Жастарды серпілткен «Серпін» болашақта да жалғасын табуы тиіс

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Серпін» - сәтті басталған жобалардың бірі. Мемлекеттік «Серпін - 2050» бағдарламасы бойынша өткен жылы 2050 грант бөлінген болатын, деп жазады «Айқын» газеті.

Гранттың басым бөлігін оңтүстік қазақстандық жастар иемденіп, еліміздің солтүстік, шығыс және батыс өңірлеріндегі жоғары оқу орындарына түскен еді. 

2014 жылы бастау алған бағдарламаның о бастағы  мақсаты - еліміздің еңбек ресурстары басым келетін оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқытып, жұмысқа орналастыру. 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясында айқындалған басым­дықтарды  жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіретін әлеуметтік жобаның мақсаты - білікті мамандар даярлау. Бұл стратегияның өзегі еліміздің дамыған отыз елдің қатарына қосылу болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметі жастар мәселесіне арнап, «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» атты әлеуметтік жобаны ұсынды. Осылайша, «Серпін» өмірге келді. 
Бірегей бағдарлама мыңдаған жастардың Батыс пен Шығыс, Солтүстік Қазақстанда білім алуына жол ашты. Кәсіптік-техникалық колледждер мен ЖОО-да сапалы білім алып жүрген жастар осының дәлелі. Мұның тағы бір артықшылығы - студенттерге арнайы сыйақы төленіп, жатақханаға орналасады, оқу орнын бітірген соң, жұмысқа орналасуына да мүмкіндік мол. 
Өткен жылдары «Серпін - 2050» жобасы бойынша 7 университет пен 25 колледжге оқуға қабылданған екен. Әсіресе, техникалық мамандықтарға басымдық көбірек берілген еді. 
«Серпінге» құжат тапсыру үшін не істеу қажет? Алдымен бірінші кезекте Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, әртүрлі деңгейде ұпай жинаған мектеп бітіруші түлектер аталмыш жобаның грантын иемденуге мүмкіндігі бар. Былтыр жоба ұйымдастырушылары «Серпін» грантын бес мыңға жеткізуді жоспарлаған еді. Өткен жылдармен салыстырғанда, «Серпіннің» биылғы насихаты кемшін түсіп жатқан секілді. Жоба әлі күшінде ме? Биылғы грант саны қандай болмақ? Қай облыстарға, қандай университеттерге сұраныс жоғары? Жобаның ұтары не?  Бұл сауалдарды SERPIN білім беру ұйымдарының Ұлттық Қауымдастығының негізін қалаушы, «Серпін - 2050» жобасын ұйымдас­тырушылардың бірі - Мұрат Әбеновке қойдық. 

 

Мұрат ӘБЕНОВ, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары:

