«Желілік маркетинг тауарларының 90% контрабандалық жолмен келетін көрінеді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 маусым, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, ҚР Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Махметғали Сарыбековпен болған сұхбат жарияланды. Онда негізінен Жамбыл облысындағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің ұйымдастырылуы жайында сөз болды. Сонымен қатар жалпы елдегі ҰБТ реформаларына қатысты пікірлер айтылды.

«ҰБТ-ны ұйымдастыру бойынша бір жақсы жүйе қалыптасты», - дейді Махметғали Сарыбеков. - ҰБТ мектеп бітірушілердің қорытынды аттестациясы жəне жоғары оқу орындарына қабылдау-түсу емтиханы ретінде ұйымдастырылып келеді. Енді келесі жылдан бастап ҰБТ-ның пішіні өзгеріп, мектеп бітіргенде жəне жоғары оқу орнына түсерде бөлек-бөлек емтихан тапсырады».

«Егемен Қазақстанның» келесі бір мақаласы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін төртжылдықтың басты спорт додасына арналып отыр. Газет Қазақстанның Олимпиада қарсаңындағы дайындығын, жалпы мүмкіндігін саралап көрген.

«Осы екі аралықта Қазақстан спортшылары Олимпия ойындарына қатысу үшін алатын лицензиялары санын тағы екеуге арттырды. Оларды теннисшілер Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцева олжалады. Сөйтіп, жолдамалар саны 91-ге жетті. Бірақ əлі еліміз құрамасы бұған дейін қатысқан бес Олимпиаданың бірде-бірінен əзір жолдама бойынша алға шыға алмай тұр. Қазақстан дербес мем лекет ретінде бірінші мəрте қатысқан 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының өзінде біздің 96 спортшымыз спорттың 14 түрі бойынша жарыс алаңдарында атой салған еді. Ал одан кейінгі Ойындардың бірде-бірінде жүзден кем саңлағымыз болған емес», - дейді басылым «Көңілде күдік те, үміт те мол» атты мақалада.

Бұл мақалада сонымен қатар допингке қатысты дау-дамайдың Қазақстанға қатысты пұшпағы да сөз болды.

«Төрт жылдық циклды жарыстың кезекті кезеңі - Рио-де-Жанейро Олимпиадасы жақындаға сайын əлем жұрты көпшілігінің көңілі асып-тасудан гөрі күдікке көбірек көміліп, ертеңгі күннің

қалай боларына қарап бал ашып отырғандай жағдайы бар. Бұған басты себеп

- өткен жылдың соңынан басталған допинг дауының дүрмегі əлі күнге дейін

басылмай келеді. Бұған құлшына кірісіп кеткен халықаралық тиесілі ұйымдар

кеше мен бүгінді қойып, тіпті, ғасыр басындағы Олимпия ойындары уақытындағы нəтижелерді

түртпектеуге кірісіп кетті. Осының бəрінің астарында əлдеқандай елдер мен əлдебір спортшыларды əлем алдында айкəпір етіп, жаһандық жарыс алдында дүрліктіріп қоюды

көздейтін жымысқы саясат бар сияқты...» - деп жазады басылым.

«Осылардың қоса-қабатында даудың далабасына қаншама елдер мен спорт саңлақтары ілініп жатыр. Сол шарпуға біздің ауыр атлеттер де ілесіп кетті. Олардың саны қазір 6-ға жетті. Соның ішінде алдағы ұлы додадағы басты үміткерлеріміз саналатын екі бірдей Олимпиаданың үздігі Илья Ильин мен Лондон Олимпия ойындарының жеңімпазы Зүлфия Чиншанлоның «күдіктілер тізімінен» көрінуі көңілге біраз қаяу түсіріп тұр. Дегенмен, екі саңлақтың ақталып шығатынынан əлі де үмітсіз емеспіз. Сондықтан құраманың бас жаттықтырушысы Алексей Ни оларды есептен сызып тастап отырған жоқ», - делінген мақалада.

***

«Айқын» басылымының бүгінгі санында Бату ханның Еуропаға жасаған жорығына қатысты «Бату хан Еуропадан неге шегінді?» атты мақала жарияланып отыр.

Шыңғысхан құрған империяның керегесін кеңейту үшін 1235 жылы Қарақорымда Өгедей ұйымдастырған құрылтай өтті. Онда Шыңғыстың көзі тірісінде жаулап үлгермеген Батыс аймақты қағанаттың құрамына енгізу үшін жорық белгіленді. Жорықты басқару Жошының екінші ұлы Батуға тапсырылды. 1236 жылы Бату басқарған 150 мың әскер Батысқа қарай лап берді.

