Жайық өзені арнасынан асса, Атырау қаласын су басуы мүмкін бе

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Құлсары қаласын Жем өзенінің арнасынан асқан тасқын су басты. Мұндай жайт Жайық өзенінің жағалауындағы Атырау қаласында қайталануы мүмкін бе?

Фото: "Ақ жайық" газеті

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, Жылыой ауданында тасқын сумен күресуге дайындық екі апта жүргізілген.

Мұнда үш күннен бері тасқынға қарсы жұмыс жүріп жатыр. 

«Бірақ, тасқын су Құлсары қаласын басып кетті. Зардап шеккен бауырларымызға барлық көмек көрсетіліп жатыр. Шығын көлемі өтеледі. Дегенмен, Атырау қаласы да бұл „тағдырды“ қайталауы мүмкін. Су басу қаупі Ресейдегі Орынбор, көршілес Орал қалаларындағы тасқыннан кем болмайды деген болжам бар. Әлбетте дайындық жүріп жатыр. Бес күннен бері өңірдің 20 құрылыс, мұнай саласындағы 6 компаниясы Жайық өзенінің жағалауын бекітуге кірісті. Олар қорғаныс бөгетін салуға жұмылдырылды. Қажетті қапшық, күрек және тағы басқа материалдардың резервін дайындалып, инертті заттар жинақталды», -дейді Жасұлан Бисембиев.

Әкім орынбасарының пікірінше, Жайық өзеніне су Ресейдің Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан жіберіледі.

Су Қазақстан аумағында Батыс Қазақстан өңірі арқылы Атырауға облысындағы Индер, Махамбет аудандарының аумағымен ағып келеді.

«Қазір Индер ауданында жаға бекіту жұмыстарына 54 арнайы техника, 408 қызметкер жұмылдырылған. Бұл ауданда Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті аумақтарға жалпы ұзындығы 10 километр бөгет соғылды. Бұл жұмыстарға 37 950 дана қап пайдаланылды. Ал, Махамбет ауданындағы елді мекендердің судан қорғаныс бөгетінің жалпы ұзындығы — 80 километр. Жайық өзені бойындағы 17 елді мекеннің ішінде 9 қорғаныс бөгеті осал. Олар Талдыкөл, Бейбарыс, Алға, Махамбет, Сарытоғай, Ескі Сарайшық, Еңбекшіл, Есбол және Ортақшыл ауылдары тұсында орналасқан», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Махамбет ауданында су тасқынынан қорғану үшін 56 мың қапқа топырақ қапталып, өзен жағалауы бекітілді.

Бұл жұмыстарға барлығы 95 техника, 142 қызметкер, 1300 ерікті жұмылдырылды.

«Ал, Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауындағы 12 аумақты бекіту жұмыстарын 172 техника тартылды. Қазір жағалауда биіктігі 2 метр, жалпы ұзындығы 7 километр бөгет салынды. Жұмыста барлығы 100 мың қап пайдаланылды. Бұл жұмыс жалғасып жатыр», -дейді әкім орынбасары. 

Атырау қаласында Жайық жағалауындағы жұмыстарды 5 мыңнан астам адам атқарып жатыр.

Оның ішінде әкімдіктің, Қорғаныс министрілігінің, Ұлттық ұланның, төтенше жағдайлар, полиция департаменттерінің өкілдері жұмылдырылған.

Бұл іске 4 мыңға жуық еріктілер тобы үлес қосуда.

Әкім орынбасарының пікірінше, бұл әлі де жеткіліксіз болып отыр. 

«Себебі, 5 сәуірде Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан рекордты су көлемін тағы да жіберілді. Мұндай су көлемі осы кезге дейін болмаған. Сондықтан бірлігімізді танытып, Атырау қаласын тасқын су апатынан аман алып қалуға жұмылуымыз керек. Бізге әр атыраулықтың көмегі керек. Барлығымыз бір кісідей Жайық жағалауындағы бөгетті биіктетіп, бекітуіміз қажет. „Көп түкірсе — көл“ дегендей, әр азамат бір қап құмды жағаға әкелсе, үлкен бекет болары сөзсіз», -деп мәлім етті Жасұлан Бисембиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін тасқын су Атырау облысындағы Құлсары қаласына кіре бастағанын жазған едік. 

Құлсары қаласында 2 500 үйді тасқын су басып, 4000 адам, оның ішінде 1 мыңнан астам бала көшірілді.

Кейін Құлсарыда әкімдік, әлеуметтік нысандар мен орталық стадион су астында қалды.