Жемқорлық әрекеттер жөнінде хабарлау, әдепсіздік болып саналмауы тиіс ? Қ.Мәми

АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кез-келген мемлекеттік қызметкердің өмірбаяны жөнінде мәліметтер оның жұмыс істейтін жерінде талап етілгені дұрыс. Бұл азаматтардың ешқандай да құқықтарын шектемейді.

Бүгін Бас прокурор Қайрат Мәми «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесуі барысында клуб өкілдері тарапынан қойылған сауалға осылай жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік органдарда мұндай мәліметтер базасының болғаны дұрыс. «Ал мемлекеттік қызметке азаматтар осындай талаптарды біле-тұра өз еркімен келеді. Егер ол өзі жөнінде барлық мәліметтердің тиісті базада болғандығын қаламайтын болса, онда жеке меншік сала бойынша қызметте еңбек етуі керек. Ал қызметкерлердің жалақы мәселесіне келетін болсақ, қандай да бір салада болсын жалақыны үнемдеу шаралары болады. Ал сол үнемдеуден қалған қаржыны мен прокуратура органдарында қылмыспен бетпе-бет жүріп күресетін қызметкерлерге беруім керек. Яғни жеке басын қауіп-қатерге тіге жүріп қызмет ететін прокуратура қызметкері өзгелерге қарағанда жалақыны көбірек алуы қажет. Бұл әділетті шешім. Осындай жүйе әрбір мекемеде қалыптасқаны дұрыс», деді Бас прокурор.Оның пайымдауынша, мемлекеттік қызметкердің алдына қойылып отырған жаңа талап бойынша ол өзінің басшылары тарапынан немесе өзі қызмет етіп отырған мекеме қызметкерлері тарапынан жасалғалы отырған жемқорлық әрекеттері жөнінде тиісті мекемеге хабарлауы қажет. «Бұл өсек тасу емес, ол мемлекеттік қызметкердің тікелей міндеті. Өркениетті қоғамда жасалғалы отырған қылмыс жөнінде хабалау әдепсіздік болып саналмауы тиіс», деді Бас прокурор.