- «Серпін - 2050» - сәтті басталған жобалардың бірі. Жоба әлі күшінде ме? Жалғасын таба ма? 
- Әрине, жоба жалғасын табуда. Мемлекет тарапынан қажет деңгейдегі қолдау күннен-күнге күшейіп келеді. Оның дәлелі биылғы жылдың көктемінде Елбасы Павлодар облысындағы «Серпін» жастарымен арнайы кездескен еді. Президент серпіндіктерге күнделікті тұрмыс пен демалыс үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтіп, өзі «Серпінге» ұқсас бағдарламамен Украинада оқығанын айтқан болатын. Мемлекет басшысы елімізде жастарды қолдау мен олардың білім алуы мәселелеріне ұдайы көңіл бөлінетінін, бұл шаралар «Серпiн - 2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында да атқарылып жатқанына тоқталды. Ұлт Көшбасшысы «Еліміздің болашағы - жастардың қолында. Мен оқыған заманда осы тектес жаңа жатақханалар болған емес. Сіздерге қолайлы жағдайдың барлығы жасалуда. Оқу мен ізденуден талмаңыздар» деген болатын. «Серпін» студенттеріне сәттілік тілеген Нұрсұлтан Әбішұлының бұл сапарынан аталған бағдарламаға қолдау бар екенін түсінуге болады. 
- Десек те, биыл бұл бағдарламаның насихаты кемшін түсіп тұрған сияқты.
- 2014 жылы басталған «Серпін» жобасына алғашқыда 2050 жас оқуға тартылды. Заңнамалық құжаттары толық дайын болмаған тұста, бюджеттен қаржы бөлуге негіз болмады. Сол себепті барлық ұйымдастыру шаралары қоғамдық негізде жүргізілді. Осы мақсатта SERPIN білім беру ұйымдарының Ұлттық қауымдастығы құрылып, осы кезеңге дейін сол ұйым арқылы насихаттау, ұйымдастыру, тәрбие шаралары атқарылып келді. Десек те, бірқатар мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналары жобадан хабардар. Жергілікті теледидар, газет және www.serpin-2050.kz дейтін арнайы сайтымыз арқылы қажетті ақпарат таратылып келеді. Мәселен, бүгінде сол сайт ар­қылы барлық бөлінген гранттар және оқуға кімдер, қа­лай қатыса алатындары жайлы ақпарат ала аласыздар. 
- О баста, бұл бағдарлама еліміздің бес облысының жастары үшін жасалды. Биыл өзгеріс бар ма?
- «Серпін» жобасының басты мақсаты - жастарды еңбек күші жоғары өңірлерден жұмысқа жарамсыз тұрғындардың саны басым облыстарға тарту. Елбасы бұл мәселеге былтырғы Жолдауында ерекше тоқталып, тапсырған болатын. Еңбек күші көп шоғырланған Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары. Бұл көрсеткіш өзгерген жоқ. Себебі бұл облыстарда тұрғын саны көп және туылу деңгейі жоғары. Демографиялық көрсеткішке назар салсақ, 2015-2016 жылдары дүниеге келген сәбилердің 60 пайызы еліміздің осы аумақтарында туылған. Сәйкесінше, Астана және Алматы қалалары мен қалған облыстар барлық туылу көрсеткішінің тек 40 пайызын құрады. Еліміздің халық көп шоғырланған оңтүстік аумақтарында балабақша, мектеп, колледж бен ЖОО-да орын тапшы, тұрғындардың арасында жұмыссыздық көп. Ал 9 өңірде керісінше, халық саны, әсіресе, еңбекке жарамды тұрғындар саны жылына шамамен 3 пайызға азайды. Ол жақта кей жұмыс орындары бос қалуда. Серпін жобасы аясында осындай бос жұмыс орындарына қажет мамандарды сол өңірлердің колледждері мен ЖОО-да дайындау қолға алынды, себебі бұл білім ордаларының өндіріспен тікелей байланыс бар. 
- «Серпін - 2050» жобасына жаңа министрліктің көзқарасы қалай?
- Бұл жобаның маңызы терең. Сол себепті министрлердің ауысып отыруы қандай да бір түбегейлі өзгерістерге әкелмейді. Көмек пен қолдау  күшеймесе, төмендемейді. Мәселен, бұрын-соңды «Серпін» жобасы аясында арнайы шаралар ұйым­дастыруға қаржы бөлінбеген. Биыл бірінші рет министрлік тарапынан арнайы жұмыстарды атқаруға қаражат бөлінетін болды. Сондай-ақ осы жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасының төңірегінде «Серпін» жобасы бөлек бағыт ретінде жұмысын жалғастырмақ. 
- Бағдарламаның биылғы гранты қандай мамандықтарға бөлінбек? 
- «Серпін» жобасы бойынша өткен жылы - 2050, былтыр - 6200, биыл 4312 грант бөлініп отыр. Оның 1150-і колледждерге, 3162-сі жоғары оқу орындарына берілді. Жоғары оқу орындары бойынша гранттар 4 салаға бөлінген: 17 мамандық бойынша білім саласына - 1000, 32 маман түрін даярлайтын техникалық ғылым саласына - 1717 орын,  8 мамандықты қамтитын ауыл шаруашылығы саласына - 345 және медицина саласына 100 орын бөлінді. Атап өтейін, ҚР «Білім туралы» заңының өзгеруіне байланысты биылдан бастап жоғары оқу орындарға мұндай квоталар тек ауыл мектебін бітірген түлектерге беріледі. Қалалық түлектерге  күтпеген жағдай болды. Бірақ бұл - Парламент қабылдаған заң және орындалуы керек. 
