Жергілікті полиция қызметкерлері зейнеткерге ұрланған медальдарын қайтарып берді - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Теректі аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметкерлері зейнеткерге ұрланған медальдарын қайтарып берді.

БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 25 қаңтар күні белгісіз біреудің Подстепный ауылында тұратын 67 жасар зейнеткердің еңбектегі табыстары үшін алған алты бірдей мерекелік медалін жымқырып кеткені белгілі болды. Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ол Зеленов ауданында тұратын 33 жасар әйел болып шықты.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабы 1-бөліміне (ұрлық) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, қаңтар айында жаңадан құрылған жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясы да қарқынды жұмыс жасауда. Осы орайда, әсіресе, жол қауіпсіздігін сақтауға, жол-көлік оқиғасынан кейін бой тасалаған жүргізушілерді іздестіруге баса көңіл бөлінуде. Мысалы, қаңтар айында Орал қаласындағы Шолохов пен Штыб көшелерінің қиылысында белгісіз жүргізуші автокөлігімен «Тойота Королла» автокөлігімен соқтығысуға жол беріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Жергілікті полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен уақтылы іздестіруі нәтижесінде «Хундай-Соната» автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, оған Орал қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен оқиға орнын тастап кеткені үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 611-бабы 3-бөліміне сәйкес, 100 АЕК, жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін 610-баптың 3-бөліміне сәйкес 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұдан кейін де дәл сондай құқықбұзушылыққа барған тағы бір жүргізуші ізі суымай қолға түсті. Ал көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, «Опель Вектра» автокөлігінің руліне отырып, жол-көлік оқиғасын жасап, бой тасалаған жүргізуші 30 тәулікке қамалып, оған қоса 20 АЕК көлемінде айыппұл «арқалады».
Жалпы, жергілікті полиция өз қызметіне кіріскеннен бері оқиға орнын тастап кеткені үшін 34 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соның ішінде екеуі қамауға алынды.
«2016 жылы жергілікті полиция қызметі өз жұмысын жетілдіру және тиімділігін арттыру бағытында шаралар кешенін жүзеге асырмақ. Бұл ретте облыс тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын, көшелер мен қоғамдық орындарда, жолдарда тәртіпті сақтауға ерекше назар аударылуда», деді БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллин.