Жайлаудағы бір күн: қазақ отбасы жазды қалай өткізген

АСТАНА. KAZINFORM – Жайлау қазақтың дәстүрлі өмірінде үлкен орын алған. Мұнда жылдың ең қызу кезеңі өтіп, отбасы шаруамен айналысып, қысқа азық-түлік дайындаған, ағайын-туыспен қауышып, қонақ шақырып, той-томалақ өткізген. Ал балалар ересек өмірге қажет дағдыларды күнделікті тіршілік барысында меңгерген.

Фото: Kazinform/ЖИ

Қазақ отбасының жайлаудағы қалыпты бір күні қалай өткенін Kazinform тілшісіне тарих мамандығы бойынша философия докторы (PhD), Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті тарих кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы Ләззат Бисембаева айтып берді.

Қазақтар не үшін жайлауға көшкен

Тарихшының айтуынша, қазақтардың дәстүрлі шаруашылығының ерекшеліктері көп жағдайда жердің табиғи-географиялық жағдайына байланысты қалыптасты. Мал шаруашылығы қолайлы жайылымдарды үнемі іздеуді талап етсе, мал басын сақтап, көбейту қажеттілігі көшпелі өмір салтының қалыптасуына ықпал етті.

Дәстүрлі қоғамда шаруашылықтың табиғи жағдайларға тәуелділігі айрықша жоғары болды. Соның нәтижесінде жылдың төрт мезгіліне сәйкес келетін маусымдық көшіп-қону жүйесі қалыптасты, яғни көктеу – көктемгі жайылым, жайлау – жазғы жайылым, күзеу – күзгі жайылым және қыстау – қысқы қоныс.

Олардың ішінде жайлаудың орны ерекше.

– Жайлау үшін қыстаудан алыс, кейде өте қашық орналасқан жерлер таңдалды. Ол жерлерде шөбі шүйгін, суы тұщы, өзені, көлі, бұлағы бар, ауасы салқын әрі жәндік аз болуы керек, – дейді Ләззат Бисембаева.

Фото: Ләззат Бисембаеваның жеке мұрағатынан

Жазғы жайылымдар малды жақсы азықпен қамтамасыз еткен. Сонымен қатар жайлауға көшкен соң адамдардың өмір сүру ырғағы да өзгерді.

Мұнда ауылдар бір-біріне жақынырақ орналасқандықтан, жаз адамдардың белсенді араласатын кезеңіне айналды. Қыс бойы көріспеген ағайын-туыс қайта қауышып, отбасылар бір-біріне қонаққа барған. Дәл осы кезеңде үйлену тойлары, қыз ұзату, жаңа түскен келінді қарсы алу, ас беру және басқа да дәстүрлі шаралар өткізілген.

Егер жаз мезгіліне Ораза айт секілді діни мерекелер тұспа-тұс келсе, олар да бүкіл ауыл үшін маңызды оқиғаға айналған.

Алайда осындай қызу қоғамдық өмірдің артында күнделікті тынымсыз еңбек тұрды. Жаз – алдағы қысқа қажетті азық-түлік қорын дайындайтын аса маңызды кезең еді.

Таң түндікті ашудан басталған

Жайлаудағы әдеттегі күн өте ерте – күннің алғашқы шуағымен басталған. Таңертең жасалатын алғашқы жұмыстардың бірі – әйел адамның киіз үйдің шаңырағын жауып тұрған түндікті ашуы. Осыдан кейін күнделікті шаруашылық тіршілік басталатын.

Таңғы асқа дейін әйелдердің атқаратын жұмысы аз болмаған. Қой мен ешкіні сауып, сүтін дайындау, биені сауу қажет еді.

Сонымен қатар, тарихшының айтуынша, дәстүрлі көшпелі шаруашылық туралы сөз қозғағанда, оны қазіргі ауылдағы үй шаруашылығымен салыстыруға болмайды.

