Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау қалыптасқан жағдайға жүйелі талдау жасап, жатақхана орындарының тапшылығын азайтуға және инфрақұрылымға инвестиция салатын жоғары оқу орындарына салықтық жеңілдіктер қарастыруға бағытталған жеті нақты ұсынысын таныстырды.
Депутат ресми деректерді келтірді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025–2026 оқу жылының басында Қазақстанда 678 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Оның 364,5 мыңы басқа өңірлерден келген. Ресми түрде 115,6 мың студент жатақханаға мұқтаж болса, соның тек 95,3 мыңы ғана орынмен қамтылған. Осылайша, кемінде 20,3 мың студент баспанасыз қалып отыр.
Депутаттың айтуынша, ресми статистика мәселенің шынайы ауқымын толық көрсетпейді. Көптеген студент бірінші курстан кейін-ақ жатақханаға өтініш беруді тоқтатады. Себебі орын алу мүмкін емес екенін түсінеді.
- Ресми көрсеткіштер мен нақты жағдайдың арасында айтарлықтай алшақтық бар. Іс жүзінде көптеген университет екінші немесе үшінші курстан бастап студенттерге баспана мәселесін өз бетінше шешуге қалдырады. Соның салдарынан бірқатар студент жертөлелерде, жартылай жертөле бөлмелерінде, мансардалар мен уақытша құрылыстарда тұруға мәжбүр. Себеп қарапайым: Алматыда эконом санаттағы жалдамалы пәтердің өзі айына 140 – 270 мың теңге тұрады. Бұл көптеген өңірлік отбасылар үшін қолжетімсіз, - деді Нұргүл Тау.
Оның сөзінше, жатақхана мәселесі тікелей білім сапасына әсер етіп отыр. Жалдау ақысын төлеу үшін студенттердің бір бөлігі толық жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл олардың сабаққа қатысуы мен оқу үлгеріміне кері ықпал етеді.
- Жұмыс берушілер толық жұмыс күнін талап етеді. Соның салдарынан көптеген студент сабаққа тұрақты қатыса алмайды. Олар оқуды тастап кетпейді, тек осындай жағдаймен өмір сүруге мәжбүр. Жыл сайын Қазақстанда 60 мыңнан астам жас тұрғын үй мен оқу ақысын таңдау алдында қалады. Нәтижесінде студенттердің өзіне де, отбасына да, жұмыс берушілерге де және жалпы экономикаға да зиян келеді, - деді депутат.
Мәселені шешу үшін Respublica партиясы студенттік тұрғын үй жүйесін кешенді реформалауды ұсынады.
Бірінші, жатақхана орындарын бөлетін бірыңғай ұлттық цифрлық платформаны құру. Ол студенттерге оқуға түсер алдында онлайн өтініш беруге, бос орындарды нақты уақыт режимінде көруге және электронды кезекті бақылауға мүмкіндік береді.
Екінші бағыт - жоғары оқу орындары үшін тиімділік көрсеткіштерін енгізу. Университеттерді лицензиялау және мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде студенттерді жатақханамен қамту деңгейі ескерілмек.
Үшінші бастама жатақхана құрылысы мен оны жаңғыртуға инвестиция салатын жоғары оқу орындарына салықтық жеңілдіктер беруге қатысты.
Жатақханаларды салуға, қайта жаңғыртуға және күрделі жөндеуге бағытталған пайданы корпоративтік табыс салығынан босату, материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға жұмсалатын пайданы салықтан босату ұсынылады. Бұл жеңілдіктердің жалпы көлемі салық салынатын базаның 50%-ына дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар жатақхана салып жатқан жоғары оқу орындарын құрылыс материалдары мен мердігерлік жұмыстарға салынатын қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату қажет.
Ұсыныстардың жеке бір бөлігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға арналған. Депутаттың пікірінше, қолданыстағы бағдарламаларға аудит жүргізіп, бизнес үшін нақты ынталандыру тетіктерін қалыптастыру қажет.
Құрылыс компаниялары үшін салықтық жеңілдіктер енгізу ұсынылады: жатақхана құрылысына ҚҚС бойынша нөлдік мөлшерлеме белгілеу және мүлік салығынан 10 жылға босату. Сондай-ақ, инвесторлардың тәуекелдерін азайту үшін жатақханалардағы орындардың белгілі бір бөлігін мемлекет кепілдендірілген түрде сатып алатын тетік енгізу қажет. Бұдан бөлек, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жылдық 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасының аясын кеңейтіп, жатақхана құрылысын рұқсат етілген жобалар тізіміне енгізу ұсынылады.
Сондай-ақ жатақхана салуға арналған жер учаскелерінің бірыңғай тізілімін қалыптастыру және университеттерге оларды ұзақ мерзімге жеңіл шарттармен жалға беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Әсіресе жатақхана тапшылығы қатты сезілетін Алматы мен Астанаға ерекше назар аударылады.
Алтыншы шара - халықаралық деңгейде кең таралған Purpose-Built Student Accommodation (PBSA) моделін дамыту. Бұл тәсіл студенттік тұрғын үйді тұрақты сұранысы бар және кәсіби басқарылатын инвестициялық актив ретінде қарастырады.
Жетінші бағыт - студенттік тұрғын үйдің ұлттық стандартын әзірлеу. Онда тұру алаңы, санитарлық талаптар, интернет, қауіпсіздік және инфрақұрылым бойынша міндетті талаптар белгіленбек. Ал хостелдер тек уақытша шешім ретінде ғана қарастырылуы тиіс.
Отырыс барысында депутат халықаралық тәжірибеге де тоқталды. АҚШ-та жатақхана құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы және арнайы қаржылық құралдармен дамып келеді. Ұлыбританияда студенттік тұрғын үйдің толыққанды индустриясы қалыптасқан. Сингапур орындарды цифрландыруға және мемлекет пен бизнестің ұзақ мерзімді серіктестігіне сүйенеді. Ресейде мемлекеттік университеттерге жатақхана салатын инвесторларға салықтық жеңілдіктер енгізілген.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар жүйелі шешімдер әзірлеу және жаңа тәсілдер қалыптастыру қажеттігін қолдады.
- Шын мәнінде бүгін біз тек жатақхана туралы ғана айтып отырған жоқпыз. Біз жастардың болашағы туралы айтып отырмыз. Егер бүгін білім алуға жағдай жасамасақ, ертең білікті кадр туралы айтуға моральдық құқығымыз болмайды. Студенттерді баспанамен қамтамасыз ету - жеке адамға көмек емес. Бұл - Қазақстанның болашағына салынған инвестиция, - деп түйіндеді Нұргүл Тау.
Айта кетейік, бұған дейін студенттік жатақханаларда 5000-нан аса орын тапшы екені хабарланды.