АЛМАТЫ. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жемқорлықпен күресте бірден жоғары нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалар мен халықаралық тәжірибе» деп аталатын халықаралық конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Транспаренси Интернешнл қоғамдық қорының көрсеткіші бойынша жемқорлықтың деңгейі бойынша біз 180 елдің ішінде 150-ші орында тұрмыз. Әрине, бұл көңіл көншітпейді. Дегенмен соңғы жылдары Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бір күнде не бір жылда көрінбейді. Бізде жемқорлықпен күресте қажетті заң базасы қалыптасқан. Тек жалпы халықтың белсенділігі жетіспеуде. Олар көп жағдайда өз ісін шешу кезінде түрлі әрекеттер жасап жемқорлықтың таралуына түрткі болып отыр», - дейді ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігі төрағасының орынбасары Сәттібек Оңғарбаев. Оның айтуынша, «жемқорлықпен күреске ықпал ету үшін ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылуымыз керек. Сонда жемқорлық деңгейі уақыт өткен сайын оң бағытқа қарай өзгеріп, оның тамырына балта шабуға қолайлы жағдай туындайды».