- Бұрын тестілеуден төмен балл жинаған түлектердің «Серпін» жобасымен оқуға түсуге мүмкіндігі болды. Бұл талап өзгерді ме? Бағдар­ламаның білім грантын иелену үшін биылғы меже қандай?
- «Серпін» жобасының негізгі мақсаты - мықты, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Мектепті ілініп-салынып бітіріп, тестілеуден төмен балл жинаған баладан қаншалықты сапалы кадр шыға қояды екен. Осы себепті де «Серпіннің» көздегені - білім алуға қабілетсіз, ілім іздеуден қауқарсыз жастарды жинау емес, қайта бағдарламаның  діттегені - «болам дейтін баланың бетін қақпай, белін буу». Жобаға тестілеудің межесінен әзер асатын нашар оқыған түлектер түседі деу жаңсақ пікір. Бұл - «Серпіннің» беделіне нұқсан келтіреді. Бағдарламаның білім грантының конкурстық межесі жылдан-жылға өсіп келеді. 2015 жылдың конкурстық балл көрсеткіші 2014 жылмен салыстырғанда, орта есеппен 3 балға жоғарылаған болатын. Биыл да бұл санақ көтеріледі деп күтілуде. Сондай-ақ бірінші жылы білім грантының бір орнына орта есеппен бес талапкер таласса, былтыр бір грант жеті түлектің бағын анықтады. Сәйкесінше, жыл сайын жастардың саны көбейіп, сапасы артқан сайын білім гранты конкурсының да межесі көтеріле бермек. «Серпіннің» білім грантына қызығушылық танытқан әрбір жастың көздегені тек диплом алу емес, теориясын оқып жүрген кезбен қатар өндіріске тікелей араласып, мықты маман болып қалыптасу болуы керек. Себебі бұл жоба мақсаты нақты, міндеті нық, талабы зор жастарды қолдайды.
- Талапкердің білім грантын иемдену мүмкіндігі жоғары болуы үшін қандай кеңес бере аласыз? 
- Барлығын конкурс шешеді. Қай жерде қатысушылар көп болса, сол жердің де балы жоғары болады. Мәселен, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды сынды үлкен қалаларда орташа балл жоғары болса, Семей, Арқалық, Рудный, Теміртау, әсіресе, Жезқазған қалаларында балдық көрсеткіш төмен. Пән таңдау бойынша да айырмашылық бар. Мысалы, физика пәнін таңдаған түлектің мүмкіндігі жоғары - 1817, одан кейінгі орында биология - 675, химия - 210, география - 175, қазақ әдебиеті - 105, жалпы тарих - 95, шет тілі мамандығына 85 грант бөлінген. Мамандық таңдағанда мұқият болу керек. Танымал мамандықтар арасында конкурс жоғары, ешкім біле бермейтін мамандықтарды таңдап, төмен балмен грант иегері атанып жатқан түлектер жетерлік. Мәселен, «Информатика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша гранттың төменгі балы 72 болды. Себебі компьютерді жақсы білетін талапкерлердің дені осы мамандықты таңдады. Сол себепті 70 балл жинағандар өте алмады. Осы мамандыққа ұқсас, бірақ жастар аса біле бермейтін, «Есептеу техникасы және програм­малық жабдықтау» және «Ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша балы әлдеқайда төмен талапкерлер грантқа түсіп кетті. Оқу жүйесіне енді қосылған, жаңа мамандықтарға сұраныс аз болады. 
Сондай-ақ кей жағдайда ЖОО-ның өкілдері талапкердің құжаттарын өздеріне ғана тапсыруға үгіттеуі мүмкін. Бұл ретте талапкер өзі шешім қабылдауы керек. 
- «Серпіннің» байқауына қатысу үшін құжаттарды қайда тапсыруға болады?
- Жоғары оқу орындары үшін құжаттар жалпы конкурспен бір кезеңде 31 шілдеге дейін қабылданады. Тек құжаттарды толтыру барысында таңдалатын 4 жоғары оқу орнының ішінде «Серпін» жобасын іске асыратын жоғары оқу орнын және сол университетте «Серпінге» берілген мамандықтарды көрсету қажет.
- Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қызмет ауыстырдыңыз. Жаңа қызметіңіз құтты болсын! Алдағы уақытта бұл жобаны қатар алып жүресіз бе? 
- «Серпін» жүзеге асырылып бастаған сәттен бастап бұл жобаны қызмет бабы есебінде емес, өз қалауыммен үйлестіруші ретінде тек қоғамдық негізде үлесімді қосып келдім. Барлық 8 мың студентті өз балаларымдай жақсы көремін. Қызметім ауысқан екен деп, жарты жолдан тастап кете алмаймын. Жыл сайын дамып жатқан жобаның қарқыны бәсеңдемеуі үшін өз үлесімді қосуға дайынмын. Аталған жобаға қатысты кез келген мәселе ерекше назарымда бола­ды. Жаңа қызметім өндіріс саласына тікелей байла­нысты. Өмірлік мақсатым - сапалы кадр дайындау саласы болғандықтан, алдағы уақытта, «Серпін» жастарының оқуын бітіріп, жұмысқа орналасуына көмегім керек деп есептеймін. Серпіндіктерге қай кезде болса да көңіл бөліп, әрқашан қолдау көрсетуге даярмын. Сұхбат соңында, «Алға, Серпін жастары, біз әр кезде біргеміз!» дегім келеді.

