Желілік маркетингтің желігі басылмай тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде желілік маркетингтің не екенін білмейтін адам кемде-кем шығар. Екінің бірі бұл жүйемен таныс екені белгілі, «Орифлейм», «Мэри Кей», «Эйвон» сынды компаниялар көпшілік арасына танылып қалды. Осы желілік маркетинг жайлы сан пікірлердің арасында жаманы да, жақсысы да бар. Бірі ұтып жатырмын десе, бірі ұтылдым деп санын қағып жатады.

Тарихи деректерге сүйенсек, желілік маркетинг ең алғаш 1945 жылы АҚШ-та пайда болған көрінеді. Желілік маркетинг арқылы тауарды тікелей өндірушіден әрі арзан бағаға алуға болады. Адамдар бір айда тапқан жалақысын осы жүйе арқылы бір аптада табады екен. Тікелей сауда жасау осылайша көп қаржыға кенелтеді. Ал Қазақстанға желілік маркетинг 90-жылдары келген. Елімізде бұған дейін 50-ден астам желілік компаниялар жұмыс жасап жатқаны туралы ақпарат таратылған еді. Ал қазір бұндай компаниялардың саны күннен-күнге артуда. Олар биологиялық белсенді қоспалар, косметика, тұрмыстық заттарды, түрлі әшекей бұйымдарын сатуда. Жалпы, Қазақстанда бизнестің осы түрін таңдағандардың саны 400 мыңнан асатын көрінеді.

Алайда елімізде бұл жүйе дұрыс жолға қоймағандықтан, көпшілік келеңсіз оқиғаларға кезігіп жатады. Көп жағдайда бұндай келеңсіз оқиғаларды жұмыспен қамтушылар өздері «тілеп алады» десе де болады. Олар өз бизнестеріне адам тарту мақсатымен жалақысы үлкен әрі жеңіл кеңсе қызметі деп жалған хабарламалар таратады. Ал жұмыс іздеуші екі адамның бірі осы жарнама бойынша барып жататындары анық. Жұмыс іздеймін деп аттап бассаң, алдыңнан шығатыны - желілік маркетинг. Бұл желіден пайда жегендер де бар, сағы сынып желінгендер де бар. Өкініштісі - соңғыларының көптігі. Неде болса, желілік маркетингке ұрынбағандардың саны аз болып тұр.

Жұмыс іздегендердің қатарында Индира да бар. Астанаға нәпақасын табуға келген ол бірден газет сатып алып, жұмыс іздемек болады. Көзіне «Требуется на постоянную работу телефонист. Работа на полную ставку. Отвечать на телефонные звонки, введение документации. Можно без опыта» деген жарнама түскен. Телефон соғып көріп еді, оған егжей-тегжейлі кездесу барысында айтатынын айтты. Сөйтсе, бұл жұмыс жарнамада көрсетілгеннен мүлде бөлек дүние екен. Іздеп барған жұмыс орны желілік компания болып шықты. Индираның айтуына қарағанда, бұндай жалған жарнамалар газет бетінде көптеп кездеседі. Ол жерге барғандардың бірі салы суға кетіп қайтып жатыр, ал кейбірі «тұрмысымды жақсартамын» деген арманмен желіге кіріп жатыр. «Сіз желіге неге кірмедіңіз?» деген сұраққа ол: «Мен желілік маркетингпен айналысудай-ақ айналыстым. Тіпті осы бизнес үшін туғандарыммен де араласпай қойған кездерім болған. Ал қазір оған кетірген ақшам мен алтын уақытымды ойласам ішім ашиды. Сондықтан қазір ол жаққа жоламауға тырысам», - деп жауап берді ол. Өкінішке орай, Индира тақырға отырғандардың алғашқысы да, соңғысы да емес. Желілік маркетингтің залалы әлі қанша адамға тиері белгісіз.

Жеңіл жолмен қыруар ақшаға кенелемін деген ойға мас болып, үйіндегі бар мал-мүлкін осы бизнеске жұмсап немесе банктен несие алып, қарызға белшесінен батқандар баршылық. Желік ойдың соңында жүріп, қызметкерлер тұрақты жұмысын, студенттердің оқуларын тастағаны да өтірік емес. Бұл туралы БАҚ беттерінде де талай жазылып, талай талқыланған.

