Екінші дүниежүзілік соғыс: Қан майданға Қазақстан қандай үлес қосты

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін – Екінші дүниежүзілік соғыста жау әскерін түпкілікті талқандап, жеңіске жеткен күн. Биыл Жеңіске 81 жыл толды.

Коллаж: Kazinform / dkn

Ардагерге құрмет – елге құрмет

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, бүгінде елімізде Екінші дүниежүзілік соғыстың 58 ардагері тұрады. Ал 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Жеңіске үлес қосқан басқа да адамдардың саны – 33 443.

Фашизмді жеңуге өлшеусіз үлес қосқан азаматтарға мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Биыл Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 5 миллион теңгеден біржолғы төлем берілді. Ал Жеңіске үлес қосқан өзге де санаттағы азаматтарға жалпы көлемі 3,3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.

– Мерекелік біржолғы ақшалай көмектен бөлек, кейбір аймақтарда санаторлық-курорттық емдеу, отын, дәрі-дәрмек, азық-түлік топтамасы және көмектің басқа да түрлері көрсетіледі. Сондай-ақ, ҰОС ардагерлері және ҰОС Жеңісіне үлес қосқан басқа да адамдар ай сайын зейнетақы алады. Мүгедектігі болған жағдайда – оларға мүгедектік тобына байланысты әлеуметтік жәрдемақы төленеді, - деп жазылған ведомство хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, ардагерлерге ай сайын қосымша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы да төленеді. Оның мөлшері 16 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді, 2026 жылғы есеп бойынша 69 200 теңгені құрайды. Бұл төлем республикалық бюджет есебінен қарастырылады.

Осы тұста айта кетейік, ардагерлерді материалдық қолдау деңгейі бойынша Қазақстан басқа елдер арасында көш бастап тұр.

2026 жыл бойынша Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әр ардагерге біржолғы көмек:

  • Қазақстан – 5 млн теңге
  • Өзбекстан – 30 млн сум (шамамен 1,1 млн теңге)
  • Беларусь – 5 мың (шамамен 715-825 мың теңге)
  • Ресей Федерациясында – 10 мың рубль (шамамен 61 мың теңге) Бұл елде аймақтық жәрдемақылар да қарастырылған. Мысалы, Мәскеу мен Мәскеу облысында – 70 мың рубльге дейін (шамамен 430 мың теңге).

Тізімдегі әр ел қаржылай қолдаудан басқа, мерекеде дәстүрлі түрде әр ардагерге құрмет көрсетеді.

Фото: Нұрқасым Әжітаевтың жеке мұрағатынан

Ғасыр ғұмырын артқа тастаған майдангер

Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылғы 1 қыркүйектен 1945 жылғы 2 қыркүйекке дейін созылған. Сұрапыл соғысқа 60-тан астам ел қатысып, миллиондаған адамның өмірі қиылды. Қазақ даласынан да талай ер-азамат майданға аттанып, Отан үшін от кешті. Бірі жеңіспен елге оралса, енді бірі жат жерде ерлікпен қаза тапты. 

Уақыт өткен сайын соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Бүгінде Ақмола облысы Қосшы қаласында Екінші дүниежүзілік соғысты көзімен көрген бір ғана ардагер тұрады. Ол – Нұрқасым Әжітаев.

Ардагер 1925 жылдың қаңтар айында Семей облысы (қазіргі Абай облысы) Абыралы ауданының Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Кейіпкеріміз 1938 жылы кеңестік ұжымдастыру кезеңінде құрылған Еңбек ұжымшарында жеті жылдық мектепте білім алған.

1943 жылдың қаңтар айында соғыс өрті өршіген тұста 18 жастағы Нұрқасым Әжітаев әскер қатарына шақырылады. Алғашында Новосібірдегі мергендер даярлайтын арнайы мектепте оқып, әскери дайындықтан өтеді. Оқу барысында мергендігімен көзге түседі. Сынақ кезінде оған берілген үш оқтың үшеуін де мүлт жібермей дәл тигізеді. Осы шеберлігінің арқасында жас сарбаз Мәскеу түбіндегі шайқасқа жіберіледі.

