Жетісуда білім саласы былыққа неге батты

Жетісу облысында әшкере болған жемқорлық қылмысының саны өсіп отыр. Әсіресе, білім саласындағы лауазымды қызметкерлердің бюджет қаржысын жымқыруы жиілеген, деп хабарлайды Kazinform .

Фото: Kazinform

Жалпы, Жетісудағы сыбайлас жемқорлық дауының тамыры тым әріде жатыр деуге болады.

Пандемия кезеңінде оқушылардың қашықтан білім алуына қажетті техникалық жабдықтарды сатып алу барысында өрескел заң бұзу оқиғасы болып, сол кездегі облыстық білім басқармасының басшысы бастаған бір топ шенеунік ұсталған.

Қылмыстық істі құрықтау операциясын Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура және жемқорлыққа қарсы қызметтің бірлескен тобы жүзеге асырған болатын.

Ол іс бойынша облыстық білім басқармасының экс-басшысы Майгүл Омарова, осы басқарманың мемлекеттік сатып алу бөлімінің экс-бас маманы Бақыт Қабдолданова және аймақтық білім саласындағы жаңа технологиялар ғылыми-практикалық орталығының директоры Арапби Меңлібаев қамауға алынған.

Сондай-ақ бюджет қаржысын игеру кезінде заңсыздыққа жол беріп, пара бергені үшін бірнеше жеке кәсіпкердің күдікке ілінгені туралы айтылған-ды.

Аса ірі көлемде пара алды деп айыпталғандар қазір сот шешімен жазасын өтеп жатыр.

Бұл топ облыстық бюджет қаржысына компьютерлік техника сатып алу кезінде жеке кәсіпкермен ауыз жаласып, 37 650 000 теңге қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, жұмсап үлгерген екен.

Ал биыл көктемде Талдықорған қаласы білім бөлімі бас есепшісінің бюджет қаржысын ұрлауына қатысты ақпарат тарап, жұрт жағасын ұстаған.

Бұл жолы білім саласының лауазымды қызметкері 1 млрд теңгеге жуық бюджет қаржысын ұрлағаны анықталған.

Сондай-ақ, Талдықорған қаласы білім бөлімі басшысы қоластындағы қызметкерінің қылмысына көз жұма қарағаны үшін 280 млн теңге көлемінде пара алғаны да әшкереленген еді.

Дәл осы Талдықорған қаласының білім бөліміне қарасты мектептердегі бюджет қаржысының игерілуіне қатысты дау толастар емес.

Жақында сыбайлас жемқорлыққа қатысты күрес департаментінің қызметкерлері кейінгі 3-4 жыл аралығында ғана қала мектептерінде барлығы 4,6 млрд теңгенің қолды болғанын айтады.

Құзырлы орган облыс орталығындағы 29 мектепті тексеріп, нәтижесінде 25 білім ошағынан өрескел заң бұзу фактілерін анықтаған.

Қазір Талдықорғандағы 4 мектеп, атап айтқанда №23 орта мектеп, №24 мамандандырылған лицей, №29 орта мектеп, № 3 Д. Рақышев атындағы мектеп-интернат қана сыбайлас жемқорлықтан ада жалпы білім беретін оқу орындары ретінде абыройлы болып тұр.

- Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Талдықорған қаласының білім бөлімінің бухгалтерлеріне қатысты бюджет қаражатын жүйелі негізде аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр. Күдікті тұлғалар 2020 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде білім беру саласында шың мәнінде жұмыс істемейтің тұлғаларға жалақы төлеу және мектеп қызметкерлерінің жалақысын көтеру арқылы 4,6 млрд.теңге сомасына жымқыру жасады. Қылмыстық іс бойынша 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады, оның ішінде 9-ы соттың санкциясымен қамауда. Бұдан басқа, күдікке тартылған адамдардың ішіндегі 21 адам Талдықорған қаласы білім бөлімінің және 14 орта мектептің бухгалтерлері. Залалды өтеу мақсатында сот санкциясымен 31 жылжымайтын мүлік объектісі, 14 автомашина, зергерлік бұйымдар мен ақшалай қаражат қамауға алынды, сондай-ақ күдікті тұлғалардың жалпы сомасы 3 млрд.теңгеден астам өтеуі жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталуда, - делінген Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі таратқан ресми мәлімдемеде.

