Жемқорлық әрекеттеріне жол берген азаматтардың ісі енді алаяқтық ретінде қарастырылмайды ? А. Лукин

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мемлекеттік қызметтегі азамат алаяқтық әрекеттерге барып, осы әрекеттер барысында лауазымын пайдаланса, ол сыбайлас жемқорлыққа жол берген болып есептеледі», - дейді Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Андрей Лукин.

Бұл туралы ол бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты «Нұр Отан» партиясының аппаратында өткен дөңгелек үстел отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Агенттік төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, Мәжілісте талқыланып жатқан заң жобасына осындай бап енгізілген. «Оның себебі, соңғы уақытта сот органдары тарапынан пара алған азаматтардың ісін жемқорлық емес, алаяқтық ретінде қарастыру оқиғалары белең алып барады. Өйткені жемқорлар үшін ол жауапкершіліктен жалтарудың тиімді әдісі. «Айталық, белгілі бір азамат парамен ұсталса, ол, «пара берушіні оның «ісін» бітіре алмайтынымды біле тұра әдейі мәжбүрледім» деген сылтау айтып, қылмыстық іс алаяқтыққа алмастырылады», - дейді А.Лукин. Сондай-ақ заң жобасында қаржы полициясы органдарына ақпарат құралдарын жемқорлықпен күрес күші ретінде пайдалану мәселесі көтерілген. «Бұған қоса заң жобасында шенеуніктерді өздеріне мәлім жемқорлық әрекеттерінің барлығын құзырлы органдарға хабарлап отыруға мәжбүрлеу мәселесі қарастырылған», - дейді агенттік төрағасының орынбасары.