Алдымен Абай облысының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспары таныстырылды.
Оған сәйкес өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы 9 бағыт бойынша іске асырылады және 102 іс-шара қарастырылып отыр.
Үкімет басшысы аталған өңірде 14 мың жұмыс орны құрылатынын айтты.
«Кешенді жоспар өңірдегі өнеркәсіп көлемі мен ауыл шаруашылығы өнімін 1,5 есе, капиталға салынатын инвестициялардың 3,5 есеге өсуін қамтамасыз етеді. Қорыта айтқанда, 14 мың жұмыс орны құрылып, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің мәлімдеуінше, кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде өңірдің дамуы жаңа серпінге ие болмақ.
Сондай-ақ, Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігіне, облыс әкімдігі мен құзырлы мемлекеттік органдарға жоспар аясында белгіленген міндеттердің дер кезінде әрі сапалы орындалуын тапсырды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың дерегінше, Абай облысының инфрақұрылымын дамытуға 22 млрд теңге қарастырылып отыр.
Одан бөлек, министр Семейден еліміздің бірқатар қаласына әуе қатынасын қамту мақсатында мемлекеттен субсидия бөлінетінін жеткізді.
«Семей қаласынан Ақтау, Атырау, Шымкент, Үржар және Павлодар бағыттары бойынша авиарейстерді субсидиялау жоспарлануда. Сонымен қатар, көлік саласы мен логистиканы дамыту аясында өңірде 11 көпір, «Аягөз-Бақты-Қытай шекарасы» учаскесінде теміржол салу және қайта жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар Үржар ауылында транзиттік-көлік объектісі және әуежай терминалын салу жоспарланып отыр. Сол сияқты жалпы ұзындығы 1465 шақырым болатын жергілікті жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтеді», - деді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында.
Өңірге қатысты тағы бір жаңалық Семейде үшінші жылу электр орталығы салынады. Ол туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және инфрақұрылымды дамытуда Семейде және басқа да қалалар мен елді мекендерде үшінші жылу электр орталығын салынады. Сонымен қатар жылу беру желілері, электрмен жабдықтау және су құбыры желілерін қайта жаңарту жоспарлануда. Бұдан басқа, Семей, Аягөз, Курчатов қалаларында кәріз тазарту құрылысы көзделген», - дейді ведомство басшысы.
Осы тұрғыда айта кетсек, бірнеше рет апат болып, өрт шыққан Риддер жылу электр орталығы күрделі жөндеуден өтетіні белгілі болды.
«Риддердегі жылу электр орталығында төтенше жағдай болып, өрт шықты. Жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр, 180 метр көмір беру конвейері қайта қалпына келтіріледі. Ертең алғашқы желі жұмыс істей бастайды. Жылу стансасы көмірге арналған, тығырықтан шығу жолында мазутты отын ретінде беруге мәжбүр болдық. Қиындықтар туындады. Күн сайын 100-ден астам адам 240 тонна көмір жеткізді. Амал жоқтан қолмен тасуға тура келді», - деді Даниал Ахметов Үкімет кулуарында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Облыс басшысының ақпараты бойынша, Риддер жылу орталығын күрделі жөндеуден өткізуге 7 млрд теңге қаралып отыр.
Үкімет отырысы барысында БАҚ өкілдері көтерген келесі мәселе - пияз экспорты, баға және дефицит.
Еске салсақ, елімізде пияз экспортына үш айға тыйым салынған.
Мәселенің мән-жайын тілшілер қауымы Премьер-Министрдің орынбасары- Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннен сұрап көрді.
«Қазір пияз жоғары сұранысқа ие тауарға айналды. Себебі пиязбен айналысатын Өзбекстан, Пәкістан, Ресей Федерациясында өндіріс жоқ. Қазір Мәскеу сөрелерінде пияз бағасы 500 теңгеге жетсе, Өзбекстанда 350 теңге тұрады. Ал бізде баға 170 теңгеге дейін өсті. Елімізде пияз тапшылығына жол берілмейді. Сондықтан да сыртқы сауда бойынша ведомствоаралық комиссия үш айға пияз экспортына тыйым салу туралы шешім қабылдады», - дейді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, қазақстандықтардың тұтынуына ай сайын 30 мың тонна пияз қажет.
Үкімет басшысының орынбасары «Пияз бағасы қымбаттауы мүмкін бе?» деген сауалға: «Белгілі бір сомада өсімді күту керек шығар. Мен болжам жасай алмаймын, бұл сұрақ өте субъективті», - деп жауап қатты.
Сондай-ақ, Үкімет отырысынан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жеңілдетілген автонесие бағдарламасын қайта жандандыруға қатысты жаңалығын бөлісті.
Айтуынша, қаңтардың соңына дейін аталған бағдарлама қайта іске қосылады.
«Өткен жылы наурызда автонесие сомасы 10 миллион теңгеге дейін деп белгіленді. Ал автокөлік құны 15 миллион теңгеден аспауы керек. Халыққа қолжетімді болу үшін бағдарламада қымбат көліктер қарастырылмаған. Автонесие бағдарламасын айдың соңында бастаймыз. Осы аптада өнеркәсіпті дамыту қоры баспасөз мәслихатын өткізеді, сонда толық ақпарат беріледі. Бұл жерде бағдарламаның механизмін қайта қарау мәселесі тұр. Бұған дейін клиенттер алдымен автосалонға жүгініп, содан соң банкке баратын. Өнеркәсіпті дамыту қоры басқа тетікті ұсынып отыр», - деді Марат Қарабаев Үкіметтің кулуарында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Ведомство басшысының айтуынша, қайта іске қосылатын бағдарламадағы жаңашылдықтың бірі -электронды кезек.
Соңғы уақытта БАҚ беттерінен түспей жүрген тақырыптың бірі - «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының қызметі. Бүгін Үкімет қабырғасында аталған мәселе тағы бір рет қозғалды.
Атап айтқанда, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің АрселорМитталға тексеріс жүргізетін компанияны таңдап жатқаны белгілі болды.
«Тексеруді жүзеге асыратын компанияны таңдаймыз. Бізге бірнеше ұсыныс келіп түсті, оларды мұқият қарастырамыз. Өйткені, тексеріс сапалы жүргізілуі керек. Осы аптада компанияны таңдап, содан соң «АрселорМиттал» қызметін тексеруге қатысты материалдарды әзірлеп жібереміз. Тексеріс құны компанияның баға ұсынысына қарай анықталады. Әзірге бюджет жағы нақтыланған жоқ. Сома тексерісті жүргізетін компания өткізетін іс-шараға байланысты белгіленеді», - деді аталған ведомство басшысы Зүлфия Сүлейменова тілшілердің сауалына жауап беріп.