Жалпы қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыс жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Ал тергеу амалдарының қорытындысы шыққанға дейін қала бойынша 3 мектеп басшысы өз еркімен жұмыстан шыққан.

Салыстырмалы түрде қарағанда, ұрланған қаржының көлемі жөнінен Б.Сырттанұлы атындағы №25 орта мектеп көш бастап тұр екен.

Бұл мектепте мемлекеттің 299,8 миллион теңгесі қолды болған.

Бұдан бөлек ірі көлемдегі қаржы жымқырған мектептер тізімі жалғаса береді, атап айтқанда С.Мұратбеков атындағы №9 орта орта мектептен 262,8 миллион теңге ұрланса, М.Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейде 165,8 млн теңге, №2 орта мектепте 104,7 млн теңге, №20 мамандандырылған лицейде 64,8 млн теңге, №27 орта мектепте 45 млн теңге, №15 орта мектепте 41,2 млн теңге жымқырылған.

Жалпы, орта есеппен бір айлық жалақы қоры 40 млн теңге болатын мектептерде аударым жүргізу барысында ауытқуға жол берілген 8 мектеп басшысының тәртіптік жауапкершілігі қаралып жатқан көрінеді.

Қаржы жымқырудан қалалық білім бөліміне қарасты ауылдық мектептер де қалыспапты.

Осындай 4 мектептегі есепшілер арқылы ұрланған сома – 1 млрд 208 млн теңгені құраған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдері мемлекеттің білім беруге бағыттаған миллиондарын жымқырған суық қолды жандардың жауапкершіліктен құтылмайтынын айтады.

Демек, Жетісу облысының орталығындағы кішкентай мектептердегі үлкен жемқорлық жағдайы басқаларға сабақ болуы тиіс.

Бұл мәселе қоғам тарапынан да қызу талқыға түсіп, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілердің қатары артып келе жатқанын байқатып отыр.

- Жетісу облысында анықталған сыбайлас жемқорлық фактісі – айсбергтің бізге көрінген бергі жағы ғана болуы мүмкін. Әрине, ол облыстағы «антикордың» жұмысына 5 деген баға қояр едім, аймақтағы фискалды органдардың жұмысы нәтиже бергенін қоғам көрді. Дәл осындай қарқынмен барлық облыстың құзырлы мекемелері жұмысқа кіріссе, білім саласындағы біраз былықтың беті ашылар еді. Бұл жерде тек ұсталған есепшілер мен жұмыстан қуылған директорлардың санына мәз болып, қуанып отыруға болмайды. Сыбайластықтың себебі мен салдарына үңіліп, тамырымен жоюға кірісуіміз керек. Мысалға жемқорлар заң талабының әлсіз тұсын тауып, айналып өтуге тырысады. Тіпті бюджет қаржысын игерудің жолы, механизмінің өзі жемқорлардың ыңғайына қарай жасалғандай болып көрінеді. Екіншіден, жемқорлыққа қатысты жазаның жеңілдігі, кешіріммен, ескертумен, шығынды өтеумен, қызметтен кете қалумен құтылатынына сенген адам ойына келгенін жасай береді. Және бұл мәселені әкімшілік жолмен қадағалап, салаға сыбайластықтан қолы таза адамдардың келуіне мүдделі тараптар үнемі назарда ұстауы тиіс. Қазір білім саласына қажет қаржыны бөлетін облыстық әкімдіктің ұстанымы бір бөлек те, құзіреті оқу үдерісі мен білім сапасын қадағалаудан аспайтын министрліктің ұстанымы бір бөлек. Менің ойымша, білім саласын қаржыландырудың жеке ұлттық операторы анықталып, жұмсалған қаржының есебі Парламент депуттарының алдында талданып, берілуі тиіс. Әйтпесе жер-жерден жемқорлыққа қатысты «бухгалтер ұсталды, директор қамалды» деген ақпараттардың азаймайтыны анық, - дейді қоғам белсендісі, белгілі ұстаз, республикалық «Ағартушы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы.