Сонымен қатар ғаламтор арқылы жүргізіліп отырған дәрі саудасының да халықтың жасанды дәрі өнімін көптеп тұтынуына ықпал етуде. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың 42 пайызы дәріні жарнама арқылы тұтынады екен.
Сонымен қатар әрбір екінші отандасымыз дәріні дәрігердің тағайындауынсыз сатып алып, пайдалана беретін көрінеді. Осындай жолмен қолданысқа еніп, үлкен сұраныс көзі болып тұрған препараттардың ішінде салдары адамды жазылмас дертке шалдықтырып, мүгедектікке дейін апарып соқтыратын антибиотиктер бірінші орында тұр.
Жалпы жасанды дәрі және олардың теріс жарнама бойынша ғаламтор арқылы сатылуы Қазақстанның ғана бас ауруы емес. Бүгінгі таңда бұл түйткілді мәселемен әлемнің көптеген елдері бетпе-бет келуде. Мәселен, АҚШ-тың азық-түлік өнімдері мен дәрілік препараттарды бақылау жөніндегі басқармасының деректері жалған әрі сапасыз дәрілердің әлемдік айналымы 75 млрд АҚШ долларына жеткенін айтса, Еуропа бойынша соңғы жылдары 7 млн-нан астам жалған фармацевтикалық өнім саудадан алынған. Дегенмен, жалған дәрілік заттар айналымының 51 пайызы Азия елдеріне тиесілі болып отыр.
Жасанды дәрілік препаратардың осынша деңгейде көбейіп, таратылуының басты себебі, әрине, оның табыстылығында. Бүгінде осындай контрафактілі дәрілерден келетін кіріс есірткі бизнесінен де артық болып тұрған көрінеді. Оңай олжаға құныққан жасанды дәрілерді өндірушілер негізінен дәрілік препараттардан Фарингосепт, Но-шпа, Эссенциале Н форте, Виагра, Плавикс, Мезим форте, Сумамед секілді брендтерді, сонымен қатар антибиотиктерді жасайды. Әртүрлі жағдайда жасырын цехтарда өндірілетін олардың құрамындағы заттардың дені де дәрілік қасиетке ие емес.
Халықаралық деңгейде жасалған сараптама жасанды дәрілер құрамының тек жиырма пайызының дәрілік заттардан, ал қалғанының ұн, әк секілді заттардан тұратынын анықтаған. «Сырқатыма шипа табамын» деген жан оларды тұтыну арқылы ауруына ауру жамап, тіпті, мезгілсіз ажал құшуы әбден мүмкін. Мәселен, жыл сайын Еуроодақ аумағында дәрі-дәрмектің жанама әсерінен 200-ге жуық адам қайтыс болған. Қазақстанда да мұндай фактілер баршылық. Тек соңғы жылдары дәрілердің жағымсыз әсеріне шағымданушылар қатары күрт артып кеткен. Былтырдың өзінде 300-дей адам дәрігерлерге осындай себеппен қаралған.
Жасанды дәрілердің осылайша кең қолданылуына жоғарыда айтқанымыздай, жарнама, ғаламтормен қатар, дәріханалардың жаппай жекеменшік қолына көшуі де ықпал етуде. Сондықтан оларға түсетін, сатылып жатқан өнімдердің қатаң сұрыпталып, тексерілуі барынша қатаңдатылуы қажеттігі жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Министрдің айтуынша, соңғы уақытта бұл тұрғыда біраз шаруаның басы қайтыпты. Бастысы, бақылау, қадағалау шаралары күшейтіліп, жалған дәрі-дәрмекті таратуға қатысты заңнама жетілдіріліп, ол бойынша жазаны қатайту жүзеге асқан. Сонымен қатар бұл жұмысты халықаралық ұйымдармен бірігіп жүргізуге ден қойылуда.
Жалпы, қазіргі таңда елімізде медициналық өнім шығарушыдан тұтынушыға жеткізілгенге дейін жіті қадағаланатынға ұқсайды. Министрдің сөзіне қарағанда, бұл шараның оң нәтижесі бар. Мәселен, соңғы соңғы үш жылда елімізге жеткізілген 1,5 мыңға жуық дәрілік препарат талапқа сай сапасы, қауіпсіздігі мен тиімділігі айқындалмағандықтан, тиісті тіркеуден өтпей қалыпты. Сондай-ақ 1 млн. 300 мың қаптамадан тұратын 97 партия дәрі-дәрмек, олардың ішіндегі 11 мың келіні құрайтын субстанциялар қауіпсіздік пен сапалық бағалауға сай келмегендіктен қолданысқа жіберілмеген.
Елімізде дәрі-дәрмекке қатысты нормативтік құқықтық базаны жетілдіру тұрғысында да пәрмендер қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, ұлттық заңнамаларымызда 2006 жылдан бастап жалған дәрілік заттар жасап, оны таратқаны үшін жауапқа тарту шаралары нақты сипатқа ие болды. Медициналық өнімдерді өндіру, сатып алу, сақтау, өткізу және жарнамалау фактілері бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексте әкімшілік жауапкершілік шарасы белгіленді. Биыл қабылданған Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясында Еуропалық қауымдастықтың тәжірибесіне сай жалған медициналық өнімді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік тағайындалып отыр. Сол секілді еліміз халықтың денсаулығына қауіп төндіретін медициналық өнімдердің жалған түрін әзірлеу және оған қатысты орын алатын қылмыстар бойынша Еуропа Кеңесінің конвенциясына қосылмақ.
Сонымен қатар 2016 жылдан бастап Кедендік одақ аясында жалған дәрі-дәрмектер бойынша өзара ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық орталық жұмысы жолға қойылады.
Алайда, бәрінен бұрын жарнамаға құлай сенетін халықтың фармацевтикаға қатысты құқықтық сауаттылығын көтеру керек. Және бастысы, Қазақстан өзінің дәрілік өндірісін нығайтып, дамытуы керек.
Шиналханов