– Көшпелі тұрмыста сиырды көп ұстамаған, себебі олар ұзақ көшіп-қонуға бейімделмеген. Ірі қара мал кейінірек, отырықшы өмір салтына көшу барысында кеңірек тарала бастады, – деп түсіндірді Ляззат Бисембаева.

Таңғы алғашқы жұмыстар аяқталған соң, отбасы таңғы асқа жиналған.

Дастарқанда айран, қымыз, ыстық сүт пен бауырсақ болуы мүмкін. Ауқатты отбасыларда кешкісін артылған сүр немесе піскен ет те дастарқанға қойылған. Бұл ретте отбасының күнделікті ас мәзірі оның тұрмыстық жағдайына тікелей байланысты болған.

– Қоғамда ауқатты да, тұрмысы төмен де отбасылар болғанын түсіну керек. Кешкісін қалған еттің болуы көбіне ауқатты отбасыларға тән еді. Қарапайым отбасы көже және сүт өнімдерімен тамақтануы мүмкін, – дейді тарихшы.

Мұндай таңғы астың қазіргі қазақстандыққа үйреншікті таңғы астан тағы бір ерекшелігі – дастарқанда ұзақ уақыт бойы шай болмаған. Тарихшының айтуынша, шай ішу дәстүрі әлдеқайда кейін, шамамен XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап кең тарай бастаған.

Фото: Kazinform/ЖИ

Таңғы астан кейін әркім өз шаруасына кіріскен

Таңғы ас аяқталған соң негізгі жұмыс күні басталды. Ер адамдар мен есейіп қалған ұлдары малға қарай бет алған. Әйелдер мен қыздар үй шаруасымен айналысып, киіз үйді ретке келтірген, тамақ дайындаған және басқа да үй жұмыстарын атқарған.

Күндіз ер адамдар жылқы мен қойды жайып, малды бақылаған, ер-тұрманды, ат әбзелдерін және шаруашылыққа қажетті басқа да заттарды жөндеген.

Әйелдердің күні де тығыз жұмысқа толы болған. Олар киім тігіп, жүн өңдеп, киіз басқан. Уақыттың едәуір бөлігі сүт өнімдерін дайындауға жұмсалды. Қымыз бен айран әзірлеу, құрт қайнату және басқа да сүт өнімдерін жасап, кейін оларды кептіріп, қысқа сақтауға дайындау қажет еді.

Бұл жұмыстардың көпшілігі сол күнгі қажеттілікті өтеумен ғана шектелмеген. Отбасы жаз айларын жылдың неғұрлым қиын кезеңіне дайындалу үшін пайдаланған.

Балалардың күні қалай өткен

Қазіргі түсініктегідей балалардың оқуын, үй шаруасындағы міндетін және бос уақытын бір-бірінен бөліп қарау болмаған. Олар отбасының күнделікті шаруасының ішінде ер жеткен. Күннің басым бөлігі табиғат аясында өткен.

Ұлдар әкелеріне еріп, мал бағуға көмектескен, атқа отыруды, жылқыны басқаруды және шаруашылыққа қатысты түрлі тапсырмаларды орындауды үйренген. Қыздар көбіне аналарының жанында болып, біртіндеп үй шаруасын жүргізудің қыр-сырын меңгерген.

– Ұлдар әкелеріне, қыздар аналарына көмектескен. Күнделікті міндеттерін орындай отырып, балалар еңбекке қажетті дағдыларды да қатар меңгерген, – деп түсіндіреді тарихшы.

Сондықтан тәрбие күнделікті өмірден бөлек жүргізілмеген, керісінше, сол тіршіліктің ішінде жүзеге асқан. Бала үлкендердің ісіне қарап, оларға көмектесіп, біртіндеп қажетті жұмыстарды өз бетінше орындауды үйренген.

