Жастар басқа жақтан бақ іздемеуі үшін біз өзіміздің құндылықтарымызды көрсете білуіміз керек - Мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметұлы

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Жастар басқа жақтан бақ іздемеуі үшін біз өзіміздің құндылықтарымызды көрсете білуіміз керек. Осындай пікірін айта келіп, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметұлы Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына байланысты өзінің толғамдарын ортаға салды.

- Шалатай Мырзахметұлы, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауының басты ерекшелігі туралы не айтар едіңіз?

- Елбасы жаңа Жолдауда 1997 жылы Стратегия-2030 қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдердің бестігіне енгенін жария етті. Тәуелсіздік жылдары үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Осыдан алты жыл бұрын халыққа арнаған Жолдауында Елбасы әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде жалпыұлттық міндетті алға қойған болатын. Өткен жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51-орынды иеленді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан Қазақстан әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кірді. Мемлекет жан-жақты қалыптасты. Енді осы жеткен деңгейде қалып қоймауымыз үшін Президент жаңа міндеттерді алға қойып отыр.

Желтоқсан айында жария еткен Жолдауында Мемлекет басшысы ел дамуының жеті бағытына жеке-жеке тоқталды. Және де әлемдегі қандай қауіп-қатерлерден қорғануымыз қажет екенін айтты.

Жолдаудың ең басты жаһандық жаңалығы - Қазақстанның 2050 жылы дамыған 30 елдің қатарына енуі. Бұл жаңалықты халқымыз ерекше қуанышпен қабыл алды.

Елбасы Жолдауында көрініс тапқан тапсырмаларды орындау мақсатында Парламентке көптеген заң жобалары келіп түседі. Жаңа заманға сай заңдарды қабылдауда парламентшілер белсенділік танытады деп сенемін. Президент Парламенттің заң шығарудағы негізгі бағыттарын айқындап берді. Құқықтық заңдарды жетілдіру дегеніміз құқықтық қоғамды дамыту болып табылады.

- Заң шығармашылық қызметіңізге тоқталып өтсеңіз? Қандай заң жобалары бойынша құрылған жұмыс тобына жетекшілік жасадыңыз?

- Бесінші шақырылымда Үкіметтен келіп түскен ондаған заң жобаларымен жұмыс жасадық. Оның сыртында еліміздің кейбір заңдарына әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтер мәселелері бойынша толықтырулар енгізуді қарастыратын заң жобасына депутаттармен бірге бастамашылық жасадым. Бұл заң жобасы өткен жылдың соңында Мәжіліс пен Сенаттың талқылауынан өтіп, қабылданды және 2013 жылдың басында Мемлекет басшысы қол қойды.

Елбасы өткен жылғы қаңтардағы Жолдауында электронды үкі­метті дамыту керек екенін баса айтты. «2012 жылдың аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы, соның ішінде лицензиялардың барлық түрлері, тек қана элек­тронды түрде болуы тиіс. 2013 жылдан бастап мемлекеттен барлық рұқсат етушілік құжаттарды да қазақстандықтар электронды түрде немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алуы тиіс»,- деді.

Осы орайда, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзетулер енгізу туралы заң жобасының басты мақсаты - халыққа қызмет көрсетудің жаңа үлгісін енгізу. Жалпы, әлеуметтік маңызы бар 32 іс-әрекет бар. Бұған дейін соның 11-12-сі электронды түрде жүзеге асырылып келді. Ал мына заң қабылданған соң, соның 22-сі электронды түрде жұмыс істеуге көшірілді. Яғни, адам бір-бірін көрмейді, ғаламтор арқылы мемлекеттік қызметтер түрлерін алады. Мұның бәрі халықтың қажетті құжаттарға тез қол жеткізуіне жағдай жасайды. Ең бастысы, сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жол берілмейді.

Бас комитеттің шешімімен біздер үкіметтік заң жобалар бойынша құрылған жұмыс тобына жетекшілік етеміз. Екі шақырылым ішінде бес заң жобасын жүргіздім. Соның ішінде заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелеріне қатысты қолданыстағы заңдарға екі рет түзетулер енгізілді. 2007 жылы өзгеріс енгізіліп, қабылданды. Заман талабы өзгерген соң, заңдарға да түзету енгізу қажет болатыны анық. Енді тағы да аталған заңға толықтырулар енгізілді, қазан айында Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын қараша айында Сенат қабылдады. 2012 жылдың желтоқсанында Елбасы ол заңға қол қойды. Екі заң жобасына да мен жетекшілік жасадым.