Кейін мерген ретінде маршал Родион Малиновский басқарған әскер құрамында Керчь қаласын азат ету ұрыстарына қатысады. Сондай-ақ Курск доғасындағы кескілескен шайқастарда ерлік көрсетіп, Берлин үшін болған шешуші ұрыстарға қатысқан. Батыр 293-ші атқыштар дивизиясының құрамында Жапониямен де соғысқан.

– Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Неше түрлі азапты көрдік. Барлығынан өлмей, әлі күнге аман-есен жүргеніме тәубе етем. Бар тілегім – ең бастысы еліміздің іргесі бүтін болса екен, - дейді Нұрғасым Әжітаев ақсақал.

Фото: Нұрқасым Әжітаевтың жеке мұрағатынан

Майданда талай рет ерлігімен ерекшеленген ардагер еңбегі елеусіз қалған жоқ. Кеудесін тұтастай жапқан медальдар мен төсбелгілер отты жылдардың үнсіз куәсі. Соның ішінде майдангер үшін ең қымбат марапаттар – II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, Кеңес Одағының маршалы Жуков атындағы медаль және «Жапонияны жеңгені үшін» медалі. 

Ғасыр жасаған қария бүгінде жеті баладан 10 немере, 13 шөбере сүйіп отыр. Ал жарын балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген кезінде жолықтырған екен.

Соғыс тарихына қысқаша шолу

Германия әскері КСРО аумағына шабуыл жасаған 1941 жылдың 22 маусымы ТМД елдерінің ресми тарихында 4 жылға созылған алапат соғыстың басталған күні болып есептеледі. Жеңісті жақындатуға Қазақстанның қосқан үлесі зор.

ҚР Президенті архивінде қызмет атқарған Владимир Шепельдің деректеріне сүйенсек, 1945 жылғы ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан соғыстың басынан бастап Қызыл Армияға және өнеркәсіп жұмысы үшін 1,5 млн адамды жұмылдырған. Соның ішінде 1 миллион 161 мыңға жуық адам әскер қатарына аттанған.

Фото: И.В. Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия жауынгерлері сыйлық әкелген Қазақстан делегаттарымен/Kazinform

Ал белгілі тарихшы Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, ол кезеңде Қазақстан халқының жалпы саны 3 миллионға да жетпеген. Соған қарамастан, майданға жіберілгендердің үлесі өте жоғары болғанын айтады.

– 1941 жылы соғыс басталған кезде Қазақстан халқының саны шамамен 3 миллионға жетті ме, жетпеді ме білмейміз. Сол кезеңде Қазақстаннан шамамен 1 миллион 200 мың адам соғысқа шақырылды. Олардың қатарында тек қазақтар ғана емес, Қазақстанда тұратын басқа да ұлт өкілдері болды. Соғысқа кеткендердің ішінде шамамен 600 мыңға жуығы ғана елге аман-есен оралды. Ойлап қарасақ, олардың арасында қаншама жас жігіттер мен қарт адамдар болған. Өзімнің әкем Аққұл Екінші дүниежүзілік соғыстан бір аяғы 15 сантиметрге қысқарып, мүгедек болып оралған, - деді ол.

Қазақстан әскери комиссариаты майданға барлығы 14 атқыштар және кавалериялық дивизия, 7 бригада, 1 зениттік полк, 12 құрылыс және 2 автобатальон аттандырған.

Жеңіс жолындағы Қазақстанның тылдағы үлесі

Соғыс жылдарында Қазақстандағы әр отбасы ауыр кезеңді бастан өткерді. Елде отын тапшы болып, азық-түлік жетіспегендіктен халық ашқұрсақ күн кешті. Соған қарамастан, тұрғындар қолындағы бар мүмкіндігін майданға арнап, жеңіс үшін тынымсыз еңбек етті.

Мұрағат деректеріне сүйенсек: 1942 жылы сәуірдің соңында қорға шамамен 8 мың тонна астық, 10206 гектолитр сүт, 233 центнер май, 717 тонна көкөніс, 273 тонна мақта, 8206 қой терісі тапсырылды. Бұл – тек бір айдың көрсеткіші. Ал мұндай көмек жыл бойы үздіксіз жалғасқанын ескерсек, оның жалпы көлемін есептеп шығу тіпті қиын.

