-Дәурен Мергенбайұлы, әуелі өзіңіз туралы айта кетсеңіз? Қайда тудыңыз, қайда оқыдыңыз?
- Мен Шынжаңның Тарбағатай аймағында дүниеге келдім. Қазақша оқыдым, атамның қолында өстім, қазақы тәрбиеде болдым. Апам мені қасына алып, үнемі қисса-дастандар, ертегілер оқытатын еді. Баламыз 1-сыныпқа баратын 2013 жылы «ұрпағымыз қазақ елінде оқып, өссін» деген ниетпен отбасымызбен көшіп келдік. Өзім «Бизнес басқару» мамандығы бойынша оқығанмын. Осында келгесін Назарбаев Университетінде білімді жалғастырып, магистратурада оқыдым. Осы мамандық бойынша Американың Duke университетінде 2 ай тәжірибеден өттім.
- Кәсіпкерлікпен айналысқаныңызға неше жыл болды? Неден бастадыңыз?
- 2002 жылдары бастадым. Қытайдың Куаңжу қаласында chinauni.com деген біздің қазақтелеком секілді байланыс компаниясында жұмыс істеп жүрдім. Көп адамдар біледі, Куаңжу қаласы - әлемдегі ең үлкен өндірістік қалалардың бірі. Ол жерде өндірілген тауар бүкіл әлемге таралады. Мен сол қалада 12 жылдай тұрдым. Ол кезде әлемдік экономиканың жақсы дамып тұрған кезі еді. Қазақ елінен де көп адам Куаңжу қаласына әртүрлі заттар алуға барып тұратын. Сол кісілерге көмектесіп, қызмет көрсету барысында олардың шығаратын заттарын реттеп, құжаттарын дайындайтын транспорт, логистикалық компанияның қажеттілігін байқадым. Сонымен 2005 жылы логистикалық компания аштым. Осы компания аясында Қазақстаннан келген кісілердің заттарын жеткізіп беріп отырдық. Кейін 2011 жылы Қытайға барып, зат әкелуге мүмкіндігі жоқ кісілерге қолжетімді болсын деген оймен Астанада жиһаз дүкенін аштым. Бұл дүкен пандемияға дейін жұмыс істеп тұрды.
- Өндіріс саласына қалай бет бұрдыңыз?
- Қазақстанда өндірістің кенжелеп тұрғаны бәрімізге белгілі. Өндіріс саласына өзіндік үлесімізді қосқымыз келеді. Біз көп затты шетелден тасимыз. Ел болған соң күнделікті тұтынатын затты өзіміз өндіргеніміз дұрыс. Өйткені кешегі пандемия бізге отандық өндірістің ерекше қажеттілігін көрсетті. Шекара жабылып қалған кезде, жетіспеушілік туындап, көптеген қиындықтар болды.
Біз шетелден зат сатып алған кезде үнемі кездесетін қиындық - валюта бағамының өзгерісі. Теңге онша тұрақты емес. Мен осында жұмыс бастағалы теңге бағамы доллармен 145 теңгеден 500 теңгеге дейін секірді. Мысалы тауарды 145 теңгеден алып келеміз, оны сатып қайта тауар алуға барғанда доллар 185-ке шығады, ал 185-тің затын алып, оны сатып қайта барғанда доллар 250 болып кетеді. Үнемі осылай теңгенің құлдырауын қуып жете алмай келеміз. Ал осы қиындыққа ұшырамау үшін өзіміз өндіріс ашуымыз керек. Мені де осы идея итермеледі. Ал, өндіріс саласында техника өндіріп, шетелмен жарыса алмаймыз, машина шығарып та Жапониямен бәсекелесе алмаймыз. Сондықтан күнделікті тұрмысқа керек зат өндіруіміз керек деп шештім. Өзімізден өнім шығару шетелге ағылып жатқан ақшаны өз елімізде ұстауға, экономикамыздың орнықты болуына, ақшамыздың құнды болуына үлесін тигізер еді.
- Бұған дейін «отандық өнім шығарамыз» деп қаншама зауыттар ашылып, мемлекеттен көмек алып, артынша жабылып қалды. Сіздің өндіріс орныңыздың олардан айырмашылығы қандай?
- Мемлекеттік бағдарламамен ашылып жатқан үлкен зауыттар мен фабрикалар туралы ештеңе айта алмаймын. Ал, бұл біздің табан ет, маңдай теріміздің жемісі. Тиындап жинап, біртіндеп істеп жатырмыз. Құрылысты тұрғызып, техникаларды әкеліп, алғашқы пакетті шығару қуанышына ие болғанша біраз жылдар кетті. Қазір шығарып жатқан бұл өнімдерге өзімнің балам секілді қараймын.
- Осы саланы бастар алдында қандай да бір зерттеулер жасадыңыз ба?
- Менің осы пакет өндірісін таңдаудағы себебімнің бірі - Атырауда зауыт салынып жатты. Біз одан полиэтилен алады деп сендік. «Қазірше шикізатты шетелден акеле тұрсақ, кейін өзімізден аламыз» деп ойладық. Алайда ол зауыт кейін полипропилен өндіретін болып шықты. Өкінішке қарай біз шикізатты әлі шетелден әкеліп отырмыз.
Бұл өнімнің 90 пайызы Қытайдан келеді. Ол жақта көбнесе пакет жасауда қалдықтар пайдаланылады. Бұл пакеттерге тамақ өнімдерін салу денсаулық үшін өте зиянды болуы мүмкін. Ал, біз тек қоспасыз таза ши к ізат қолданамыз. Отандық өнімнің шетелдік өнімнен ең үлкен артықшылығы — осы. Пакет жасау біздің түпкілікті мақсатымыз емес, осы арқылы жалпы пластик саласына өткім келеді. Пластикалық ыдыстар және басқа өнімдер шығаруды мақсат етеміз.
