«Ситуативті қазақ тілі» трилогиясының авторы орыс тілді адамдарға қазақ тілін үйретумен айналысып келеді.
Оның айтуынша, қазақ тілін үйрету әдіснамаларының ең басты кемшілігі оқылған сөздерді практикалық қолдануға бағытталмағандығында.
«Менің кітаптарым ересек оқырмандарға арналған. Бірақ тура осы принципті балаларға да пайдалануға болады. Балаларға көшеде, партада пайдалана алатын фразалардан бастау керек. Адамдар өзі айтқан сөздерді жақсырақ жаттайды. Сөзді тек жаттап алған дұрыс емес, оны қолдану керек», - деді автор.
Оның айтуынша, мемлекеттік тілде сөйлеу жастар арасында сәнге айналуы тиіс.
«Сәнді заңмен енгізе алмайсыз. Тыйым салу арқылы да ештеңеге қол жеткізу мүмкін емес. Жастарды үлкен мәдениет арқылы ғана ынталандыруға болады. Сапалы контент жасау маңызды. Телеарналардың өзі қазір параллель кеңістікте өмір сүріп жатыр. Олай болмауы тиіс. Тілдер бірін-бірі толықтыру керек. Нұртас Адамбайдың фильмдерінде кейіпкерлер қазақ, орыс тілдерінде сөйлеседі. Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» романында француз тілінде жазылған тұтас блоктар болды. Сол кезде орыстар бірнеше тіл білген. Бұл қалыпты саналған», - деді Қ.Тасыбеков.
Автордың трилогиясы онлайн-форматта да жұмыс жасап тұр. Бір айдан бері мобильді қосымша арқылы қазақ тілін үйреніп жатқандар қатары көбейіп келеді.
Оның айтуынша, латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің дамуына тың серпін беріп, терминология саласындағы даулы мәселелерге нүкте қояды.