Фото: Қазақ әйелдері майдангерлер үшін жылы киім тоқып жатыр/Kazinform

Бұған қоса, әр отбасы малын, бағалы дүниесін сатып, майдан қорына ақшалай үлес қосқан. Соғыс жылдары халық қорғаныс қорына 4 миллион рубльден астам қаражат аударған. Тіпті әр өңір өз жерінен аттанған әр дивизияға жеке көмек беріп отырған.

– Сол уақытта Қазақстанда тұтас әскери техника шығаратын ірі кәсіпорындар болған жоқ. Еліміз негізінен мал шаруашылығына бейім болып, майданға азық-түлік, ет, нан және басқа да қажетті өнімдерді жөнелтті. Қысты күні неміс әскері Ресейдің аязына шыдамай қиналды, ал біздің жауынгерлер жылы киіммен қамтамасыз етілді. Ол киімдердің басым бөлігі Қазақстаннан жіберілді. Қой жүнінен тігілген тоңдар, теріден тігілген жылы етіктер майданға жеткізілді. Ең нәрлі азық-түлік те Қазақстаннан жіберіліп отырды. Киім де, тамақ та қазақтың төрт түлік малынан өндірілген өнімдерден жасалды. Сары май мен ет майдандағы жауынгерлердің негізгі азығы болды, - деді Сұлтан Хан Аққұлы.

Сонымен қатар осы кезеңде Қызыл Армияға техника мен көлік құралдары да жіберілген. Атап айтқанда, 13 130 жүк көлігі, 107 арнайы және 825 жеңіл автокөлік, 57 мотоцикл, 1 538 трактор, 110 118 ат және 10 260 арба майданға аттандырылған. Ол заманда мұндай көлемдегі техника қоры тұтас бір дамыған елдің әлеуетімен пара-пар еді.

Еліміздің майданға қосқан көмегі жөніндегі деректердің өзі-ақ оның ауқымын көрсетеді. Бірақ бұл – тек ресми тіркелген мәліметтер ғана...

Көші-қон және өнеркәсіптегі өзгерістер

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстан аумағына бірқатар елдерден халық жаппай эвакуацияланды. Тарихи деректерге сүйенсек, босқындар Қазақстанға соғыстың алғашқы айларынан бастап келе бастады.

Владимир Шепельдің деректеріне сай, 1942 жылғы қаңтарда ҚазССР-іне 381 260 адам, оның ішінде майдан даласынан – 291 355, Ленинградтан – 6 198, Мәскеуден – 14 518 адам келді. Олар сол кезеңде әр өңірдегі ұжымшарлар мен кеңшарларға бөлінді.

Ал сұрапыл майдан қызған шақта Сталин саясатына сай саны аз ұлттар Қазақстан аумағына күштеп қоныс аударылды. Депортацияға Грузия, Әзербайжан, Армения, Украина және Кавказ өңірлерінің тұрғындары, сондай-ақ Еділ бойы мен Еділ-Жайық аралығындағы неміс халқы да ілікті. Жалпы, 1937–1944 жылдар аралығында эвакуацияланғандарды қоса есептегенде, Қазақстанға шамамен 1 миллион 740 мың өзге этнос өкілі қоныстанған.

Тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы бұл тек қоныс аудару емес, оның астарында саяси ой бар екенін айтады.

– Қиыр Шығыстағы кәрістерді не үшін көшіргенін білесіз бе? Кеңес Одағы мен Жапония соғыс жағдайында болды. Кәрістер Жапонияны қолдап кетуі мүмкін деген алаңдаушылық болды. Сол себепті оларды Қазақстанға қоныстандырды. Кавказ халықтары да көп қиындық көрді. Олар Германияны қолдап кетуі мүмкін деген қауіп болды. Сол себепті олар Қазақстан аумағына жіберілді. Еділ-Жайық бойындағы неміс автономиясында тұрған неміс халқы да Германияны қолдап кетуі мүмкін деген күдікке байланысты Қазақстандағы ауылдарға көшірілді, - деді. 

