АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 337-ракеткасы Жібек Құламбаева Нави-Мумбай (Үндістан) ITF W50 турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші 1/8 финалда дүниежүзілік рейтингіде 991-орында тұрған жапониялық Анри Нагатамен шеберлік байқасты.
Бірінші партия барысында Ж.Құламбаева 3, А.Нагата 2 брейкпен көзге түсіп, сет 6:4 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына шешілді.
Екінші сетте де осы жағдай қайталанды — 7:5.
Тартысты өткен матч 2 сағат 4 минутқа созылды.
Жібек Құламбаева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 401-ракеткасы, индонезиялық Приска Маделин Нугрохомен таласады.
Ж.Құламбаева қазіргі сәтте WTA Live рейтингісінде 314-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирді сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).