Оның айтуынша, Өнеркәсіптік саясат туралы заң цифрлық трансформация, индустрия 4.0 технологияларын енгізу, индустриялық инфрақұрылымды дамыту және кәсіпорындарды жаңғырту үшін инвестиция тартуға басымдық береді.
— Бұл шараларды іске асыру нақты нәтиже беріп келеді. Өңдеу өнеркәсібінде кәсіпорындардың инновацияға жұмсаған шығыны 2021 жылмен салыстырғанда төрт жарым есеге өсіп, 1,9 триллион теңгеге жетті, — деп атап өтті Өнеркәсіп министрі.
Геология саласында тереңде орналасқан, дәстүрлі әдістермен анықталмайтын жасырын кен орындарын іздеу үшін инновациялық геохимиялық әдіс енгізілуде. Бұл әдіс жер астындағы металдардың әлсіз іздерін анықтауға мүмкіндік береді.
— Осылайша мамандар пайдалы қазбалардың бар-жоғын анықтай алады. Алынған деректер 2D және 3D модель түрінде шығарылып, перспективті аймақтарды дәл айқындауға мүмкіндік береді, — деді Е. Нағаспаев.
Тау-кен металлургия саласында шикізат өңдеу тиімділігін арттыру және төмен сапалы, техногендік ресурстарды қайта өңдеу үшін инновациялық шешімдер енгізілген.
Мұндай жұмыстар негізінен жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті түрде төленетін 1 пайыздық қаражат есебінен қаржыландырылады. Ал басым бағыттарды Министрлік жанында құрылған Ғылыми-техникалық кеңес айқындайды.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысы өтіп, онда инновацияларды дамыту мәселелері талқыға түседі.