«Соғыстың несі қызық дейсің, балам», - деді Сейдалы ата. - «Соғыс ұлт таңдамайды, себетіні - өлім. Неғұрлым жақсы әңгіме айтқан жөн. «Жақсы сөз -жарым ырыс» деген. Апаларыңнан айырылғаныма да біраз жылдың жүзі болды. Балаларымның ортасында, немере-шөберелерімнің қуанышы-на ортақтасып отырған жайым бар».
Үш жасында анасынан айырылған Сейдалыны әжесі бағып-қағыпты. Ашаршылықтың апатты жылдарын бастан өткерген ол қалай аман қалғанына таңғалады. «1932 жылдары қырылып жатқан адамдарды көзіммен көрдім, ол кезде 11 жаста едім, көметін жан жоқ. Әркім өз басымен қайғы. Әжемді туған інісі келіп «аштан өлесің бе бостан-босқа осылармен бірге» деп алып кеткен еді, бір аптадан кейін «өлсек бірге өлеміз» деп қайтып келіпті. Әжем атамның екінші жары болатын» дейді Сейдалы атай. Үш айдай тауға шығып кетіп, соның жеміс-жидегін теріп жеп күн көріпті. Аштан өлмеудің бар амалын қарастырғандар құр сүлдері қалса да тірі қалғандарына тәубе десті.
1941 жылы әскер қатарына шақырылады. Сталинградқа немістер кіре бастаған кез. Саратовтан Сталинградқа дейінгі 650 шақырым жерді тоқтамай жаяу жүріп барған жауынгерлер 14 күн дегенде белгіленген нүктеге де келіп жетеді. Жүріп келе жатып ұйқы қысқан кезде, қалғып кетіп гүрс ете құлаған сарбаз іле-шала есін жинап, тез арада қайта қосылады екен сапқа. «Немістер оңтайлы жерге бекініпті, күнде жау жасырынған бекіністі аламыз деп жанталаса шабуылдайтын жауынгерлердің жартысы қырылады. Сосын кері қайтамыз. Ажалы жоқтар келесі күні тағы да жауға қарсы шабуылды үдетеміз. Солай 14 күн арпалыстық, 14-ші күні жараландым. Қолыма жараланғаныма байланысты анықтама қағаз берді, кете беруіме болады. Ешкімнен ешқандай көмек жоқ. Аласапыран дүние. Сталинград шайқасының 60 жылдығына орай, Мәскеуде шыққан «ХХ ғасырдың жауынгерлері» деген кітапта мен туралы да деректер бар. Бұл кітапта Қазақстаннан тек төрт жауынгердің ғана аты аталыпты» дейді сол күндерді еске алған атай.
Бiрiншi Беларусь майданының құрамында Польшаны, Кингсбергті, Украинаны, Белоруссияны азат етуге қатысқан Сейдалы Жарқынбайұлы Берлинді алар кезде жан алысып, жан беріскен нағыз қырғынға куә болған сарбаз. Шпрей өзенінен өткенде бір взводтан небәрі төрт-ақ адам тірі қалады.Тағы да жараланады.
1946 жылы елге оралғаннан кейін еңбекке қызу араласқан Сейдалы атай ауылшаруашылық саласында ұзақ жылдар абыроймен қызмет атқарып, құрметті демалысқа шығады. «Тыныш өмір, бейбіт заманның қадірін біліңдер. Бағалаңдар!» дегенді өз балаларыма да, кездесуге шақырған жерлердегі жастарға да айтудан жалыққан емеспін. Тыныштық - өсіп-өркендеудің, көбеюдің, бүкіл жаңа істер мен жақсы бастамалардың жүзеге асуының кепілі. Бейбіт күнге жетері жоқ. Әрбір қазақстандық азамат осы бейбіт күннің аясында бақытты тұрмыс кешіп жатқанын ұмытпауы тиіс. Енді міне, ұлдарымды ұяға, қыздарымды құтты орнына қондырып, немере, шөберелерімнің ортасында бақытты тұрмыс кешіп жатырмын. Бәріңе менің жасымды берсін» дейді 93-тегі Сейдалы атай.