«Бұл ұлы жорыққа бұрынғы Шыңғыс хан империясының туын көтерген найман, керей, жалайыр, қоңырат, қият, уақ, суан, басқа да көптеген тайпалармен қатар, сол кездегі қазақ жеріндегі үйсін, сары үйсін, арғын, дулат, қаңлы тайпаларының сарбаздары түгелімен тартылды. Ресми деректер былайша сөйлейді: Жорыққа Батудан басқа Шыңғыс хан әулетінен Өгедейдің ұлы Күйік, Төлейдің ұлы Мөңке, Шағатайдың және Батудың өз бауырлары Орда Ежен, Тоқа Темір, т.б. қатысты. Олардың қатарында Шыңғыс ханның әйгілі қолбасшыларының бірі ретінде танылған Сүбедей де болды. 150 мыңға жуық адамнан тұратын әскер жорыққа Батыс Алтай өңірінен 1236 жылы көктемде аттанып, маусым айында Еділ бұлғарларының жеріне келіп жетті. Бату Еділ бұлғарларын бағындыруды Сүбедейге тапсырды. Сүбедей Еділ бұлғарларымен соғысып жатқанда, Бату әскердің басым күшімен қыпшақтардың, буртастардың, мордвалардың жерін жаулап алды», - делінеді аталған материалда.

***

Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков елімізде етек жайған желілік маркетингтің тамырына балта шабу қажет деп есептейді. Тіпті, бұл туралы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал да жолдап үлгерді. Бұл туралы «Түркістан» газеті жазуда.

«Желілік маркетинг тәуелсіз дистрибьюторлар желісін құруға негізделген тауарлар мен қызметтерді жүзеге асыру тұжырымдамасы, яғни, бұл да қаржылық пирамида іспетті. Оның құрбандығына көбінесе әлеуметтік жағынан аз қорғалғандар ұшырайды», - дейді Жамбыл Ахметбеков.

Депутаттың айтуынша, желілік маркетинг тауарларының 90 пайызы елдің нарығына контрабандалық жолмен келіп, сол жолмен таратылады. Яғни, қазынаға салық түспейді. Мұның бәрі көлеңкелі экономиканың өрістеуіне жол ашады. Корея, Қытай және АҚШ елдерінде желілік маркетингтің қызметіне заңдық тұрғыдан шектеулер қойылған. Ал көрші Өзбекстан Республикасында 2012 жылдың 7 ақпанынан бастап желілік маркетингке тыйым салынған. Тіпті, осы жөнінде арнайы заң да қабылданған екен. 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасының қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Заңында осы желілік маркетинг жайлы бірде-бір сөз айтылмаған. Осындай мысалдарды тілге тиек еткен депутат желілік компаниялардың қызметіне Қазақстанда да заңдық тұрғыдан шектеу қою керек деп есептейді.

 

«Біздің елімізде желілік маркетингпен айналысуға заңмен шектеу қойылмағандықтан, бұл бизнес ашық қызмет түрі ретінде есептелінеді,  алайда мұндай компаниялардың қызметін реттейтін бір де бір заң жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда 50 желілік компания жұмыс істейді», - делінген «Желілік маркетинг тауарларының 90% контрабандалық жолмен келетін көрінеді» атты мақалада.

***

Қазақстан Орталық Азияда ең қауіпсіз мемлекет деп танылды. Бұл туралы «Бейбітсүйгіштіктің жаһандық индексі» куәлік етіп отыр, деп хабарлайды «Экспресс К» басылымы.

Рейтинг Австралияның Экономика және бейбітшілік институтының сарапшыларымен бірнеше параметрлер бойынша жасалады. Атап айтқанда, қарудың ауыр арсеналы, әскери шығындар мен адам өлтіру саны сияқты факторлар ескеріледі.

Қазақстан 162 елдің ішінде 75-ші сатыға жайғасыпты. Түркменстан 106-орында, Өзбекстан - 109, Тәжікстан - 122, Қырғызстан - 124, Ресей - 151-орында. Орталық Азияның барлық мемлекеттері «бейбітсүйгіштіктің орташа деңгейлі мемлекеттерінің» қатарына еніп отыр. Толығырақ, «Этот мир придуман не нами» атты мақаладан оқуға болады.