«Жер сатылмайды, жалға беріледі» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 10 қараша, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, «Шахтер» футбол клубының төбесінен төнген қорғасын бұлт қоюлана түсті. Күні кеше ғана елімізде көш бастаған, тіпті, Кәрі құрлықтың төрінде кәріне мінген команданың бүгінгі сықпыты кісі аяғандай. Еліміздің екі мәрте чемпионының биылғы маусымдағы өнеріне қарап отырып, «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей», деген хакім Абайдың сөзі еске түседі. Иә, ұжымның ұнжырғасы түсіп, бұлайша жер бауырлап қалуына себепші болған - қарын аштырған қайран қаржы...

«Шахтер» футбол клубы ойын­шы­­­лар­ының облыс әкімі Нұрмұ­хамбет Әбдібеков пен об­лыс­­тық дене шынықтыру және спорт басқар­масы­ның басшысы Наталья Сухо­ру­кованың атына етектей етіп хат жазғаны елге мәлім болды. Хаттың қысқаша маз­мұнына келсек, футбол басшылығы өзінің ойыншылары мен қызметкерлерінің алдында қарызға белшеден батыпты.

Нақтырақ айтар болсақ, жылдың соңына дейін клуб қызметкерлерінің алдындағы еңбекақы қарызын жабу үшін аз да емес, көп те емес - 700 мил­лион теңге қажет екен. Ал енді, шындықтың бе­тіне тіке қарайтын болсақ, жыл аяғына дейін мұнша қаржыны табу дегеніңіз буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей.

Бұдан бөлек, «Шах­тер­дің» келесі жылға облыс әкімдігінен сұрап отырған қаржысы 900 миллион теңгені құрайды. Бұл ақша бөліне қалған күннің өзінде 700 миллионы қарызды жабуға кетеді екен. Сонда, 2016 жылғы маусымда қалған 200 миллион теңгеге (АҚШ ақшасына шаққанда жобамен 707 мың 463 доллар) еліміздің премьер-лигасында «күн көру» тіпті де мүмкін емес, деп отыр мамандар. Бұл туралы «Шахтердің» мәселесі шешіле ме?» деген мақалада толық берілген.

Бас басылымда «Жер сатылмайды, жалға беріледі» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп, осыған қатысты түзетулер енгізілген заң туралы айтты.

Еліміздің жер қорларын түгендеп, қанша бөлігі қандай мақсатқа пайдаланылатынын түгендеп шыққан ведомство басшысының орынбасары, ауыл шаруашылығының қажетін өтеп келе жатқан жер қорларының жалпы жағдайына тоқталып өтті. Оның сөзін назарға алар болсақ, қазақстандықтардың көпшілігі Жер-анамен дұрыс жұмыс істемей отыр. Жердің жағдайын ойлап, жаңа технология енгізіп жатқандар мен пайдалы тыңайтқыштарды уақтылы пайдаланатындардың саны аз. Осының салдарынан құйқалы жерлердің сапасы соңғы 15-20 жылда кәдімгідей нашарлай бастаған. Мұны ойлап, ертеңгі ырыздығының күйіне бас қатырмаған шаруаларды тәртіпке шақыру мақсатында Үкімет тиісті заңды заманға сай жетілдіріп, бірқатар баптарына түзетулер енгізіпті. Қазіргі таңда бұл заңды Мәжіліс пен Сенат мақұлдап та қойыпты. Соған қарағанда, жаңарған заң жерді пайдаланатын барлық тарапқа да тиімді болғаны. Осыны жеткізген вице-министр бірнеше өзекті мәселенің бетін ашты.

Мәселен, Қазақстанда пайдала­ныл­маған ауылшаруашылық жерлер көлемі 7,3 млн. гектарды құрайды екен. «Қазақстанда егістік жерлердің көлемі 24 млн. 268 мың гектар, тыңайған жерлер 2,5 млн. гектар, шабындықтар 2 млн. гектар, жайылым жерлер 66,2 млн. гектар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2012-2014 жылдар аралығында инвентаризация өтті. Яғни ауыл шаруашылығына қарайтын жерлер түгенделіп шықты. Оның ішінде жердің сапасы қандай, қанша субъектілер пайдаланылмай босқа тұр. Осының барлығы тәптіштелді. Ең өкініштісі, 15-20 жылдың ішінде жердің сапасы төмендей бас­тады. Елбасының жерлерді қалпына келтіру, жақсарту туралы тапсырмасы бойынша Үкімет жұмыс істеп жатыр. Атап айтарлығы, 2007 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүйелі жұмысының арқасында минералды тыңайтқыштар енгізілген ауылшаруашылық алқаптары жыл сайын арта бастады. Бірақ, әлі көңіл толатындай жағдайға жете қойған жоқпыз. Осы мәселелер Үкіметтің басты назарында тұр», деді Қ.Өскенбаев.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанда «мал шаруа­шылығының өнімділігі де, өсімдік шаруашылығындағы түсімділік те әлемдік көрсеткіштерден артта қалуда». Кеше Мәжілісте өткен «Үкімет сағатында» Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай деді. «Айталық, Қазақстанда бір ірі қара мал басының тірідей орташа салмағы 300 келі, ал АҚШ, Канада және Германия сияқты елдерде бұл көрсеткіш 500 келіден асады. Қазақстанда бір сиырдан, орташа алғанда, жылына 2,2 мың литр сүт сауылады. АҚШ-та бұл көлем - 8,6 мың, Канадада - 7,8 мың, Германияда - 6,7 мың, тіпті көрші Ресейде - 3,5 мың литр» деді министр.

