- Аманжол аға, бүгінгі қазақ қоғамында ұлт тұтастығын сақтау үшін қандай іс-әрекетке мән берген жөн? Өйткені адамдардың түрлі көзқараста болғаны өз алдына бөлек тақырып болса, діни ұстанымдарға бөлінуі қауіпті құбылысқа айналып отыр.
- Рухани жаңғыру жағдайында қазақ халқының тәуелсіздігінің баяндылығы үшін және жаһандануға жұтылмай өркениет көшіне өзіндік бет-бейнесімен ілесуі үшін ұлттық бірегейлену үдерісі маңызды. Сондықтан, қазақ этносының, ұлт тұтастығының көрінісі сипатталған рухани мұраларды тауып, ұлттың этикалық ұстанымдарымен ұштастығын зерттеудің мәні зор. «Бірегейлену», «бірегейлік» ұғымдарының өзі сол қоғам мүшесінің, жеке тұлғаның өзін-өзі қандайда бір әлеуметтік, діни, саяси, этникалық қауымдастықтың мүшесі ретінде сезінуімен анықталады. Бірегейлену үдерісі жеке тұлғаның өзін әлеуметтік және этникалық топтың мүшесі ретінде сезіне отырып, сол топтың ықпалымен әлеуметтік қызметтің алуан қырын меңгеріп, әлеуметтік рөлдерді орындай отырып, қоғамдағы этикалық құндылықтар мен моральдық нормаларды тиімді меңгеруіне мүмкіндік береді. Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ұлттық идеологияның өзегі ретінде ұсынылған «Мәңгілік ел» идеясы - халықтың рухани этикалық мақсат-мүддесімен үндесетін, болашақ асыл арман-мұраттарға қанаттандыратын озық идея.
- Рухани жаңғыру идеялары қазақ қоғамын қалай дамытарына талдау жасап бере аласыз ба?
- Адамзат тарихында, сол сияқты қазақ халқының тарихында да әралуан мемлекеттік қоғамдық құрылымдар кезең-кезеңімен өтті. Алайда, сол замандардан осы күнге дейін өзектілігін жоймайтын болашаққа ұласатын этикалық ұстанымдар мен асыл мақсат-мұраттар бар. Соның бірі – ұлт тұтастығы мен рухани тәуелсіздікті сақтай отыра, этикалық мұраттарға сәйкес өркениет бағытында даму. «Өзін-өзі билеген ел бақытты, өзін-өзі таныған ер бақытты!» деген нақыл бар. Осы қазақ мақалында ел мен ердің бақыты егіздей айтылып, ел бақытының шартын егемендікпен, ал ер бақытын өзін-өзі тану арқылы рухани кемелдікке жетуімен байланыстыру айрықша назар аударарлық нәрсе және ол бүгінгі біздің күйімізді айшықтап, бет-бағдарымызды айқындайды. Тәуелсіздік – мемлекеттің егемендігімен мағынаға ие болса, адамның дамуы рухани егемендікпен толығады.
- Қоғамды дамыту үшін адамның ішкі әл-ауқатын, Абай хакім айтпақшы, «кемел инсан» болуы үшін жеке адамның ішкі рухани дүниесін кемелдендіру керек демексіз ғой...
- Әлбетте, халық санасында өткенді бүгінімен жалғастыратын әр заманда жаңа қырынан көрініп, түбегейлі мәні арта түсетін ер және ел тағдырымен тамырлас этикалық мұрат, мүдделері, құндылықтары бар. Елдің мемлекеттік тәуелсіздігі – егемендіктің негізгі мағынасы болса, оның мәні қоғамның негізгі тұлғасы – адамның, ердің ішкі еркіндікті (ой азаттығы – ред.) иеленіп кемелдікке жетуімен толығады. Яғни, мемлекеттік құрылымының өзі дәстүрлі мәдениеттің сыртқы қорғаушысы ретінде қызмет атқарып, сол дәстүрлі мәдениеттің тұлғасы – адамның – ердің рухани толысатын ортасы бола алған жағдайда ғана нағыз елдік мұратқа жетеді.
- Ол үшін не істеу керек?