- Осы заң жобаларының ішінде қайсысы қиындау болды?

- Соның ішінде заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелеріне қатысты заң жобасына Мәжілістің салалық комитеттері мен жеке депутаттардан толықтырулар мен ұсыныстар өте көп түсті. Жалпы, 250-дей түзету болды, соның ішінде 128 түзету қабылданды. Бәрін бірдей қабылдай алмағанымыздың себебі кейбір түзетулерге Үкіметтің оң қорытындысы қажет болды. Үкіметке бір емес, екі рет хат жазуымызға тура келді. Үкімет бірқатарын қолдап, келісімін берді, ал кейбір баптар бойынша бүгінгі таңда мүмкіндік жоқ екенін мәлім етті. Оның бірі қаржы шығыстарын талап ететін болса, кейбірі басқа заң жобасында ұсынылып жатқанын жеткізді.

Бұл заң жобасы Қазақстанның кез келген азаматына қатысы бар. Әр адам өмір сүру үшін ол жұмыс табуы керек. Жеке патент болып тіркелсе де, кішігірім жұмыс орнын ашса да, заңға сүйенеді. Сондықтан біз оны екі оқылымда қарадық. Заң жобасын қабылдаудың мақсаты - заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкілдіктерін құруды және олардың қызметін жеңілдету. Ол елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар туғызады, халықаралық ұйымдар рейтингісінде Қазақстанның позицияларын жоғарылатады деп күтілуде.

Өзге заң жобалары бойынша 10 шақты жұмыс тобының отырысы болатын еді, ал мына заң жобасы күрделі болғандықтан 17 рет жұмыс тобының отырысы өтті. Заң сапалы болу үшін жұмыс тобының отырысына мемлекеттік емес және қоғамдық ұйымдардың, «Атамекен» одағының өкілдері, Азаматтық Алянс, қаржы қоғамдастығының, банкілер ассоциациясының басшылары да қатысты. Өйткені бәрі бір-бірімен байланысты ғой. Қаржысыз іс бітпейді. Бәріміздің ортақ пікіріміздің заң жобасында көрініс табуы оңайға соққан жоқ.

- Өзіңіз мүшесі болып отырған «Нұр Отан» партиясымен тығыз байланыста жұмыс істейсіз бе?

- Әрине, «Нұр Отан» партиясы арқылы тек заң шығару ісіне ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласамыз. Айталық, бүгінгі таңда «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Елбасы бір сөзінде бұл Кеңес өкіметі кезіндегі «БАМ» құрылысы сияқты маңызды жоба екенін айтты. Ол еліміздің бес облысының аумағын басып өтеді. Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында жұмыс істеп жатқан мердігерлік мекемелер мен жергілікті басшылардың осы құрылысты жүргізуін, ұйымдастыруын, сапалы орындалуын қарап, бақылап отыратын «Нұр Отан» ХДП жанынан республика бойынша сарапшылар комиссиясы құрылған болатын. Мен сол комиссияның оңтүстік өңірдегі сарапшысы болып тағайындалған едім. Бұл - қоғамдық жұмыс.

«Бұл дұрыс шешім» деп тұрғындар да қолдап жатыр. Оңтүстікте жол салу жобасы бір жылдай кешігіңкіреп басталды. Кейбір жігіттер: «Маңызды құрылыстың ырғақты жұмыс істеп кетуіне үлес қостыңыз»,- деп айтып жатады. Өйткені жасымыздан өндірісте жұмыс істедік қой. Бұл саланың жұмысы қалай басталып, немен аяқталатынын ішің сезіп тұрады. Облыс бойынша алты бөлікке бөлінген. Соның бірінде ғана бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Ал қалғандары таза шетелдік фирмалар. Алғашқы барған кезімізде бізбен сөйлескісі келмеген компаниялар да болды. Бірақ біз оларды заң жолымен орнына қойдық.

