«Жер шетелдіктерге сатылған емес, сатылып жатқан жоқ, сатылмайды да» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 29 сәуір, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің сұхбаты жарияланып отыр.

Білім беру жүйесі - сынға көп ұшырайтын саланың бірі және онда болып жатқан реформалар ауыртпалықсыз өткен емес. Осы жылғы наурызда Қазақстанда «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Бес күндік оқу аптасының енгізілуі, білім берудің үштілді жүйесіне көшу және оқу жылының ұзартылуы сияқты өзгерістердің бәрі білім беру мазмұнын жаңартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламада қарастырылған.

- 80-ші жылдардың ортасында көптеген дамыған елдер білім берудің жаңа үлгісіне көшу туралы қорытындыға келді. Ол, әсіресе, білімнің сапалық көрсеткішіне, функционалдық сауаттылығына негізделуі тиіс болды. Яғни, адамның білімділігі емес, қаншалықты біліп істейтін бесаспаптығы және алған білімін күнделікті өмірде қалай қолдана алатындығы алға шықты. 1988 жылдан бастап Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері бірінен соң бірі мектептерде білім берудің жаңартылған үрдісіне көше бастады. Бұл үдеріс 90-шы жылдардың ортасына қарай аяқталды. 1997 жылы жоғарыда айтылған елдер жаңартылған мазмұнды бағамдаудың бірыңғай стандарты туралы шешім қабылдады, ол - PISA деп аталады. Осылайша, Қазақстан аталмыш стандартпен 2009, 2012 және 2015 жылдары еліміздегі бірқатар мектептерде білім сапасын анықтауға кіріскен болатын. Ал биылғы жылы 1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде 1-сыныптан осы стандарт жүйесі енгізіле бастайды. Оған толық көшу төрт жыл ауқымында жүзеге асады деп жобаланып отыр», - дейді министр жауаптарының бірінде. Сұхбаттың толық нұсқасын «Жаңа бағдарлама, жақсартылған мазмұн» атты материалдан таба аласыздар.

***

«Айқын» басылымында ірі мемлекет қайраткерлерінің, жеке бизнес басшыларының жерді жалға беруге қатысты пікірлері жарияланды.

«Ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру бұл саланың дамуына аса қуатты серпін береді», - дейді профессор, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім. - Заңның жаңа нормалары агроөнеркәсіп саласының, фермерлердің, шаруа қожалықтар жұмысшыларының қатысуымен талқыланған және ол ауыл мүддесін қорғаудан туындаған.

Жер шетелдіктерге САТЫЛҒАН ЕМЕС, САТЫЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚ, САТЫЛМАЙДЫ ДА. Шетелдіктер жер телімдерін тек қана шектеулі мерзімге жалға ала алады. Сонымен бірге Үкімет шетелдіктерге уақытша жалға берілуі мүмкін жер телімдерінің ауқымына шек­теу қояды. Жерді тиімсіз пайдалану фактісі анықталған жағдайда оны мәжбүрлеп қайтарып алуға дейін баратын қатаң әкімшілік шаралар қолданылатын болады».

Оның айтуынша, тек Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының ғана ауыл­шаруашылық мақсаттағы жерлерге жекеменшік құқығы бар. Өз жерімізге иелік ету құқығы тек қана Қазақстан халқына тиесілі. Бұл - мызғымайтын қағидат және біздің мемлекетіміздің нақты ұстанымы.

Шаруа қожалығының басшысы Рүстем Досжанов болса, ауыл шаруашылық жерлері пайдаланылмай құр босқа жатыр, ертең оның құнары кетіп, тұралап алуы ықтимал екендігін айтуда.

- Жер шетелдіктерге сатылмайды, ол шаруашылығымызды дамыту үшін бізге - шаруалар мен фермерлерге сатылады. Мысалы, мені алайықшы. Жерім болмаған соң, шаруашылығымды кеңейте алмай отыр­мын. Ал егер ертең жерді сатып алсам, мы­салға 2 мың гектар жерді сатып алсам, мал басын көбейтуге мүмкіндік болар еді», - деді ол.

Толығырақ, «Жер шетелдіктерге САТЫЛҒАН ЕМЕС, САТЫЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚ, САТЫЛМАЙДЫ ДА» атты мақаладан оқуға болады.

***

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Асылай Сейтенова ағылшын жазушысы Джоан Роулингтің көп сериялы кітаптарының бірі «Гарри Поттер және философиялық тас» кітабын қазақ тіліне аударды. Әзірше сиқыршы туралы танымал кітаптың төрт тарауы аударылған. Алдағы уақытта «Гарри Поттердің барлық таралымын қазақ тілінде оқи аламыз ба, жоқ па?» оны Асылай мен оның бұл жобадағы жетекшісі, ағылшын тілінің мұғалімі Ақбота Әбішовадан «Айқын» газеті сұрап білген.

