдану процесін жылдамдатып, жауын-шашынның түсу ықтималдығын арттырады, — деп түсіндірді Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, операциялар қолайлы метеорологиялық жағдай қалыптасқанда ғана жүргізіледі. Жарамды бұлттарды «Қазгидромет» анықтайды, ал жұмыстар су тапшылығы байқалатын аумақтарда жүзеге асырылады. Әсер ету радиусы шамамен бес шақырымнан аспайды. Сондықтан технология өңірдің климатын өзгертуге емес, нақты бұлт жүйесіндегі жауын-шашынның түсу ықтималдығын арттыруға бағытталған.
Алдын ала есеп бойынша, пилоттық жоба күткен нәтиже берсе, оның экономикалық тиімділігі жылына 35 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл құрғақшылықтан келетін шығынды азайтып, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға және егістіктердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға ықпал етеді.
Алайда жоба іске қосылғаннан кейін қоғамда түрлі пікір айтылды. Әсіресе әлеуметтік желілерде «басқа өңірлерге жауын жетпей қалады» деген тұжырымдар тарады. Мамандар мұндай пікір технологияның жұмыс істеу қағидаты дұрыс түсіндірілмегендіктен пайда болғанын айтады.
Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанованың сөзінше, жобаның мақсаты табиғи жауын-шашынды басқа өңірлерден «алып келу» емес, құрғақшылық қаупі жоғары аймақта табиғи түрде қалыптасқан бұлттардың жауын беру мүмкіндігін арттыру.
— Өткен жылы Түркістанда сегіз айдан астам уақыт жауын-шашын болмаған кезеңдер тіркелді. Соның салдарынан фермерлер қиындыққа тап болды. Біз бірнеше мемлекеттің тәжірибесін зерттеп, халықаралық метеорологиялық ұйымдардың ұсынымдарын зерделедік. Ғылыми зерттеулерге сүйене отырып осы жобаны іске қостық, — деп тарқатты ол.
Әлемдік тәжірибе
Жасанды жауын немесе cloud seeding технологиясы әлемде ұзақ уақыттан бері қолданылып келеді. Ол жауын-шашын көлемін арттырумен қатар, су қорын толықтыруға, бұршақтың алдын алуға және тұманды сейілтуге пайдаланылады.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметінше, бүгінде АҚШ, Қытай, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Үндістан және тағы елуге жуық мемлекет бұл технологияны түрлі мақсатта қолданады.
Ең ауқымды бағдарламалардың бірі Қытайда жүзеге асырылып жатыр. Елде 2014 жылдан бері ондаған мың операция жүргізіліп, жобаға 2 млрд доллардан астам қаржы жұмсалған. Үндістан бұл технологияны ірі қалалардағы ауа сапасын жақсарту үшін пайдаланса, Франция мен Испания бұршақтан келетін шығынды азайтуға басымдық береді.
Соған қарамастан технологияның тиімділігі жөнінде ғылыми ортада ортақ пікір қалыптасқан жоқ. Швейцариядағы Цюрих жоғары техникалық мектебінің атмосфера физикасы профессоры Ульрике Ломанның пікірінше, жасанды жауын құрғақшылықтың түпкілікті шешімі емес. Оның айтуынша, технология табиғи түрде жауын жаууға дайын тұрған бұлттарға ғана әсер етеді. Сондықтан оны су тапшылығын толық шешетін тәсіл емес, қолайлы жағдайда қолданылатын қосымша әдіс ретінде қарастырған жөн.
Пилоттық жоба қалай жүріп жатыр?
Елімізде де бұл технологияның нақты тиімділігі пилоттық жобаның қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, бүгінге дейін Түркістан облысында 11 өндірістік ұшу орындалған. Бұлттық жүйелерге әсер ету жұмыстары негізінен Отырар және Созақ аудандарының аумағында жүргізілген. Қазір әрбір операцияның нәтижесі кезең-кезеңімен сарапталып жатыр.
Ведомствоның хабарлауынша, операциялар кезінде калий хлориді, натрий хлориді және магний қосылыстары негізіндегі реагенттер пайдаланылады. Бұл заттар халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын «бұлттарды себу» технологиясының құрамына кіреді. Сонымен қатар министрлік ауа райын модификациялау технологияларының ұзақ мерзімді әсері әлемде әлі де зерттеліп жатқанын атап өтті.
— Қолданылып отырған технологиялардың халық денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіретіні туралы нақты дәлел жоқ. Түркістан облысындағы пилоттық жоба әдістің тиімділігін бағалауға бағытталған, — делінген министрліктің жауабында.
Эколог, тұрақты даму бойынша сарапшы Лаура Сейілбектің айтуынша, қолданылатын реагенттердің өзі қоршаған орта үшін қауіп тудырмайды.
— Ол ғылыми әдебиеттердегі зерттеулерге сәйкес қоршаған ортаға теріс әсер етпейді. Себебі қолданылатын заттардың басым бөлігі — табиғи ортада кездесетін минералдар немесе соларға ұқсас қосылыстар, — деді эколог.
Министрліктің мәліметінше, жоба әзірге толықтай зерттеу сипатында жүргізіліп жатыр. Операциялар мемлекеттік шекарадан едәуір қашық аумақта өтетіндіктен, көршілес елдерге трансшекаралық әсері жоқ. Пилоттық кезең барысында жиналған барлық дерек ұлттық базаға енгізіліп, кейін ғылыми бағалауға пайдаланылады. Соның негізінде технологияны еліміздің басқа өңірлерінде қолдану мүмкіндігі қарастырылмақ.
Дегенмен мамандар пилоттық жобаның табысы орындалған ұшулардың санымен ғана өлшенбейтінін айтады. Ең бастысы — оның климаттық өзгерістер жағдайында су ресурстарын басқарудың жалпы жүйесіне қаншалықты үлес қоса алатыны.
Лаура Сейілбектің айтуынша, Қазақстан климаттық өзгерістердің салдарын айқын сезініп отырған елдердің қатарында. Жауын-шашынның біркелкі түспеуі, мұздықтардың еруі және құрғақшылықтың жиілеуі ауыл шаруашылығына, экожүйеге және экономикаға тікелей әсер етіп отыр. Сондықтан су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу — уақыт талабы.
— Бұл әдіс су қоймаларын тиімді басқару, су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару сияқты кешенді шаралармен қатар қолданылған жағдайда ғана нақты нәтиже бере алады, — деп есептейді спикер.
Демек, жасанды жауын технологиясы су тапшылығын толық шешетін әмбебап құрал емес. Алайда климаттың өзгеруі күшейіп жатқан кезеңде ол су ресурстарын басқарудың кешенді саясатының бір бөлігіне айналуы мүмкін. Түркістан облысындағы пилоттық жоба осы мүмкіндіктің қаншалықты тиімді екенін көрсететін алғашқы тәжірибе болмақ.