Екі жыл бұрын біз араласа бастаған кезеңде шешілмеген мәселелер шаш етектен болды. Оның Оңтүстік Қазақстан облысында болатын реті бар. Өйткені бізде жерді қадірлей біледі ғой. Суармалы жерлер көп. Сондықтан жер мәселесін шешу өте күрделі болды. Әрқайсымен жеке-жеке жұмыс істеуге тура келді.

Жұмыс істеп жатқан Қазақстан азаматтарының әлеуметтік құқығы қорғалуына, барлық жағдайы болуына басты назар аудардық. Олардың алатын жалақысы, жататын орны, ішетін тамағы - бәрі де шетелден келген мамандармен тең тұрғыда болуы тиіс. Себебі біз азаматтарымыздың өз елінде өгей болуына жол бермеуіміз керек. Осы мәселелерді қатты қадағаладық. Сондай-ақ экологиялық жағынан тұрғындарға зиян келмеуін назарда ұстаймыз. Және де сол жерде еңбек ететін жұмысшылардың 85-90 пайызы жергілікті тұрғындар болуы тиіс деген қатаң талап қойдық. Өйткені біздің азаматтар жұмыспен қамтылуы қажет. Ол жұмыс бір қалыпты ырғаққа түсті.

Дегенмен тағы да бірнеше мәселе туындап отыр. Біз мал баққан халықпыз. Қазақтың киесі - малда. Халықаралық жолдың кейбір тұстарында елді мекен жолдың бір бетінде, ал мал жайылымы екінші жағында қалып қойып жатыр. Жолдың жобасын жасағанда мал айдап өтетін жерлерді ойластырмаған екен. Ол кез келген жерінен кесіп өте беретін бұрынғы жолдар емес. Бұл автокөліктер өте жоғары жылдамдықпен жүретін халықаралық дәліз. Мәселен, Бурабай жолының екі жағында және ортасында қоршау бар. Ал «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолының шетіне қоршау қойылмаған. Жобада жоқ. Басқа жақты білмеймін, оңтүстік өңірде жайылып жүрген жылқы да, сиыр да жетеді. Құдайға шүкір, қазір халықта мал саны артып келеді. Сондықтан үлкен жолға кез келген уақытта жылқы шауып шығуы мүмкін. Ал жүргізуші қатты жылдамдықпен келе жатқан көлікті тоқтатып үлгірмейді. Жол апаттары болатыны сөзсіз. Осы мәселені шешіп алуымыз қажет.

- Елбасы халықты бірлікке, еңбек етуге шақырды. Осы тұрғысындағы Сіздің пікіріңіз?

- Елбасының «Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы біздің қоғамда кең ауқымда талқыланды. Бұл - Елбасының ұстанған сындарлы саясатының бір көрінісі. Қазір біздің елде жастардың 10 мың адамға шаққанда 35-і жоғары білімді. Бұл - өте үлкен көрсеткіш. Бірақ өндірісте, ауыл шаруашылығында да жұмыс істейтін адамдар болуы керек қой. Осы орайда Елбасы мақаласы азаматтарымызға ой салу үшін жазылған. Сондықтан кәсіби-техникалық білімге баса назар аударылып отыр.

Елбасы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі арасында байланыс болуы тиіс екенін, экономика министрлігі үшеуі бірігіп, қай мамандықты дайындау керек екенін анықтауы қажет. Қай өңірде қандай маман қажеттігін зерттеуі керек. Соның бәрін бірлесе отырып шешу дегеніміз өмірлік тәжірибе мен теорияны үндестіріп, оны ғылыммен ұштастыра білу - қоғамды қалыптастырудың жаңа бір жолы. Мен осындай ой түйдім.

Бүгінгі таңда инженерлік сала бойынша, өндірістерде, әсіресе, индустриялық-инновациялық жобалар шеңберінде ашылған өндіріс орындарын алға жетелейтін білікті мамандардың жетіспей жатқандығын Елбасы мегзеп тұр. Жастарға білім алуға жағдай жасайық, тегін оқытайық, бірақ сол мамандар өндіріске барып, орын-орнына кірпіш болып қаланатындай болуы тиіс. Әне бір жылдары экономист пен заңгерлерді аса көп дайындап жібердік. «Сонша маманның бізге керегі бар ма еді?» деген ойды айтып тұр.