Ол ол ма, денсаулықтарына да зиян осы желілік маркетингтің «арқасында» келтіріп жатқандары ойларында жоқ. Бұлай деуімізге толықтай негіз бар.

Мә­селен, желілік компаниялар био­ло­гиялық белсенді қоспаларды да таратумен айналысатыны белгілі. Ал сол қоспалардың құрамын анықтап жатқан бірде-бір маман жоқ. Желілік компания қызметкерлері қоғамның санасына бұл қоспаларды табиғи таза өнім, ал дәрігер жазып берген дәрі-дәрмектер химиялық қоспаларға толы деп құлақтарына сіңіріп қойғаны сондай, қазір қоғамымызда биологиялық белсенді қоспаларға әуестердің саны көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, еліміздегі әрбір екінші қазақстандық дәрілік заттарды дәрігердің тағайындауынсыз-ақ қабылдай береді. Сондай-ақ қазақстандықтардың 42 пайызы дәрі-дәрмекті жарнамаға сеніп сатып алады екен. Ал желілік маркетинг қызметкерлернің барлығы фармация мамандары емес екені айдай анық. Қытайдың күмәнді белсенді қоспалары белсенділігімізді төмендетпесіне кім кепіл? Қыздарымыз артық салмақтан арыламыз деп «Аюдың өтінен, бұғының мүйізінен» жасалған таблеткаларға әуес болып жатқаны жасырын емес. Арықтаймыз деп ана болу мүмкіндігінен айырылса ше? Сонымен бірге қоспалардың асқазан мен ішек жолдарына да зиян болуы әбден мүмкін.

Депутат Гүлжан Қарағұсова өткен жылдары халық арасында кең тараған, түрлі тұтынушылық тауарлар мен дәрі-дәрмек, дәрумен ұсынатын желілік маркетингпен шұғылданатын ұйымдардың да жұмысын реттеудің мезгілі жеткенін айтқан болатын.

«Халық расында да желілік маркетингке ұрынып жатады. Олардың да қызметінде қаржылық пирамидаға тән айла-амалдар барын Еуропа мен АҚШ жуырда ғана әшкереледі. Сондықтан олардың жұмысын біз де реттеуіміз керек», - деген еді Г. Қарағұсова.

Көрші Өзбекстан Республикасында 2012 жылдың 7 ақпанынан бастап желілік маркетинке тыйым салынған. Тіпті, осы жөнінде арнайы заң да қабылданған екен. 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасының қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Заңында осы желілік маркетинг жайлы бірде-бір сөз айтылмаған. Содан болар бұндай компаниялар қатары күннен-күнге көбейіп барады.

Иә, айта берсек бұл тақырып бойынша талқылана беретін мәселе көп. Желілік маркетингтің адамды сонша желіктіретіндей не сиқыры бар екен? Осы сұрақ төңірегінде біз маркетолог маман Шыңғыс Темірхановтың ойын білдік.

«Адамдар желілік маркетингке неге әуес болады? Бұған әр түрлі себептер бар. Біріншіден, адамдардың қаржылық сауатының төмендігі. Екіншіден, тез әрі оңай жолмен байып кетемін деген ойдың жетегінде болады, тіпті сол ойдың тұтқынына айналады. Алайда желілік компаниялар барлығы тек алаяқтық пен алдап-арбаудан тұрмайды. Арамызда косметика немесе тұрмыстық заттарды өндіретін компаниялар жұмыстарын табысты жүргізіп жатқандары да бар. Тек алаяқтардың арбауына ілінбей, компания туралы жан-жақты ақпарат алған жөн», - деп өз ойымен бөлісті Ш. Темірханов.

Желілік маркетинг айла ма, пайда ма? Қарап отырсақ, қаракөз қазағымыз шетелдің өнімдерін жарнамалаудан алдына жан салмай тұр. Олай болса, неге өз өнімімізді жарнамаламасқа? Жарнамаға зәру болып жатқан ұлттық брендтеріміз толып жатқан жоқ па? Тереңге бармай-ақ ұлттық зергерлік бұйымдар мен ұлттық тағамдардың өзі неге тұрады? Өзгенің қаңсығына таңсық бола бермей, өз құндылықтарымызды құнттағанымыз абзал.

Гүлден Оспанова