«Әділет» партиясы 5 миллион қазақстандықты цифрлық қауіпсіздік пен жасанды интеллект дағдыларына оқытуды ұсынды. «Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы дебат барысында білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу және азаматтардың жеке деректерін қорғауға қатысты жоспарларын таныстырды. Оның айтуынша, партия алдағы бес жыл ішінде оқушыларды, педагогтерді және егде жастағы азаматтарды қамтитын цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған ауқымды жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
Respublica партиясы білім беру жүйесін дамытуға арналған бес бастамасын таныстырды. Құрылтай сайлауына арналған телевизиялық дебатта партия атынан сөз сөйлеген Мейрамгүл Мәдәлі Қазақстанның білім беру саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын ұсынды. Партия шетелдік талапкерлерге арналған цифрлық қабылдау жүйесін енгізуді, халықаралық және қос дипломды бағдарламаларды кеңейтуді, білімнің онлайн экспортын дамытуды, тәуелсіз аккредиттеу жүйесін жетілдіруді және жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін арттыруды ұсынды.
«Ақ жол» партиясының өкілі ұстаздардың жалақысын жыл сайын көтеруді ұсынды. Телевизиялық дебат барысында «Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекей партия бағдарламасының өзегінде ғылым мен инновация тұрғанын айтты. Оның сөзінше, партия адами капиталды дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеген. Сондай-ақ ол ұстаздардың жалақысын жыл сайын инфляция деңгейінен жоғары мөлшерде жүйелі түрде көтеруді ұсынып отырғандарын жеткізді. Дулат Тастекей бұл бастамаларды толық жүзеге асыруға сенім білдірді.
Телевизиялық дебатта ЖСДП өкілі Мақсұт Насибулов тегін жоғары білім беруді популизм деуге болмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жүйе Германия, Норвегия және Финляндияда сәтті жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ ол жоғары білімге қолжетімділік кеңейіп, университетте оқу мүмкіндігі отбасының қаржылық жағдайына ғана тәуелді болмауы тиіс екенін айтты.
«Байтақ» жасылдар партиясының өкілі Аслан Байзахановтың айтуынша, экологиялық мәдениет әр қазақстандықтың өмір салтының бір бөлігіне айналуы керек. Бұл тәрбие бала кезден, яғни балабақшадан басталып, отбасында, жұмыс орнында және мемлекеттік басқару жүйесінде жалғасуы қажет. Оның сөзінше, партия осы бағытта 150 мыңнан астам адамға экологиялық сауаттылық негіздерін үйреткен. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасын табады.
«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалуына бақылауды күшейту қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 2019 жылдан бері бағдарлама аясында 114 мың адам мемлекеттік қолдауға ие болған. Оның ішінде 52 мың азамат тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие алған. Сонымен қатар, соңғы үш жылда 166 қатысушы бағдарлама талаптарын бұзып, мемлекетке 700 миллион теңгеден астам қаражатты қайтаруға міндеттелген. Шахмардан Байманов ауылдық квота арқылы жоғары оқу орындарына түскен түлектер диплом алғаннан кейін туған ауылдарына оралып, сол жерде еңбек етуі тиіс екенін де атап өтті.
ҚХП өкілі Бейбіт Құсайынов партиялар арасындағы телевизиялық дебатта модератордың колледждерді жекеменшік компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру туралы сұрағына жауап берді. Оның айтуынша, елімізде механик, сантехник және басқа да жұмысшы мамандар тапшы. Сонымен қатар, колледж түлектерінің 40 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Керісінше, олар курьер немесе такси жүргізушісі болып еңбек етуге мәжбүр. Бұл – алаңдатарлық жағдай, деді ҚХП өкілі.
Бейбіт Құсайыновтың пікірінше, бұл мәселенің шешімі – колледждерді бейінді жекеменшік компаниялардың басқаруына беру. Оның айтуынша, мұндай тәсіл студенттерге оқу барысында өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде олар колледжді тәмамдағаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.