Жайлау ағайын-туысты жақындастырған

Сонымен қатар отбасының өмірін бүкіл ауылдың тіршілігінен бөлек қарастыруға болмайды. Жайлауда ағайын-туыс бір-біріне жақынырақ қоныстанып, жиі кездесіп, қонаққа барып отырған. Алайда туысқа бару міндетті түрде жұмыстан демалу дегенді білдірмеген. Адамдар шаруашылық жұмыстарын бірге жалғастыра берген. Бұл дәстүрлі тұрмыстың маңызды ерекшелігін көрсетеді – өзара көмек күнделікті өмірдің бір бөлігі болған.

Бірлескен еңбек, қонақжайлық және туыстардың бір-біріне қолдау көрсетуі отбасылар арасындағы байланысты нығайтқан. Сондықтан жайлау тек шаруашылық жүргізетін емес, әлеуметтік қарым-қатынас орнына да айналған.

Кешкі асқа не жеген

Кешке қарай мал жайылымнан қайтарылған. Оны қабылдап, орналастырып, малға қатысты шаруаларды аяқтау қажет еді. Осы жұмыстардан кейін ғана отбасы кешкі асқа жиналған. Егер бұл уақытта қонақ келсе, оны ортақ дастарқанға шақырған. Кешкі астың негізін пісірілген ет пен сорпа құраған. Айран мен қымыз ішкен.

Фото: Kazinform/ЖИ

Ләззат Бисембаеваның айтуынша, қазіргі таңда кешкі уақытта жеңіл тамақ жеу керек деген түсінікті дәстүрлі көшпелі өмір жағдайына қолдану қиын. Күнделікті ауыр дене еңбегі көп күш-қуатты қажет еткендіктен, тағам да тойымды болуы керек еді. Бұл ретте таңғы ас сияқты кешкі ас мәзірі де отбасының материалдық жағдайына байланысты болған.

Кешкі уақыт әңгіме, ән және домбыраға ұласқан

Шаруашылық жұмыстары аяқталған соң күннің тағы бір маңызды бөлігі басталған. Кешкі уақытта үлкендер балаларға ата-бабасы туралы әңгімелеп, шежірені түсіндіріп, аңыз-әңгімелер айтқан, ата-бабаларының бастан өткерген оқиғаларын еске алған, мақал-мәтелдер айтып отырған. Жастар ән айтып, домбыра тартып, күй орындаған.

Бала үшін мұндай кештер өзінше бір мектеп қызметін атқарған. Үлкендердің әңгімесі арқылы ол қай рудан тарайтынын, ата-бабасының кім болғанын, қоғамда қандай мінез-құлық нормалары қалыптасқанын білген. Ән, күй, мақал-мәтелдер мен әңгімелер арқылы мәдени жады мен құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған.

Кешкі жұмыстар аяқталған соң отбасы ұйқыға дайындалған. Тағы бір күн аяқталып, таң атқаннан кейін үйреншікті тіршілік қайта басталған: мал бағу, сауу, тамақ дайындау, жайылымға шығу, азық-түлік әзірлеу және шаруашылық қамы.

Сонымен бірге барлық қазақ отбасы ұстанған бір ғана әмбебап күн тәртібі болды деу мүмкін емес. Тұрмыс отбасының дәулетіне, құрамына және нақты шаруашылық жағдайына қарай әртүрлі болған. Дегенмен негізгі тіршілік түрлеріне қарап, жазғы жайылымдағы өмірдің жалпы ырғағын елестетуге болады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Сондықтан Ләззат Бисембаева атап өткендей, жайлауды тек мал маусымдық жайылатын орын ретінде қабылдау дұрыс емес.

– Жайлау қазақ халқы үшін малдың маусымдық жайылымы ғана болған жоқ. Бұл – отбасылық тәрбие, еңбек, қонақжайлық, салт-дәстүр және тарихи-мәдени құндылықтар тоғысқан ерекше әлеуметтік-мәдени кеңістік, – деп түйіндеді тарихшы.

Айта кетейік, бұған дейін, Қырдың келіні жайлаудағы өмір тынысымен бөліскен еді.