«Білімді мыңды жығады»
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары әскери бөлімдерде сарбаздардың өлімі жиілеп кетті. Денсаулығы нашарлады деуге келмес. Әскерге алынарда басынан бақайшағына дейін тексереді емес пе? Өзіне қол жұмсады дегеннің өзінде «ол әрекетке не итермеледі?» деген заңды сауал туындайды. Әскери бөлім басшылары көп жағдайда «қызы тастап кетті» деп, махаббат жырын немесе «қарызы көп болғанын» себеп қылып жатады. Жарайды, бір-екі қайғылы оқиғаның себебі сол шығар. Бірақ, түпкі себебі «дедовщина» екенін бәрі бағамдап отыр. «Мен таяқ жедім, енді мен ұрамын» деген ұстаным үзілмей келеді. Қысқасы, әскердегі әлімжеттік кесірінен ата-ана жалғыз ұлын әскерге жібергісі келмейді. Жасөспірімдер де барғысы жоқ.
Тегін атамауды өтінген Рахат есімді жігіт әскерге барғанша жұмыс істеп, нәпақа тапқанды жөн көретінін айтты.
«Әскердегі жүйе өзгерсін. Шақырту қағазын күтпей, өзім-ақ барар едім. Барып келгендердің әңгімесінен ұққаным, бір жыл уақытың зая кетеді. Қаруды әскерге бармай-ақ мектепте жүрген кезде меңгеріп алуға болады. Таңнан кешке дейін жүгірте бергеннен шымыр болып шығарсың, бірақ бұл – әскер үйрететін шаруа емес. Одан да сарбаздардың білімін арттыруға мән берсін. Отан қорғау үшін білекті болу міндетті емес. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демекші, қазір әлемде қарусыз соғыс жүріп жатыр. Кімнің білімі мықты, соның ұпайы түгел. Сондықтан да, ескіліктен құтылып, жаңашылдыққа ұмтылып, әскери жүйені жаңғыртуға мән беру керек», - дейді ол.
Министрлік не дейді?
Қорғаныс министрлігі әскердегі әлімжеттікті азайтып, жастардың ынтасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартады. Сарбаздар ата-анасымен телефон арқылы сөйлеседі, тіпті әскери бөлім ішінде кездесуге де мүмкіндік бар. Анонимді сауалнама жүргізіліп, сарбаздардың денесі де тексеріледі. Қала берді, «прокурор сағаты», «ашық есік күні», «көшпелі соттар» ұйымдастырылады.
«Мемлекетті қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. 18 жасқа толғаннан кейін кез келген азамат әскери борышын өтеуге міндетті. Ал мерзімін кейінге қалдыру шешімін жергілікті әскери комиссариат қабылдайды. Бізде жастардың борышын өтеуден қашып, тығылып жүруі жиі кездеседі. Кешіріңіздер, бірақ заңды орындау керек», - деген болатын Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов журналистерге берген бір жауабында.
Әскерге міндетті борышкерлердің статистикасын сараптасақ, 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен бармайды. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға сұранатын көрінеді. Ресми статистикаға сүйенсек, екі-үш жыл бұрын әскерден жалтарушылар саны шамамен 35-40 мың адам болса, былтыр көрсеткіш 20 мыңға төмендеген. Қорғаныс министрлігі бұл әскердегі тәртіптің күшейіп, жастардың ынтасын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі екенін алға тартады.
Жергілікті әскери органның шақыртуы бойынша келмеген азаматқа 5 АЕК айыппұл салынатынын атап өткен жөн. Ал әскерге шақырылушы әскерден бірнеше рет жалтаратын болса 1000 АЕК дейінгі айыппұл, не болмаса 400 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Айыппұлмен мәселе шешіле ме? Жастар өз еркімен әскерге баруға ұмтылатын күн туар ма екен...