Жастар арасында кәсіпкерлік жайында ақпараттық-насихаттау шараларын көптеп жүргізу қажеттілігі туындауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастарды бизнеске тарту үшін шетелдік танымал бизнес кітаптарды қазақ тіліне аудару шаралары қолға алынды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Қазақстанның жас кәсіпкерлер қауымдастығы төрағасы Мақсат Қожамбек мәлім етті.

«Жастар бүгінде қоғамның белсенді мүшесі. Олардың осындай белсенділігін еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында одан ары қарай арттыру үшін жастардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстыру керек болып отыр. Атап атқанда, жастар өздерінің бизнесін бастаған кезде кейбір кемшіліктер мен кедергілерге тап болады. Осындай кедергілердің алдын алу үшін жастар арасындағы кәсіпкерлік қызмет жайында тиісті ақпараттық-насихаттау шараларын көптеп жүргізу қажеттілік болып отыр»,- деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, осы бағытта «Шабыт» жобасы басталды. Оның аясында шетелдік танымал бизнестік ынталандыру кітаптарды қазақ тіліне аударып, мектеп оқушыларына, студенттерге, бизнесті бастауға ниетті жастарға тарату жұмыстары ескерілген.

«Қазіргі кезде әлемге белгілі үш кітапты қазақ тіліне аударып, өңірлердегі кәсіпкерлік палаталарына, жоғары оқу орындарына, жастарға таратудамыз»,- деді М.Қожамбек.

Сонымен қатар ол кәсіпкерлік саласында үлкен жетістіктерге жеткен еліміздің азаматтарының бизнес-дәрістерін ұйымдастыру шаралары іске асырылып отырғандығын атап өтті.