«Жастардың жайы жанға батады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 11 қыркүйек, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Ресейдің жуықта түсірген «Поддубный» фильмінде Поддубныйдың Қажымұқан есімді түрік балуанымен белдесіп, оның желкесін үзіп жіберетіні жайлы бір келеңсіз көрініс бар. Аянышты күйде сұлық жатқан түрік балуанын кілемнен сүйреп алып кетеді, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қажымұқан мен Поддубный: кім кімді жеңген?» деген мақалада.

Қазақ емес түрік балуаны де­лін­генмен, есімінің Қажымұқан болғаны себепті, кез келген қазақ көрерменінің «Поддубный» филь­мінің осы жеріне келгенде, айран-асыр қалатыны анық. Оның үстіне Қажымұқанның тек қана Ресейдің атынан емес, түрік елінің де, тіпті жапон елінің де атынан күреске қатысқаны тарих­тан белгілі. Режиссерлер түрік балуанына басқа есім таппай, Қа­жымұқанның атын таңдауы кез­дей­соқтық па, әлде қазақ баты­рын төмендету үшін әдейі істелді ме, ол жағын тап басып айта ал­май­мыз.

Қажымұқан мен Поддубный­дың күресінің шындығы тарихта қалай болып еді, шын мәнінде, кімді-кім жеңген? Біз осы сұраққа толық жауап алу үшін, белгілі қажымұқантанушы Қалиәкпар Әміржанов ақсақалды сөзге тарт­қан едік, дейді мақала авторы.

«И.Поддубный мен Қа­­­жымұқан Ресей баспасөз ақпа­ратына қарағанда төрт рет кез­деседі. Біріншісі, Санк-Петер­борда Форс паркінде (1907 ж.), екіншісі, Санкт-Петерборда (1913 ж.), үшіншісі, Оралда (1913 ж.), төртіншісі, Тбилисиде (1913 ж.). Ресми басылымдарында: үш кездесуі тепе-тең, ал біреуінде И.Поддубный жеңген болып шы­ғады. И.Поддубныйдың осы жеңі­сіне күмәндімін. Поддуб­ный Америкаға барғысы келіп, тастаңқырап кеткен күресін бас­тап, Америкаға жолдама алған­ның бірі Қажымұқанмен күреседі. Осы күресте И.Поддубный жең­ген болып жарияланады. Ал Қа­жымұқан жеңгенде не болар еді? И.Поддубный, біріншіден, Аме­ри­каға бара алмас еді, екіншіден, «чемпиондардың чемпионы», орыс күрескерлерінің ұраны, қолға ұстаған туы, қайдағы бір Муханурадан (Қажымұқаннан) неге жеңіледі деген ұлттық намыс тұрды», - дейді ғалым.

Оның өз пікірі бойынша, Қажекең И.Под­дуб­ныйды жең­ген және бір рет емес. 1907 жыл, Санкт-Петербор қаласындағы «Форс» паркінде И.Поддубныймен бірінші рет күрескен Қажымұқан екі күн күресте тең түскен. Содан бері Иван Максимович Қажекеңді өте сыйлап, жарыстарына көз салып жүрсе керек.

Санкт-Петербургте Амери­каға баруға жолдама алғанның бірі Қажымұқан еді. И.Поддуб­ныймен бірінші кездесуі 1907 жылы болса, екіншісі, 1913 жыл­дың басында өткен. Ресей бас­пасөз құралдары «осы жолы Қажымұқан ұтылды» деп жа­рия­ла­ған. Қажекең үлкен ойға қала­ды. Сол жылдары біріншіліктің жарысы Оралда жалғасқан. Сонда бұрын бір рет жеңілген Лука Копевты он екінші минөтінде құлатады. Ке­лесі күндері Штерн мен Тиганены ұтады. Ендігі қар­сыласы Поддуб­ный еді. Қажы­мұқан бұл айқасты асыға күтті... Ақыры, бір сағаттан астам уақытқа созыл­ған бұл айқас тең аяқталады.

