Жер телімін заңсыз басып алу «төтенше оқиға» ретінде қарастырылуы тиіс - Үкімет аптасы

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Осы аптада Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петерборға сапарлаған еліміздің Премьер-Министрі Серік Ахметов онда Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы елдері Үкімет басшыларының отырысына қатысып қайтты.

Қазақстан, Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Украинаның Үкімет басшылары бас қосқан алқалы жиыннан бұрын С.Ахметов армениялық және ресейлік әріптестерімен екіжақты кездесулер өткізіп, екіжақты һәм көпжақты мәселелерді талқыға салды. Ал жиын барысында негізінен түрлі саладағы ынтымақтастықты дамытудың кең ауқымды мәселелері жан-жақты талқыға түсті. Сонымен қатар Үкімет басшылары салалық ынтымақтастықтың бірқатар органдарының қызметін қарап, ТМД аясында өзара іс-әрекетке қатысты ұйымдастырушылық, бюджеттік-қаржылық және басқа да мәселелерге орай келіссөздер жүргізді. Жиын қорытындысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, денсаулық сақтау, кедендік статистика, энергетика салаларын қамтыған 27 құжатқа қол қойылды. Сондай-ақ ТМД Үкімет басшыларының келесі отырысы 2014 жылдың 30 мамырында Киевте өтетіндігі белгілі болды.

Жер телімін заңсыз басып алу «төтенше оқиға» ретінде қарастырылуы тиіс

Елімізде ауыл шаруашылығы мен жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жерлерді түгендеу жұмыстары осыдан екі жыл бұрын қолға алынған болатын. Осы аптада Үкімет басшысы Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Министрлер кабинетінің кезекті отырысында осы мәселемен қатар халықты таза сумен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру барысы кеңінен талқыға түсті. Айта кетерлігі, аталған 2 мәселе бойынша да таяуда ғана Өңірлік даму министрлігінің тізгінін ұстаған Болат Жәмішев баяндама жасады.

Жалпы, келер жылдың соңына дейін жер түгендеу жұмыстары толығымен тәмамдалуы тиіс. Ал, Атыраудан Алтайға, Сарыарқадан Алатауға дейін созылып жатқан ұланғайыр жерімізді не бәрі 3 жылдың ішінде түгендеп шығу жұмыстарының қиын екендігін ескерсек, Б.Жәмішевтің мойнына артылған жүктің жеңіл еместігі түсінікті. Десек те, министрдің баяндамасынан осы уақытқа дейін біраз жұмыстардың тыңғылықты атқарылғанын байқадық. Мәселен, Қазақстандағы шаруашылық айналымындағы 90 млн. гектар жердің 30,6 млн. гектарына өткен жылдың ішінде ғана түгендеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Нақты айтқанда, 7004 шаруашылық субъектілеріне тиесілі 3,1 млн. гектар жердің пайдаланылмай жатқандығы белгілі болған. Оның 400 мың гектары егістік алқаптары. Ал ағымдағы жылғы түгендеу жұмыстарының нақты нәтижесі келесі айдың ішінде жария етілетін болады. Дегенмен алдын ала мәліметтерге қарағанда, 4440 субъекті 2,5 млн. гектар жерді пайдаланбай отырса, оның 313 мың гектары егістік алқабы, ал 13,3 мың гектары суармалы жерлер. «2013 жылғы түгендеу нәтижелеріне сәйкес жердің пайдаланылмау себептері толық талданады. Қорытындысында тиісті шаралар қабылданып, нұсқамалар әзірленеді», - деді Б.Жәмішев.

Келесі кезекте жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелеріне қатысты жайтқа тоқталған миинстрдің атап өтуінше, берілген жердің жалпы саны 379 мыңға жетіп отыр. Ал оның 305 мың учаскесі түгенделген. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелерін 2012 жылғы түгендеу нәтижелері бойынша 44031 пайдаланылмайтын жер учаскелері анықталды. Мемлекет меншігіне көлемі 1750,5 га 17232 жер учаскесі қайтарылды. Оның ішінде көлемі 1,56 мың гектардағы 16,35 мың учаске - жергілікті атқарушы органдардың шешімдерінің күшін жою және жалдау шарттарын бұзу арқылы, 365 учаскеден (38,6 га) - ерікті түрде бас тартылыпты, сондай-ақ, 514 учаске (47,9 га) - сот органдарының шешімі бойынша қайтарылған.

Бірінші мәселені түйіндеген Серік Ахметов жерді заңсыз басып алу мәселесіне ерекше тоқталып, мұндай жайтты төтенше оқиға ретінде бағалау қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ Астанадан 30 шақырым төңіректе орналасқан ауылдық елді мекендердің келбетін жақсарту мәселесін ерекше атап өткен Үкімет басшысы: Біз Астанадан 30 шақырым төңіректегі елді мекендердің қандай екенін білеміз. Оның барлығы да біздің елордамыздың келбетіне сай келуі тиіс. Осылайша, біз жеке тұрғын үй құрылысына қатысты кезекте тұрғандардың Астана қаласындағы жүктелімін төмендете аламыз», - деді.

Елімізде 153 ауыл әлі күнге ауыз суды тасып ішеді

Келесі мәселеге қатысты сөз алған Өңірлік даму министрі: «Бүгінгі күні республика бойынша 153 ауыл жеткізілетін суды пайдаланады. Ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды және су бұруды талдау жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүйелі тәсілдің жоқтығын көрсетіп отыр. Сонымен бірге әкімдіктерде сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне қолжетімділік бойынша дұрыс ақпарат, нақты есеп жоқ екенін атап айту керек. Бағдарламаның орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі жоспарлы көрсеткіштеріне қолжеткізу үшін жыл сайын ауылдық елді мекендерде 329 жаңа құрылыс жобасын, су бұру бойынша 137 жаңа құрылыс жобасын іске асыру қажет», - деді.

Дегенмен, Б.Жәмішевтің сөзіне қарағанда, өңірлер 2014 жылға барлығы 89 жаңа құрылыс жобасын ұсынып, 68 жобаға қолдау көрсетілген. Өкінішке орай жылына 44 жобаны жүзеге асыруы тиісті Павлодар облысы болса, келер жылға бірде-бір жаңа құрылыс жобасына өтінім бере алмады. Мұндай ахуал еліміздің басқа да облыстарында орын алып отыр. Бұл ретте ведомство басшысының алға тартқан жерасты су қорларын қайта бағалау, барлау және растау жөніндегі кестеден артта қалу, топтық магистральдық су құбырларын салу және қайта жаңарту мерзімдерінің ұзаққа созылуы, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаржылық қаражатты жеткіліксіз бөлуі сынды себептер жұмысты жандандыруға өз кедергісін келтіріп отырған көрінеді.

Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр Өңірлік даму министрлігіне, облыс әкімдеріне жыл қорытындысында осы бағдарлама аясында қарастырылған жобаларда олқылықтар жіберген және қаржыны игермеген жауапты тұлғаларды жазаға тарту туралы ұсыныс енгізуді тапсырды.