Қазақстанның бір мақтанышы - ас­тық. Ол туралы АШМ басшысы не дейді? «Елімізде бидайдың түсімділігі - әр гектар­дан 10,8 центнерден айналады. Енді салыстырыңыз: АҚШ-та - 31,7 центнер, Канадада - 35,9 центнер, ал мына Ресейде 22,3 центнерден келеді! Қазақстанда жүгерінің түсімділігі - 52,8 ц/га. Ал АҚШ-та - 99,7; Канадада - 95,9; Ресейде - 60,1 центнер» дейді Асылжан Мамытбеков. Былайғы жұртқа мұндай «кері кету­ші­ліктің» себебі түсініксіз. Өйткені саланы қолдауға жұмсалып жатқан ел қаржысы­ның көлемі жыл сайын еселеп артуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дере­гінше, мемлекеттік қолдау 2008 жылы 41,4 миллиард теңге болса, биылғы 2015 жылы ол 177,4 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Осы жайында « Субсидия жүйесі сұғанақтардан арылуға тиіс» атты мақаладан толық оқи аласыздар.

Осы газетте «Жердің иесі кім?» деген мақала басылды. Гузел Сағынтаеваның өзіне тиесілі жер телімін ала алмай, оған қол сұққандармен дауласып жүргеніне 9 ай болыпты. Одан бері бірнеше сот өтсе де тұшымды шешім қабылданбаған. Сот жерге таласушы екі тарап­ты да жер учаскесінің заңды иесі деп танып отыр. Оған қоса, шағымданушы екінші тараптан жәбір көріп жүргенін айтты.

Гүзелдің айтуынша, 2007 жылы ата-анасының көмегімен Ал­ма­тының Қарасай ауданынан, Нұрлытау ауылынан жер учаскесін алған. Оған кадастр нөмірі де берілген. Бастысы, барлық құжаттар мінсіз бол­ған. Бірақ даудың басы - ауданды басқа аумаққа ауыстыруға байланысты жердің құжаттарын қайта рәсімдеуге алып барған кезде басталған. «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орта­лығындағылар» бұл жердің Евгения Құл­маханова есімді мен­шікті иесі бар екенін жеткізген. Ал ол Шайбай Құлмахановтың жұбайы. - Шайбай Құлмаханов жергілікті аудан әкімі А.Дәренбаев­тың шешімімен маған тиесілі жердің құжаттарын қайта рә­сімдеген. Бұл ағасы Шалбай Құлмаханов облыс әкімі болып тұр­ған кезінде жасалған. Олар жергілікті атқарушы органдардың көмегімен жаңа кадастр нөмірлерін иемденіп алған. Шайбай Шалбай Құлмахановтың інісі екенін және бәрі қолында тұр­ға­нын бірнеше рет айтты, - дейді Гүзел. - Шайбай Құлмаханов рейдерлік жолмен менің мүлкімді тартып ал­ғанмен қоймай, егер бұл жер телімінде құрылыс жұмыстарын жалғас­тыра беретін болсам, жаза қолданатындығымен сес көрсетуде. Ол әкімшілік ресурстарын пайдаланып, менің отбасыма қысым көрсетіп жатыр. Құлмахановтың «учаскесіндегі» үш ағашты кесіп тас­тады де­ген жалған айыппен, бізді аудандық ішкі істер бөліміне шақыртты. Шайбай Құлмаханов арызында қылмыстық іс қоз­ғауды сұраған. Соған байланысты маған түсініктеме жазуға тура келді, - дейді. Оқиға былай өрбіген, Бостандық аудандық сотының төрешісі Г.Талапова Гүзелдің жылжымайтын мүліктің сатып алу-сату шартын және оның мемлекеттік тіркеуін заңды емес деп та­нуын, жер телімінің жекеменшігі құқығы актын және оның мемлекеттік тіркеуін заңсыз деп табуын, жер телімін Құлма­хановтардың пайдалануы бойынша кедергілерді жоюды талап ететін арызы бойынша осы жылдың 30 мау­сымында қарсы тараптың арызына сүйеніп, Құлмахановтардың пайдасына шешім шығарған. Ал шағымданушы тараптың дәлелдерін жоққа шығарған. Бұдан кейін шағымданушы Алматы қалалық соты­ның Кассациялық алқасына апелляциялық шағым түсірген. Алайда сот төрешісі Қожаханова барлық дәлелдерді ескере отырып, екі тараптың да құқық белгілеуші құжаттарын заңды деп тапқан. Шағымданушыны мұндай шешім таңғалдырып отыр. Ендігі жағдайда не істеріп білмей аң-таң.

***

Бір айда Оралда 3 адам өзіне қол жұмсап, өмірін қиған, деп жазады «Экспресс-К» газеті «Мост в никуда» атты материалында. Басылымның атап өтуінше, 15 жасар қыз, 14 жасар бозбала және егде жастағы ер адам құрбан болған. Бұл кісі автобус паркі аумағындағы жол өтпесінен секіріп, өмірін қиды. Оның бұндай қадамға баруының себептері анықталуда. Одан табылған бір тілім қағазда аты-жөні және «Тірілте көрмеңдер!» деген жазылған.