Қажымұқанның бөтен халық­тардың, ұлттардың арасында жа­па­дан-жалғыз жүргенін байқасаң, қазақтың «жалғыздың аты шық­пайды, жаяудың шаңы шықпай­ды» деген мақалы еріксіз есіңе түседі. Соның өзінде, таласып-тармасып, табиғаттың берген ере­сен күшімен, өзінің парасат­ты­лығымен, ойшылдығымен, на­­­мыс­қойлылығымен, керек бол­са, қысылтаяңда жасаған айла­сы­мен қазақ ұлтын, Алаш атын әлемге танытқан Қажекең­нің аруағынан қалайша айнал­мас­сың...

Осы басылымда «Еңбек қайтсе ақталады?» деген талдау материалы жарық көрді. Басылымның жазуынша, бүгінгі таңда екі ақиқат көзге көрініп тұр, оның біріншісі - Жер жүзінде жаз сулы болғандықтан, астықтың бітік шыққандығы. Осыны алдын ала байқағандықтан, Чикаго тауар биржасында бидай бағасы түсіп жатыр. Екінші ақиқат - Қазақстан биыл да ойдағыдай өнім жинайтындығы. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша жинайтынымыз 18 миллион тонна болып қалар. Бұл аз емес. Осыларды білген адам егіншілік рентабельділігін зерттеймін десе, көңілді құлазытатын келесі ақиқаттарға тап болады. Оның біріншісі - Қазақстан астығының сапасы жағынан әлемде теңдессіздігі. Екінші ақиқат былайша өрнектеледі: сол аса сапалы астығымыз сата келгенде өзін-өзі ақтамайтын сыңайлы. Мұндайда осы уақытқа дейін диқан қауымды субсидиямен жарылқап келген мемлекет қазынасын тағы біраз ортайтатын шығар деп қынжыласың. Өйткені биылғы субсидия бұрынғыдан көбірек болмақ. Және қайтарымы, яғни маңдай терімен мол астық өсірген диқан қауымға жұғымы тым аз болатын сыңайлы. Өйткені біздің, басқасын былай қойғанда, іргедегі Ресей Федерациясына қарағанда тасымал шығынымыз тым көп. Қазақстан астығы арзан су жолына жеткенше ел ішінің өзінде мыңдаған шақырым тас жолмен және мыңдаған шақырым теміржолмен өтеді. Бұл - қымбат тұратын тасымал түрі. Демек, таяуда ғана астықты өңірлерді аралаған Елбасымыз айтқанындай, астық экспортын азайтып, оның есесіне егіншілік өнімдерін мал бордақылауға пайдаланып, ет экспорттасақ, бұл қазіргімізге қарағанда әлдеқайда пайдалырақ болар еді. Орайы келгенде айта кетейік, Еуро­одақ­тан ет сатып алуын доғарған Ресейдің базары қа­зір біз қанша ет апарсақ та «жұтып жі­бе­ретіндей» жағдайда. Бірақ біз осындай мүм­кіндікті пайдалана алмаймыз. Себебі және өкі­ніштісі, осынау сыйымдылығы жоғары, сұ­ранысы мол сауда алаңын қамтамасыз ете­тіндей ет беретін мал бізде жоқ. Ауыл­ шаруа­шылығы министрлігі соңғы 15 жыл бойына аграр­лық саланы дамыту үшін мемлекеттен мол қаржы алса да, оны білімділікпен пай­да­ланбағандықтан, тіпті біз өзімізді-өзіміз ет­пен, сүтпен қамтамасыз ететіндей жағдайға да әлі жетпеппіз. Керек болса, осы тауарлар бойынша қажетімізді сонау Атлант мұхи­ты­ның арғы бетіндегі Аргентина, Бразилиядан та­сымалдап жатырмыз.

***

Ауылдан қалаға сан қырлы арман-мақсаттарын ала келген талапкерлердің бар ойы жақсы білім алсам, әке-шешемнің үмітін ақтасам, ең бастысы - азат еліме адал еңбек етсем дегенге саяды. Иә, олар қайдан білсін қаланың қым-қуыт өмірін. Алып-ұшып жүргенде жол ақысының жолыңды тіліп түсетінін, азық-түліктің арзан еместігін, бас­пананың басты қатыратындығын сезді дейсің бе, деп жазады «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы «Жастардың жайы жанға батады» атты мақалады Еуразия ұлттық университетінің студенті Рәбия Керімбай.