Фото: 09.09.1941 ж. Шымкент қорғасын зауытының жұмысшылары мен қызметкерлері майданға жылы киім жинап жатыр/Kazinform

Соғыс жылдарында Қазақстанға тек халық қана емес, өнеркәсіп орындары да жаппай эвакуацияланды. 140-тан астам зауыт пен фабрика кезең-кезеңімен республика аумағына көшірілді. Мұндай ұйымдардың көбі алдымен Алматыға орналасты. Кәсіпорындар негізінен майдан үшін өнім шығарды. Мәселен, эксперименттік-оптикалық шеберхана (Харьковтен Алматыға келген) дүрбілер шығарды, №242 зауыт (Харьков - Алматы) әскери ұшақтарды жөндеді және т.б.

– Қазақстанға келген кәсіпорындар соғыс біткен соң қайтып өз елдеріне көшіп кетті. Ол уақытта қанша кәсіпорынның келіп кеткенін зерттеудің қажеті де жоқ. Қазақ халқына оның пайдасы болған жоқ. Бәрі тек сол сұрапыл соғыс үшін қызмет етті. Сол кезеңде майдандағы әр оқтың тоғысы қазақ даласынан шықты деп те мақтанып қажет емес, - деді ол.

Қазақ қаһармандары

Жеңіс жолында жанын аямай, қолына қару алып жаумен шайқасқан талай ата-бабамыз бар. Бауыржан Момышұлы, Сұлтан Баймағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев, Еркін Әбдіров сынды батырлардың әрқайсының ерлігі мен күрес жолы бір-бір кітапқа жүк болатын тарих.

Фото: Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, панфиловшы, жазушы, полковник Бауыржан Момышұлы (сол жақта). 1941 ж/Kazinform

Қаһармандарымыз туған жерін қорғап қана қоймай, Мәскеу түбінде кеудесін оққа тосып, Отанды азат ету жолында жанқиярлықпен шайқасты. Мергендігімен жаудың бетін қайтарып, майдан даласында ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Қазақ сарбаздарының арасында бір өзі жүздеген жау әскерінің көзін жойған мергендер де аз болған жоқ.

– Майдан даласында талай жауынгеріміз өз мергендігімен жеңіске үлес қосты. Қазақ халқы ежелден мерген, аңшы халық. Кең далада компассыз, ешқандай құралсыз-ақ бағытты таба білген, жануарларды ізінен таныған. Көзі қырағы болған. Есімде нақты жоқ, бірақ бір неміс немесе америкалық саяхатшы қазақ даласына келгені айтылады. Ол ауылдың екі адамын ертіп, жер аралаған. Сол кезде бір қазақ кенеттен «ана жақтан екі атты келе жатыр» деген екен. Саяхатшы айналада ешқандай дыбыс та, белгі де жоқ екенін айтып, оған сенбеген. Олар тоқтап, ас ішіп отырған кезде біраз уақыттан соң аттың дүбірі естіле бастаған. Кейін шынымен екі аттының келе жатқаны байқалыпты. Сонда саяхатшы қазақ халқының қырағылығына таңғалған екен. Күндіз-түні кең далада өмір сүргендіктен, қазақ халқы жолдан жаңылмай, бағытынан адаспайтын болған, - деді Сұлтан Хан Аққұлы.

Фото: 8-ші Панфилов дивизиясының гвардияшылары майдан жаңалықтарын тыңдап тұр/Kazinform

Екінші дүниежүзілік соғыста талай тағдыр тәлкекке түсті. Оның пайдасы мен зияны туралы, майданға жіберілген көмек пен қолдау жөнінде тізбектей берсек, ұзақ айтуға болады. Алайда, ең бастысы – Жеңіс жолында жанын қиған қазақ батырларының ерлігі. Бүгінде елімізге қажеті – өткенді жырлау емес, соғыс жылдарындағы шынайы тарихты ұлттық мүдде тұрғысынан қайта зерделеу.