- Елдің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресінің өзекті мәні – сан ғасырлық даму тарихы бар атадан мирас болған дәстүрлі мәдениетті қадірлеп сақтау және оны қазіргі заманның индустриалды-инновациялық дамуымен үйлесін қамтамасыз ету. Яғни, ер жігіттің қорғауға тиісті негізгі намысы – иманы, отбасы, Отаны болғандықтан, басты этикалық ұстанымдар да осыған мазмұндас болуы керек.
- Осы түсінік жат ағымға кеткен адамды отаншылдық, қазақы тамырына жалғайды деп ойлайсыз ба?
- Дәстүрлі мәдениеттің тылсымынан терең тамыр алып, тығыз астасып, жаһандану дәуіріндегі әрбір шешуші кезеңде бой көрсетер құндылықтар жүйесі, ер намысы және ел мүддесінің тұтастанған этикалық ұстанымдармен айқындалады. Осылайша, адамның жеке ойы ел мүддесі рухани жаңғырумен ұштасып, жан дүниесіндегі рухани хәл-ахуалды танып білуі арқылы, этикалық адамгершілік – тазалыққа, рухани кемелдікке ұмтылады. Осы мәселеге байланысты Абайдың ақын шәкірттерінің бірі Шәкәрім қажы «адамды бастыр ілгері» деген сөзді өз шығармаларында қолданады.
- Адамды қалай ілгері бастыруға болады?
- Жан дертін емдеуге, адамды сүюге, этикалық адамгершілікке адалдыққа баулу арқылы адамды рухани кемелдікке жеткізуге болады. Ойы азат адам нәпсінің жетегінде кеткен адамның азғындауын, саяси мүдделердің желеуімен этикалық адамгершілік мұраттардан адасқан қоғамның тоқырауын, соқыр сенім, жалған идеялардың соңында кетіп ғылымның, діннің, философтардың адасуы мен бұрмалауына ұрынуды таза ақылдың сын-сарабына сала бастайды. «Адасып діншіл азғанын, пәншілдер ғылым қазғанын, философ ойшыл жазғанын, сынауға енді бұрдым бас» деген ғұлама бұл бетбұрысты жан ізденісінен туғанын айтады. «Дінім қалай, жаным не, Жоғалам ба өлгенде? Әлемді кім жаратқан, осынша түрлеп, таратқан?», «Ақирет деген немене, шыққан жан қайта келе ме, кіре ме осы денеге, дәлелі қайсы сенгенде?» Бұл сұрақ кез келген адамды толғандырмай қоймайды, адам болмысының мәнін айқындайтын сауалдар. Әрине, бұл сұрақтарды өзіне өзі қоймайтын, тіптен осы сауалдарды өмірінің әр кезеңінде жаңартып өзіне қойып отырмайтын адам кем де кем.
- Аманжол аға, жат діни ағым жетегінде кеткен қаншама жастарымыз бар, Алматы қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасы Мониторинг және талдау орталығы арқылы профилактикалық жұмыстарды жүргізуге белсенді үлес қосудасыз. Шырмалғандарды шатақ діннен айықтыру үшін оқырманға айтар кеңесіңіз бар ма?
- Жат діни ағым жетегінде кеткендер кімдер? Ақылмен тапқан нұрлы иманға жүгінушілер емес, дінді соқыр сенімге айналдырып бұрмалаушылар, дінді қақпан қылып адам аулаушылар, дін терісін жамылып, адамды аң орнына атушылар, дінді тұзақ етіп шәкіртін құлдыққа мәжбүрлеушілер қара басына пайдаланатын бұрмалаушылар. Осы ұшқарылықтары адамдарды діннен бездірген. Осындай жалған нанымдардан қашқан адамдар екінші ұшқарылыққа ұрынды, сөйтіп, «жанды» және «Жаратушыны» жоққа шығаруға бет бұрды. Сондықтан, діннің ақылды сауықтыратын, нәпсіні тыятын, рухты өсіретін қасиетін ашу және дінді осы мақсатта ұстанудың үлгісін көрсету – басты мақсат болуы керек. Осындай ізденістің жоқтығынан дінді бүгінде идеологиялық құралға айналдыру арқылы, әлемге үрей мен қорқыныш туғызып, жекелеген топтардың мүддесіне пайдалануға ұмтылыс үдерісі арта түскені көрінеді.
- Сұхбатыңызға рахмет