Жергілікті полиция өз қызметінің нәтижелілігін көрсете бастады - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында құрылған жергілікті полиция өз қызметінің нәтижелілігін қазірдің өзінде көрсете бастады.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жергілікті полиция қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ құқықбұзушылықтарды ашып, олардың жолын кесуге білек сыбана кірісті. Оған мысал, батысқазақстандық жергілікті полиция қызметкерлері бір күнде жасалған екі қарақшылық шабуылдың ізін суытпай ашты. Сағат түнгі 01.00 шамасында бетперде киген белгісіз үшеу Орал қаласындағы Шолохов көшесі бойында орналасқан №5 лицейге еніп, күш қолдана отырып, күзетшінің аузын скотчпен байлап, лицейге тиесілі мүліктерді қолды қылған. Жергілікті полиция қызметкерлерінің ұтқыр іс-әрекеті нәтижесінде көп ұзамай-ақ 20, 26 және 27 жасар күдіктілер ұсталып, ұрланған заттар тәркіленді. Дәл сол күні Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында сағат 16.50 шамасында белгісіз ер адам шағынаудандардың біріндегі «У дома» дүкеніне кіріп, 1988 жылғы С. есімді азаматшаның 100 мың теңге ақшасын жымқырып кеткен. Жәбірленушінің жергілікті полиция қызметіне уақтылы жүгінуі арқасында жарты сағаттың ішінде күдікті анықталып, қолға түсті. Ол сол ауданның 1992 жылғы тұрғыны болып шықты. Ұсталғандардың бәрі уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.

Аталған деректер бойынша ҚР ҚК 192-бабы 2-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.