- Пакеттің неше түрін және күніне қанша дана пакет шығарасыздар?
- Пакеттің негізгі жағынан 3 түрін шығарамыз. Ал клиенттердің тапсырысына қарай оның көлемін әртүрлі етіп шығарып береміз. Шағын құрт салатын пакеттерден бастап, кілем орайтын үлкен көлемдегі пакеттерге дейін дайындап беруге мүмкіндігіміз бар. Қазіргі өндіріс қауқарымыз, 2-2,5 тоннаға жетеді.
- Бұл көрсеткіш Астананың тұтыну көлемінің қанша пайызын қанағаттандыра алады?
- Бұл 1-2 пайыз ғана болуы мүмкін. Өйткені, халықтың күнделікті тұтынатын заты болғандықтан бұған сұраныс өте жоғары. Бұл өндіріспен айналыстатын Астанада мен ғана емес, көптеген өндіріс орындары бар. Барлығының өндіріс көлемі бізбен қарайлас болуы ықтимал. Бәріміздің өніміміз қосылса да бұл біздің Астананың ішкі сұранысты толық қанағаттандыра алмайды. Бәрібір сырттан пакеттер әкелуге тура келеді. Сондықтан мемлекет жергілікті өндірушілерді қолдаса деген арман тілегіміз бар.
Менің жеке көзқарасым, мемлекет өндіріс саласын жандандырғысы келсе, әуелі дайын өндіріс орындарына қолдау білдіру керек. Шекарадан кіріп жатқан елдің күнделікті тұрмысына қажетті импорттық өнімдерді қарап, зерттей отырып, сол өнімді шығарып жатқан отандық өндірушілерге көмектесу керек. Оның өндіріс көлеміне қарай субсидия беру керек. Бұл отандық өнім өндірушілерге үлкен серпін береді деп ойлаймын. «Өнім шығарамыз», «зауыт пен фабрика ашамыз» деп мемлекеттің бюджетінен қаншалаған қаражат бөліп, ертең ол ақшаның қайда кеткенін білмей жүргеннен гөрі, көз алдында ісі жүріп тұрған, өнім шығарып жатқан өндіріс орындарын қаржыландырған дұрыс деп ойлаймын.
- Маман мәселесі қалай шешіліп жатыр?
- Біздегі ең үлкен мәселе - өндіріс саласында мамандардың жетіспеушілгі. Өйткені біздегі жастардың көбі жақсы креслода отыратын мамандықтарды таңдағысы келеді. Мемлекет қолдаса, өндірістің көбеюіне қарай бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын.
Қазіргі таңда біз тәжірибесі жоқ адамдарды жұмысқа қабылдап, өзіміз үйретіп жатырмыз. Компаниямыздың аты «Баспай» деп аталады. Бұлай аталуы себебі - Баспай атамыз әлемге әйгілі жомарт байлардың бірі болған. Біз де сол кісінің ізгілігін жалғастырайық деген ниетпен «Баспай» халықаралық қорын құрғанбыз. Өзіміздің компаниямыздың жылдық табысынан 10 пайыз көлемінде қорға аударып, Алдағы уақытта осы қорды мамандарды тәрбиелеуге жұмсасақ деген жоспарымыз бар. Өндіріс саласындағы мамандықтарға грант бөлсек деген ниеттеміз.
- Көп жағдайда отандық өнімнің импорттық өнімнен құны жоғары болып жатады? Бұның сыры неде?
- Бізде «шоғырлы» өндіріс жоқ, белгілі бір өндірістік аймақ жоқ. Мысалы, өзім ұзақ жылдар тұрған Қытайдың Гуаңжоу өлкесінде Қошан деген қала бар. Сол қалада 25 қалашық бар. Әр қалашықтың өзінің шығаратын бір өнімі болады. Жиһазға байланысты бүкіл өндіріс ж иһаз өндірісімен айналысатын қалашықта шоғырланған. Әр өлкеден ағаштардың түр-түрі осы жерге әкелінеді. Осы салаға қатысты нағыз мамандар жиналады. Әртүрлі жиһаздың тұтқаларын, механизімдерін, жақтауларын өндіретін неше мыңдаған өндіріс ошақтары осы жерден табылады. Сондықтан бұл қалашықтан жиһаз өнімінің арзан әрі сапалы түрлері бүкіл әлемге таралады.
Ал, біздегі өнімнің қымбат болу себебі, тура сондай бір затты шығару үшін, механизімдерін шетелден әкелсең, ағашты басқа облыстан өзің жеткізуге тура келеді. Бір өнімді арзан өндіру үшін, сол өнімге қатысты өндіріс көбейгенде, олар бір жерге шоғырланғанда ғана жүзеге асады. Қысқасы өндірістік аймақтар құрылуы керек. Мысалы бізде Теміртаудан метал өнімдерін шығару тиімді болар еді. Өйткені шикізаты қасында тұр. Сол секілді әр облыстан зерттеулер жүргізу керек.
- Өндіріс саласына бет бұрғысы келетін жастарға не айтар едіңіз?
- Басқалар істегенді біз де істей аламыз. Сыртынан қарасаң бәрі тылсым дүние секілді болғанымен, бел шешіп кіріссең бәрі қарапайым. «Көз қорқақ, қол батыр» дейді, қорықпау керек, табандылық керек. Өндіріске деген махаббат керек, «жақсы нәрсе істеймін», «сапалы дүние шығарамын» деген ниет, жігер болу керек.
- Әңгімеңізге рақмет!