Жекешелендіру барысында сатылмаған мемлекеттік нысандар жойылады - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Экономикалық зерттеулер институты» Кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры Нұрлан Құлбатыров бүгін тілшілерге берген сұхбатында ұлттық экономикадағы мемлекеттік үлесті азайту және мемлекеттік активтерді жекешелендірудің екінші толқыны жайында айтып берді.

Оның айтуынша, бүгінгі жекешелендірудің негізгі мақсаты - мемлекеттік активтерді барынша тиімді меншік иесіне өткізу жолымен еліміздің жеке бизнесінің одан әрі дамуына жаңа қарқын беру.

«Әлемдік тәжірибе экономика және жекешелендірудің шығындарды азайтуға алып келетіндігін, өндірісті басқару сапасын арттыратындығын көрсетіп отыр. Үкімет мемлекет иелігінен алу және жекешелендірудің жаңа тәсілдерін әзірледі. Олардың негізіне мемлекеттің кәсіпкерлік қызметте қатысуын шектейтін, ағымдағы жылғы сәуір айында қабылданған «Бәсекелестік туралы» Заңында көрініс тапқан «Yellow Pages» (Сары беттер) қағидалары алынды», - дейді сарапшы.

Экономистің сөзіне қарағанда, жекешелендіру үрдістерін іске қосу мақсатында Үкімет компанияларды бәсекелес ортаға беру үшін бірнеше тәсіл ұсынады.

«Бірінші, кейбір ірі активтер тікелей сату жолымен немесе IPO және SPO тетіктері арқылы қор нарығына шығару жолымен стратегиялық инвесторларға, оның ішінде 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңына (AIFC) іске асырылады, не болмаса, басқа компаниялар аукционда немесе компанияларға жеке инвестор қатысуы бар болса, тікелей сату тәсілдерін пайдалану арқылы сатылады», - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар аукционда сату кезінде сауда-саттық санына шектеу қойылады. Бірінші сауда-саттық ағылшын әдісі бойынша бағаны көтеру арқылы жүргізіледі. Егер объект қызығушылық тудырмаса, онда екінші және үшінші сауда голландтық тәсілмен бағаны түсіру арқылы жүргізілетін болады. Сарапшының атап көрсеткеніндей, үш рет сауда жүргізгеннен кейін сатып алушылар болмаған жағдайда, нысан таратылады.

«Алдынғы жылдардағы жекешелендірудің тәжірибесін ескере отырып, Үкімет процестің барынша айқындығын және тиімділігін қамтамасыз етуге ниеттенеді. Жүргізілетін жекешелендіру бағыттары және оның тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдарды беретін және оның сүйелмелдеуді және мониторингілеуді жүзеге асыратын тәуелсіз халықаралық консультанттар тартылады. Жекешелендіру объектісінің әділ құнын айқындаудың зор маңызы бар. Жекешелендірілетін компанияның теңгерімді құны айтарлықтай жоғары болуы мүмкін, алайда оның нақты нарықтық құны бүгінде одан төмен болуы мүмкін», - деді Н. Құлбатыров.

Осыған байланысты, Н.Құлбатыров Үкімет активтерді әділ нарықтық құнын айқындау және инвестицияларды тарту үшін халықаралық инвестициялық банктерді тартуы мүмкін деп отыр.

Әлеуетті инвесторлар үшін сатылатын кәсіпорындар, объектілер туралы ақпарат пен процестің барынша ашық болуы маңызды.