«Соғыс - қасірет қой. Не сені өлтіреді, не сен өлтіруің керек? Басқа амал жоқ» дейді 88 жастағы Талапбек ақсақал. «Украина майданында генерал Рокоссовкий басқарған 316-гвардиялық дивизияның бір ротасында болдық. Артиллериядан атады, жердің бәрі от боп жатыр. Айнала қырылған адам. Айтқым да, ол күндерді еске алғым да келмейді. Ақырет заман болды ғой. Жеңісті Карпатта қарсы алдық. Уралаған үннен жер жаңғырды. Ол қуанышты тілмен жеткізу мүмкін емес».
Талапбек Байділдаев 1956-1996 жылға дейін Алматыдағы ойлау қабілеті төмен балаларға арналған №18 арнайы мектеп-интернат гимназияда директор болып қызмет атқарыпты. «10-сынып оқушысына 8-сыныптың бағдарламасын өткізесің. Тігінші, етікші сынды кәсіпке бейімдеп шығардық», - дейді ардагер ұстаз.
«Немере-шөбере сүйдік. Немере келінім Мәдинаға ризамыз. Үлкен ұлымның баласы Мұратты 9 айында бауырымызға бастық. Қазір апаларың Орынкүл екеуміз Мұратымның қолындамыз. Оның үш баласы бар. Бір жаққа шыға қалсақ, келгенде «ата-апалап» алдымыздан жүгіріп шығатын шөберелерімізді сәл көрмесек, өзіміз де сағынып қаламыз. Жүрген жерімде адамдарға бір-бірін құрметтеуден, сыйластықтан артық бұл дүниеде ештеме жоқ екенін айтып жүремін. Бәрі де өтеді. Мәңгілік ешнәрсе жоқ. Артыңнан жақсы сөз айтылса, сол ғанибет.
- Адамның адамсыз күні жоқ
Адамсыз адамның құны жоқ.
Өткізбесін достарымсыз күндерімді,
Аямағын достарыңнан білгеніңді.
Бұл әйгілі Бауыржан Момышұлының айтқаны. 70-жылдары Сарыағашқа демалуға келген Баукеңді жетелеп жүрдім. «Мен де бір күні дүниеден өтем. Сен ұмытпай айтып жүр» деп еді. Сонда айтқаны - осы. Енді міне, өзімді де немерелерім жетелеуде. Апаларың екеумізді балаларымыз алақанға салып, аялап бағып отыр.
Ашаршылықты бастан өткердік. Не көрмедік. Нанға тойған адамның арманы бар ма дейтін едік. Жегеніміз быламық болды. Әйтеуір өлместің күні. Ал қазіргі кезеңді «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» десе болғандай. Соның бағасын білу керек бүгінгі жастар», - дейді Талапбек ақсақал.
Көлбай Анафияев - 90-да. Соғысқа 1944 жылы аттанады. Екiншi Белорусь майданы, 12-гвардиялық дивизиясы-ның 197-полкінде минометші болып ұрысқа қатысқан ол, Берлинге жақындағанда Жеңісті қарсы алған сәттегі қуаныш жадында мәңгілікке ұмытылмастай жатталып қалғанын айтты.
Бір үйден аттанған төрт азаматтан тек бір өзі ғана аман оралады. Омар, Керімбай, Бақтыбай атты үш ағасы мәңгілікке жат жерде қалыпты. Көлбай қария бұл күндері балалы-шағалы, 24 немере, 14 шөбере сүйіп отыр. «Мен кездесулерде өмірлік әңгіме айтуға тырысамын» дейді Көлбай ата. «Бірінің болмаса, бірінің есінде қалады. Тағылымды әңгімеден жүрек көзі саяқтар өнеге алады. Жеті қазынаға қатысты кезінде үлкендерден естігенімді алға тарта кеткім келеді» деген ол, жеті қазынаға жататындары: жер, ауа, су, тұз, жол, отын, ит» деді. Сосын оны дәлелдеуге тырысты.