Қалаға келген соң артқа қайтар жол бар ма? Жоқ. Білім ордалары жатақхананы тек мемлекеттік грант иегерлеріне ғана береді. Ал ақылы бөлімде оқитын студенттерге жатақхана қарастырылмаған. Мұны бір деп қойыңыз. Жарайды, жатақхана алды дейік. Жайғасты. Студенттің ай сайынғы шәкіртақысы 19500 теңге. Оның өзі тек беске оқығандардың еншісінде. Ол ақшаны бір айға шағатын болсақ, күнделікті сабаққа барып келуі 180 теңге, түскі асы кем дегенде 300 теңгені құрайды. Қарап тұрсаңыз, бір күнге қарапайым есеппен 500 теңге кетті. Ол-ол ма?! Оның арасында іс-шара, мейрамдар бар. Оған кем дегенде 3000 теңге шығын кетеді. Сатып алатын кітабың, киімің - ол бір төбе. Олардың құны да мәз емес. Осыдан кейін қалтаңды қаққан теңгені есептей беріңіз.

Осындай кезде студент жастар не істеуі керек? Сабақ оқып, білім нәрімен сусындай ма, әлде, жан бағудың әлегімен жұмыс іздеп, көше кезу керек пе?

Ендеше, алдағы уақытта Елбасы тапсырмасына орай, тиісті орындар жастарға, әсіресе, қала тірлігіндегі студенттерге жағдай жасауды қарастырса дегіміз келеді.

Әрине, шәкіртақы өседі. Бірақ оның соңынан қымбатшылық шыға келетіні де бар. Атам қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш», деген сөз бар. Ашылған бұлақтың арнасын кеңейтсе, жастар кемелді болып өсетіні сөзсіз. Бір кездері АҚШ президенті болған Дж. Кеннеди: «Бізге өзімізде ешқашан болмаған дүниелер жайлы армандайтын жастар керек», деген екен. Біздің жастар осындай рухты талпыныста өсіп келеді. Бірақ жоғарыдағыдай қиын түйіндер ойымызды орап кететін кездер де аз емес, дейді студент.

Осы басылымның жазуынша, АҚШ президенті Барак Обама елдегі екі партияның жетекшілерімен кездесуде «Ислам мемлекетімен» күресу үшін Конгрестің рұқсаты қажет емес деп мәлімдеген. Ақпарат «Конгрестің рұқсатын күтпейтін сияқты» деген тақырыппен берілген.

Конгрестегі өкілдер палатасының спикері, Республикашылар партиясының мүшесі Джон Бейнер президенттің бастамасына қолдау білдіре келіп, бұл сириялық оппозицияның бірқатар топтарына тиімді болар еді деген көрінеді. Айта кетейік, бүгін, 11 қыркүйекте Барак Обаманың исламшылармен күрес жөніндегі бағдарламалық сөз сөйлеуі жоспарланып отыр. Ал АҚШ-та президент Конгрестің мақұлдауынсыз 60 күн ішінде соғыс жүргізуге құқық беретін заң бар.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Алматы облысның мыңдаған тұрғындары жыл соңына дейін өздерінің баспаналық жағдайларын жақсартады. «Грядут новоселья» деген тақырыппен берілген мақалада жазуынша, көп қабатты үйлердің негізгі бөлігі «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынады. Сондай-ақ, жалға берілетін және ипотекалық тұрғын үйлер өздерінің дизайнымен және жайлылығымен ерекшеленетін болады. Сонымен қатар, үйлердің құнын төмендету мақсатында Талдықорғанда үй салу комбинаты іске қосылып, ол өзінің тұңғыш өнімдерін бере бастады. Комбинаттан шыққан құрылыс материалдары тұрғын үй салуда кеңінен қолданылуда.