«Мұндағы мақсат - шетел азаматтарына қазақ тілін меңгеруге арнайы оқулық дайындау болды. Өйткені біздің мектепте де қазақ тілін меңгергісі келетін шетел мұғалімдері бар. Ал менің мақсатым - ағылшын тілінің мұғалімі болғандықтан, ағылшын тілі бойынша оқушының қабілетін арттыру», - дейді А. Әбішова «Сұраныс болса, «Гарри Поттер» толық аударылады» атты материалда. - Асылай - 10-сынып оқушысы, ал мен мұғаліммін. Сондықтан өз жұмысымыздан босамауымыз ықтимал. Алғашында бізде қазақ аудиториясы арасында бұл кітапқа сұраныс бола ма, жоқ па деген ой болды. Кітапты толық аудару туралы ештеңе айта алмаймыз. Өйткені ол талқыланатын нәрсе. Егер оқырман дұрыс қабылдап жатса, бірінші томын толығымен қазақ­шалауымыз мүмкін. Бұл жобаны қолға алғанда мектептің тіл мамандарымен де ақылдастық. Қазір аударылған төрт тарау ғаламторға салынды, жобаға арналып бір данасы шықты. Жақында тағы бір данасы шығады. Бірақ ол әлі де суреттермен түрлендіріледі. Кітаптың соңына глоссарий қосқымыз келеді. Ол жерде қазақ сөздерінің қазақша-ағылшынша аудармасы болады».

***

«Қазақ спортында қалыптасқан теріс дәстүр - легионер» атты тақырыппен «Түркістан» басылымында спортсүйер қауым үшін елең еткізер мақала жарияланып отыр. Материал қазіргі спорт саласында кең етек жайып тұрған «легионер шақырту» құбылысы жайлы. Талай әңгімеге арқау болған легионерлер мәселесі таяуда Парламент Мәжілісінде сөз болыпты.

Әрине, шет мемлекеттерден спортшылар шақыру әлемдік спорт саласында қалыптасқан құбылыс. Қазір сырттан легионерлерді тарту ешкімге де таңсық емес. Алайда біздің елімізде легионерлерге көрсетілетін «құрметтің» тым жоғары болуы халық қалаулыларының да ашуын туғызған тәрізді.

Парламент Мәжілісінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен өткен Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев «легионерлердің жалақысын реттеу керек» деп кесіп айтты. «Кеше Семейде Қазақстан чемпионаты аяқталды, оған 350-ге тарта қазақстандық спортшы қатысты. Оған дейін бір апта бұрын Қарағандыда «Nomad ММА» чемпионаты да өткен болатын. Осының бәріне бір тиын да мемлекеттік қолдау болған жоқ. Ал енді басқа спорт түрлерін қарап көрейікші: мәселен, Аршавинге миллион доллардан астам жалақы төленгелі отыр. Жылына миллион доллардан асады. Айына 30 мың доллар алатын легионерлер бар. Ал бізге осындай футбол керек пе? Бұл қаражат неге балалар спортына жолданбайды», - деген ойын білдірді депутат министрге қарата.

«Халық қалаулылары легионерлерге төленетін жалақыны ретке келтіру арқылы балалар спортына қаржы бөліп, ауылдағы спортты дамытуды қолға алу қажеттігін тілге тиек етті. Бұл мәселе биік мінберден бірінші рет естіліп жатқан жоқ. Бұған дейін де спорттағы легионерлер мәселесін депутаттар талай рет қозғаған. Бірақ «баяғы жартас - сол жартас». Легионерлер мәселесін байыппен қарауға министрлік те, жауапты сала мамандары да құлықсыз секілді. Қыруар қаржыны шығындап шетелден легионерлерді әкелгеннен гөрі өз спортшыларымызды тәрбиелеген әлдеқайда тиімді екендігіне лауазымды жандарды әлі де сендіре алмай келеміз», - делінеді мақалада.

***

Британдық миллионер Шодже Шоджаиге 12 жыл бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Ол өз үйінде 9 модель қызды секс-құлдықта ұстады деп күдіктелуде, оның ішінде бір қазақстандық қыз да бар, деп жазады «Экспресс К» газеті.

Жан түршігерлік оқиға екі жыл бұрын жария болды. Лондонның модельдер мектебінің бірнеше студенттері мұнай магнаты Шоджа Шоджаи оларды өзінің вилласына арлдап-арбап, кейін қамап қойғандығын айтып шағымданған.

«Ол жас қыздарға фэшн-индустрияның есігін ашамын деп уәде берген және Коста-дель-Соль курортында қонақтап қайтуды ұсынған. Сұлу қыздар келісімін береді, алайда Испанияға келісімен қақпанға түсіп отырған. Кейін ол оларды үйінен шығармай, әрдайым зорлап отырған. Нәтижесінде қыздар Шоджаиге 7 бала туып берген», - делінген «ГАРЕМыки горемычные» атты мақалада.