Сондай-ақ адамның ең басты байлығы - денсаулық. Елбасы осы салаға арнайы тоқталып, шын мәнінде адам өмірін арашалай алуға септігін мол тигізетін мамандар даярлауға көңіл бөлу қажеттігін жеткізіп тұр. Әрине, адамның ғұмыры Алланың қолында ғой. Бірақ хадисте «Сен әрекет жасасаң, берекет болады» деп жазылған. Науқастың диагнозын дәл анықтап, дұрыс ем жасай білген дәрігерлер талай адамның өмірін құтқарып алып жүр ғой.

Елбасы «20 қадам» деп әр саланы бөліп-бөліп, оларды дамытудың жолдарын көрсетіп отыр. Бірақ қай саланы алсақ та, нәтижелі еңбек болмаса, ештеңе де өнбейтіні, ісіміз алға баспайтыны анық.

Келесі бір мәселе - ұстаздарға көбірек көңіл бөлінуі керек. Біздің бала кезімізде мұғалім келе жатқанда, генералды көрген солдат секілді тұра қалып, бас киімімізді қолымызға ұстап, жол беріп, өткізіп жіберетін едік. Ал қазір кейде кездесуге мектепке бара қалғанымда, мұғаліммен таласып-тармасып есікке кіріп бара жатқан балаларды көріп, ойланып қаламын. Ұстазға деген сыйластықтың өз деңгейінде емес екенін байқайсың. Біз, әрбір ата-ана, соны баламызға ұғындыруымыз керек.

Маған әкемнің: «Адам үшін ең бағалы, ең сыйлы, ең құрметті жан - ұстаз» деген сөзі өмір бойы есімнен шыққан емес, мен оны балаларыма да айтып жүремін.

Оқу оқыса да, спортпен айналысса да, жұмыс істесе де, соның бәрі аянбай еңбек етумен келеді. Еңбек деген міндетті түрде қолға күрек алып, жер қазу емес. Қазақ «Оқу - инемен құдық қазғандай» деп бекер айтпаған. Яғни, оқудың жемісі үлкен қиындықпен келетінін түсіндіріп тұр. Сондықтан қай салада да еңбек етпей, жетістікке жету мүмкін емес. Талап та, талант та, тектілік те керек. Бірақ мақсатқа жету үшін соның ең басында еңбек болуы тиіс.

Елімізде жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазір өңірлерде жастар саясатымен айналысатын бөлімдер ашылуда. Мысалы, менің болжамым бойынша, өскелең ұрпақтың 60 пайызы алдыңғы шепте жұмыс істейтін мамандар болып кетсе, 40 пайызы орталықта болғаны жөн.

- Үлгі ретінде айтар ұсыныстарыңыз?

- Жастар басқа жақтан бақ іздемеуі үшін біз өзіміздің құндылықтарымызды көрсете білуіміз керек қой. Нағыз махаббат үшін құрбан болған қыз-жігіттеріміз қаншама?! Айталық, итальяндықтар Ромео мен Джульеттасын бүкіл дүниеге жайды. Сол екеуінің бір-біріне деген сезімі біздің Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың, Төлеген мен Қызжібектің немесе Кебек пен Еңліктің махаббаттарынан артық болып па?!

Шәуілдірге қатысты біз бала кезімізде бір-біріне ғашық болған Шәміл мен Дүр туралы аңыз естігенбіз. Дүр дегені Дүрия деген қыздың аты ғой. Дүрия байдың қызы, Шәміл жылқышының баласы. Екеуінің тас боранмен өлтірілген жерінде кейін мекен орнап, оның атауы Шәуілдір болған екен. Осы орайда, отырарлықтар аудан орталығы - Шәуілдірде қосылмаған ғашықтардың белгісі ретінде «махаббатың символы - Шәміл-Дүр» деп ескерткіш қойды. Қазақ жастары «Валентин күні» дегенді емес, осындай өздерінің тарихындағы махаббат кейіпкерлерін білгені жөн.

Мені осындай мәселелер көп толғандырады.

- Мазмұнды әңгімегізге рахмет!