Жеке сот орындаушыларының институтын енгізу мәселесі заңмен реттеледі

АСТАНА. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Үкіметтен Мәжіліске «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң жобасын екінші оқылымға дайындады.

Депутаттардан келіп түскен өзгерістер мен толықтырулар ҚР Жоғарғы соты жанындағы Сот әкімшілігі комитеті, Әділет министрлігі өкілдерінің қатысуымен талқыға салынған. Осы жоба бойынша жұмыс тобының және комитеттің отырыстары болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ұсынылған заң жобасы жеке сот орындаушылары институтын құру, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру, ел Президенті республика судьяларының IV съезінде алға қойған міндеттерді іске асыру арқылы атқарушылық іс жүргізу жүйесін түбегейлі реформалауға бағытталған. Комитеттің берген қорытындысында жеке сот орындаушыларының институтын енгізу қосымша бюджет қаражатын жұмсамастан, орындаудың мемлекеттік жүйесінің жүгін жеңілдетуге мүмкіндік беретіні атап өтілген. Мұның өзі осы саланың жұмыс сапасын жақсаруға лайық келеді.Айта кету керек, көптеген мемлекеттер орындаудың қолданыстағы жүйесінің кемшіліктерін жою үшін жеке орындаудың балама жүйесін енгізді не оның мемлекеттік жүйесін толық ауыстырды. Мысалы, Еуропалық Одақтың көпшілік мемлекеттерінде орындау жүйесі осылайша ұйымдастырылған. Бұрынғы кеңестік блоктың мемлекеттері ? Польша, Венгрия, Чехия, Словакия, Румыния және басқалары осындай жүйені таңдап алды. КСРО-ның бұрынғы елдерінің ішінен жеке орындау жүйесі Балтық бойының барлық мемлекеттерінде бар.Депутаттар енгізген өзгерістер заң жобасының жекелеген нормаларын жетілдіруге бағытталған. Қорытынды салыстырма кестеге 237 түзету енгізілген.