- Жер - Ана. Адамға қажеттінің бәрі жерден алынады. Сусыз тіршілік жоқ. Тұзсыз астың дәмі кірмейді. Ауасыз бір секунд та өмір сүре алмайсыз. «Жол жүрген қазынаға жолығады» дейді дана халқымыз. Отынсыз күнкөріс қиындайтыны белгілі. Кездесулерде екінші кісіге ой тастар, тағылымы мол әңгімелерді айтқанды дұрыс көремін,- деген ақсақал әңгімесін одан әрі былайша өрбітті.
- Бір кездесуде Баукең туралы айттым. 70-жылдары үйіне кісі шақырады. Зейнеп бар дәмдісін дайындап, бар ықыласымен күтеді. Қонақтар да риза болып, батасын беріп тарқасады. Зейнеп асханада ыдыс-аяқтарды жуып жатса, бір кезде атасы «турчанка» деп айқайлайды. «Не бүлдіріп қойдым» деп бүрісіп, алдына барыпты. «Сен бүгін төрт қате жібердің?» дейді Баукең.
- Бірінші - бас табақты үлкендердің алдына әйел апармайды. Екінші - мал тұмсығымен жүреді. Сен оны желкесімен әкелдің. Үшінші - басты қасқалау керек, ол «төрт құбыламыз тең болсын» дегенді білдіреді. Төртінші - бастың тісін шаппапсың. Ежелде ренжісіп жүргендер қонағының алдына тісін шаппай қоятын болған, онысы «әлі де сенімен айтысуды доғармаймын» дегеннің белгісі.
Тағы бірде Зейнеп қосылғандарына 3-4 ай болғанда Бақытжанмен бір нәрсеге келісе алмай қалса керек, төркініне тартыпты. Анасы сыртта жүр екен. Зейнеп анасын көре сала кемсеңдей бастайды. Қызын үйге кіргізбей тұрып, мән-жайға қаныққан анасы, «Екінші рет үйге жалғыз келме! Сүрт көзіңді!» деп, үйіне кіргізбей, кері қайтарып жібереді. Ал енді қазіргі жастар не боп жатыр?! Қит етсе ажырасу десем, әңгімемді тыңдап отырған келіншектер, «Оған кім кінәлі?» дейді. «Анасы» дедім. Осыны айтсам, бір әйелдер, «Ой қазір заман басқа» деп мұрын шүйіреді.
Тәрбие барлық заманда бірдей, оның негізі өзгерген жоқ. Мәселе, баласын кім қалай тәрбиелейді, қандай бағыт-бағдар береді, бәрі соған байланысты, - дейді Көлбай ата.
Шипажайда демалып жатқан қариялармен қоштасарда, Көлбай ата «Тұра тұр, қызым, бата берейін. Сен арқылы бүкіл газетіңдегі қызмет істеп жатқан балаларым да қабыл алсын батамды» деді. Мен қолымды жайдым.
- Әмин! Ақылды, абыройлы, мейірімді, дарынды, кішіпейіл, киелі, алдың - әділ, тілегің қабыл, өмір жасың ұзақ, халқыңа қалаулы, ата-ана, ағайын, туыс, қатар құрбы, отбасыңа жағымды, артың - балалы-шағалы, алдың - қомақты, несіпті болсын!
Өнерің өрлей берсін! Өмірің төрлей берсін! Дендеріңе саулық, отбасыңа амандық, береке, бірлік берсін!
Ұлбосын Айтөлен
«Айқын» газеті, 7 сәуір 2015 жыл