 

Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ,  журналист:

-Жалпы, «Серпін - 2050» жоба­сының болашағынан үмітіміз зор. Бірінші кезекте осы жоба арқылы теріскейдегі кадр тапшылығын жоюға зор мүмкіндік ашылады. Соның ішінде арнаулы орта білімі бар жұмысшы мамандарға деген тапшылық жойылуы тиіс. Екіншіден, жоба арқылы ел аймақтарының демографиялық теңсіздігін азайту жолдары қарастырылып жатыр. Яғни туу көрсеткіші жоғары өңірлерден демографиялық өсім аз өңірлерге азаматтар баруда. Сондай-ақ бағдарлама арқылы теріскей өңірлердегі этникалық құрам да құбылуы мүмкін. Нәтижесінде тіл, ұлттық мәдениет мәселелерінде алға басу болады деген ойдамын. Әрі жастарды мобилділікке баулуда да жобаның тигізер пайдасы зор. Сондықтан бұл жобадан күтерім мол. Дегенмен, менің білуімше жоба әзірге пилоттық сипатта. Егер әлі күнге пилоттық деңгейде тұрса, оны арнайы бағдарлама етіп әзірлеудің уақыты келген сыңайлы. Өйткені жоба биыл үшінші жылға жалғасып отыр. Жұмыс берушілер мен білім ордаларының арасындағы байланыс қалыптасты, облыс әкімдері де жобаның тиімділігіне көз жеткізген. Сондықтан енді кешіктірмегеніміз абзал.

Нұрсая ЖАМАШЕВА, «Серпін» бағдарламасының стипендиаты:

- 2013 жылы «Серпін» бағдар­ламасымен Теміртау политехникалық колледжінің электро-механик мамандығы бойынша оқуға түстім. Үш жылды артқа тастап, биыл 4-курсқа өттім. Жатақхана, жол ақысы тегін, үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Мем­лекеттік шәкіртақыдан бөлек, жылына бір рет қосымша қаржы беріледі. Уақтылы сабақ оқып, ізденуге барлық жағдай жасалған. Өзге өңірлердің менталитеті өзгешелеу болғанымен, тез үйренісіп кеттім. Еліміздің оңтүстік облысынан келген студенттер көп. Солардың шамамен 25 пайызы Жамбыл өңірінен келген жастар. «Серпін» бағдарламасы оқуды тәмамдағаннан кейін сол облыста қалып, жұмыс істеуге міндеттемейді. Десек те, оқу бітіргеннен кейін Теміртау қаласында қалып, қызмет істегім келеді. 

Дарын ТӘЖІБАЕВ, «Серпін» бағдарламасының стипендиаты:

- Павлодар педагогикалық институтында Құқық және экономика негіздері мамандығы бойынша 3-курсқа ауыстым. «Серпін» бағдар­ламасы бүгінде нәтижелі жүзеге асырылып, қоғамға, әсіресе, жастарға қажет екенін дәлелдеген бірегей жоба. Халық көп шоғырланған еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жұмыссыз жүрген жастарға білім алып, білікті маман болуы үшін үлкен мүмкіндік ашылды. Іздегені ілім, көздегені білім болған жастарға жақсы жасалды, жатақханасы таза әрі жаңа, шәкіртақы алып тұрамыз. Меніңше, оңтүстіктің пысықтау келген жастары мен солтүстіктегі құжатқа тиянақты, тәртіпке қатал тұрғындары бірігіп, бір-біріне білгенін үйретіп, еліміздің жаңа буынын қалыптастыра аламыз. 

Наурыз айында Мемлекет басшысымен арнайы кездесу өтті. Елбасы «Серпін» жобасының әрі қарай да мемлекет тарапынан қолдау табатынын айтты. Өз кезегімізде, «Серпін» жастары ел артқан, Елбасы сенген зор үмітті ақтап, алдағы уақытта ел экономикасы мен әлеуетінің қарқынды дамуына үлес қосар білікті маман болуға серт берді. Бүгінгі таңда, аталмыш жобаның жастары білім ордаларындағы сабағынан бөлек, бизнеспен айналысуға да көп көңіл бөлуде. Осы орайда, «Серпін» жобасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен серіктестікке қол жеткізді.  

Түйін: 

«Серпін - 2050» бағдарламасы екі-үш жылдың көлемінде шектеліп қалатын дүние емес. Бұл жоба жалғасын табуы тиіс. Қаймағы бұзылмаған оңтүстіктегі жастарды  солтүстікке апарудан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Дамыған елдің қатарына қосылудың тағы бір жолы - білімді, азат ойлы ұрпақ тәрбиелеу. Кәсіби мамандарды көбейту арқылы  мемлекетімізде білікті мамандардың қатарын толықтыратынымыз анық. Осы тұрғыдан алғанда, «Серпіннің» жүзеге асырылғаны тиімді екені даусыз. 

Гүлзина БЕКТАС, Айдана НҰРМҰХАН