ОРАЛ. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық сотында 9 мамыр - Жеңіс күніне және 7 мамыр - Отан қорғаушы күні құрметіне орай салтанатты жиын болды.
Облыстық соттан Амангелді Шахиннің хабарлағанындай, мерекелік салтанатты облыстық соттың судьясы Валентина Булавцева ашып, жиынға қатысқан ер азаматтар мен тыл еңбеккерлеріне құттықтау лебізін білдірді. Мұнан кейін облыстық, қалалық және облыс орталығындағы мамандандырылған соттардың қыз-келіншектерінен құралған көркемөнерпаздар ұжымы концерт қойды.
Концертте патриоттық әндер шырқалып, ұлттық билер орындалды. Соғыс қасіретін сипаттайтын өлеңдер оқылды. Сот мамандары билердің әділ шешімін паш ететін шағын қойылым қойды.
Жиын соңында сөз алған облыстық соттың апелляциялық сот алқасының және Қазақстан Судьялар одағы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрағасы Теміржан Нұғманов соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, Ұлы Жеңіске елеулі үлес қосқан сот ардагерлеріне айрықша құрмет білдіріп, Судьялар одағының сый-сияпатын табыс етті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).