Дәрігер Наида Набиуллинаның айтуынша, жатыр мойны обыры – баяу өседі, ұзақ инвазивті кезеңге ие және қымбат қондырғылардың көмегінсіз-ақ тексеруге болғандықтан ерте анықтап, алдын алуға болатын дерттердің бірі. Қатерлі ісікпен ауыруды және өлім-жітімді төмендету бойынша қол жеткізген жетістіктерге қарамастан, Қазақстанда сырқаттанушылық деңгейі артқан.
«Жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыратын науқастардың орташа жасы 40 пен 50 жас аралығында, яғни өмірдің ең әлеуметтік белсенді кезеңіне сәйкес келеді, сондықтан бұл дерттің қоғамға қандай зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті.
Жатыр мойны обырының пайда болуына әкелетін негізгі этиологиялық фактор - адам папилломавирусы. Бұл вирустың жүзден астам түрі бар. Соның 14-і адам үшін қауіпті, түрлі обырға әкелуі мүмкін.
Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі адам папилломасы вирусының 16 типті және 18 типті түрін канцерогенді фактор ретінде ресми түрде мәлімдеді. Олар кейін жатыр мойнының дисплазиясына немесе онкопатологияға әкелуі мүмкін. Ал жалпы онкогенді папиллома вирусы тек жатыр мойны обырына әкеп соғады деп ойлау дұрыс емес. Ер адам да жыныс мүшесі қатерлі ісігіне шалдығуы мүмкін», - дейді маман.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, жатыр мойны обыры 95% жағдайда адам папиллома вирусынан болады. Сондай-ақ қатерлі ісіктің дамуына темекі шегу, адамның иммун тапшылығы вирусы, бірнеше жүктілік, тұқымқуалаушылық, яғни отбасында жатыр мойны обырымен ауру жағдайларының болуы, әйелдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының төмендігі себеп.
«Адам папиллома вирусы ерте жастан жыныстық қатынасқа түскенде немесе бірнеше жыныстық серіктестердің болуынан ағзаға енуі мүмкін. Өйткені, вирус байланыс арқылы жұғады. Заттардың бетінде ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан көбіне жыныстық жолмен тарайды.
Профилактикалық шаралар кешенін екі блокпен қарастырамыз, олар - бастапқы және қайталама алдын алу. Бастапқысында адам папиллома вирусын жұқтырудың алдын алу, ол - білім беру бағдарламалары және вакцинация.
Екіншісі - ауруды ерте анықтауға және оны асқындырмай емдеуге бағытталған шаралар», - дейді Наида Набиуллина.
Бастапқы профилактикадағы басты рөл халықтың дерт туралы білімін арттыруға, жыныстық серіктестер санын азайтуға, контрацепцияны қолдануға, тиісті тағамдық қоспаларды қолдануға, спортпен шұғылдануға, жаман әдеттерден бас тарту арқылы денсаулықты жақсартуға бағытталған. Олар - интервенциялық бағдарламалар деп аталады.
«Мұндай бағдарламаны Англияда енгізу жыныстық өмірдің кейінірек басталуына, АҚШ-та ЖИТС-ті жұқтырудың төмендеуіне ықпал етті. Адам папилломасы вирусының таралуы, скрининг қажеттілігі, жыныстық және контрацептивті гигиена туралы білім папилломовирус инфекциясының таралуын және жатыр мойны қатерлі ісігімен ауыру жағдайларын айтарлықтай төмендетуі мүмкін.
Ал қайталама профилактика халықтың осал топтарын толық тексеру кезінде қатерлі ісікке дейінгі немесе ерте анықтауды қамтиды. Көптеген елдерде ондаған жыл бұрын жатыр мойны ісігінен қайтыс болатындар саны көп еді. Соңғы 40-50 жылда АҚШ, Еуропа, Австралияда скринингтің цитологиялық әдісін (Пап-тест) енгізу қатерлі ісік ауруын 80-90% төмендетуге мүмкіндік берді. Адам папиллома вирусы жатыр мойны ісігіне ауысуы 10-15 жылға созылатындықтан, мұндай скринингтің мақсаты – ауруды ерте кезеңде диагностикалау және оны қатерлі ісікке дейінгі кезеңде емдеу. Егер барлық алдын-алу және емдеу шаралары уақтылы қабылданса, онда бұл қатерлі ісіктен жазылып кету 90% құрайды», - дейді гинеколог.
Маманның айтуынша, жатыр мойнының қатерлі ісігін анықтауға арналған бірнеше тәсіл бар. Бұл кіші жамбас органдарын визуалды тексеру және онкоцитология жағындыларына сынама жасау. ПАП жағындысы әлемде жатыр мойны ісігі скринингінің негізін құрайды. Егер де оның қорытындысы бойынша цитопатология анықталған жағдайда, әйелдер қайта тексеруге жіберілуі керек.
«Әйелдерді қауіпті ісіктің осы түрінен қорғаудың тағы бір жолы – вакцинация. Бұл бағдарлама цитологиялық скринингті егде жаста бастауға және тексерулерді сирек жүргізуге мүмкіндік береді.
Жатыр мойны обырын немесе ісікке дейінгі жағдайды анықтау үшін қымбат немесе инвазивті зерттеу әдістерін қолданудың қажеті жоқ. Ең бастысы, әйелдер гинекологке жоспарлы түрде барып, көрініп тұрса болғаны. Әрқайсы мұндай тексерістердің маңыздылығын түсінуі қажет», - дейді Наида Набиуллина.