Жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтардың 59 пайызы жерді өз бетімен иеленіп алуға байланысты - Ө. Өзбеков

АСТАНА. Маусымның 29-ы.  ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2008 жылы республика бойынша өңіраралық жер инспекцияларының өкілдері жер заңнамаларының орындалуына қатысты шаруашылық субъектілеріне 4,7 мыңға жуық тексеру жүргізді.

Оның барысында 2,4 мың жер заңнамасын бұзу әрекеттері анықталды. Бұл деректерді бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Тексерулер барысында 2,3 мың жер заңнамасын бұзу әрекеті бойынша 133 млн. теңге айыппұл салынып, тиісті әкімшілік шаралар қолданылған. 89 факті бойынша тиісті ескертулер жасалып, заң бұзушылықтардың жалпы санының 1 мыңнан астамы жер инспекцияларының қолданған шаралары негізінде жойылған.

 «Ал 501 заңсыз әрекеттер бойынша жинақталған материалдар сот органдарына жолданды. Жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтарды талдау жұмыстары жерді өз бетімен меншіктеп алу фактілері 59 пайызды, ал берілген жерді тиісті мақсатқа пайдаланбау 17 пайызды құрады», - деді агенттік төрағасы.

 Сонымен қатар, өткен жылдан бері жер инспекциялары мен жергілікті атқарушы органдар жер қатынастары саласындағы шешімдердің заңдылығына 165 тексеру жүргізіп, 830 заң бұзу фактілері анықталған. Оның 730 бойынша әкімшіліктерге  нұсқаулар берілген. Ал 98 әрекет бойынша тиісті шешімдердің күшін жою туралы сот органдарына талап-арыз жолданды.